РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
30 октября 2020 | 12:43

Пандемия басталғалы Денсаулық сақтау министрлігінде қандай ауыс-түйіс болды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Пандемия басталғалы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінде түрлі ауыс-түйіс болды. Осы уақыт ішінде ведомство басшысы да, вице-министрлер мен бас санитар дәрігер де ауысқан. Tengrinews.kz тілшісі пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрлігіндегі барлық ауыс-түйіс туралы баяндайды.


Пандемия басталғалы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінде түрлі ауыс-түйіс болды. Осы уақыт ішінде ведомство басшысы да, вице-министрлер мен бас санитар дәрігер де ауысқан. Tengrinews.kz тілшісі пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрлігіндегі барлық ауыс-түйіс туралы баяндайды.

Денсаулық сақтау министрі

Пандемия кезіндегі ауыс-түйісті министрлік басшысы қызметінен бастайық. Елде коронавирус табылған сәтте денсаулық сақтау министрі қызметін Елжан Біртанов атқарған. Маусымның ортасында Біртанов коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ал он күннен кейін ол отставкаға кетті.

"Бүгін мен Мемлекет басшысынан денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуды сұрадым. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым, пневмония асқынып барады. Осыған байланысты емделуім керек", - деген еді сол кезде экс-министр.


Елжан Біртанов. Фото ©Тұрар Қазанғапов

Біртанов министрлікті 3,5 жыл басқарды.

25 маусымда оның орнына денсаулық сақтау министрі болып Алексей Цой тағайындалды. Бұған дейін ол бірінші вице-министр қызметін атқарған.

Вице-министрлер

Пандемия кезінде денсаулық сақтау министрлігінде бірнеше вице-министр ауысты. Рет-ретімен тоқталайық.

Елімізде коронавирус табылған кезде Камалжан Надыров денсаулық сақтау вице-министрі болған. Ол бұл лауазымда бір жылдан аса уақыт болып, қызметін ауыстырған. Көп ұзамай Надыров коронавирус жұқтырған болатын. Ол Қазақстанда COVID-19 табылған алғашқы шенеуніктердің бірі болды.  


Камалжан Надыров. Фото:primeminister.kz

Ал Надыровтың орнына Людмила Бюрабекова вице-министр болып тағайындалған. Бірақ бұл қызметте ұзақ отырмады. Бес айдан кейін, қыркүйекте отставкаға кетті. Сол кезде басқа қызметке ауысатыны хабарланған, бірақ қазір қандай лауазымда екені белгісіз.


Людмила Бюрабекова

25 маусымда Цой министр болғаннан кейін келесі күні вице-министрлер ауысты. Ләззат Ақтаева өз еркімен қызметінен кеткен. Оның орнына Ажар Ғиният вице-министр қызметін атқарып келеді.


Ажар Ғиният

Сонымен қатар, 26 маусымда бірінші вице-министр де тағайындалды. Бұл лауазымда қазір Марат Шоранов жұмыс істеп жатыр.


Марат Шоранов

Ал таяуда денсаулық сақтау вице-министрлерінің қатары артты. 21 қазанда Әсем Нүсіпова Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысынан вице-министр қызметіне ауысты. Енді ведомствода ол қаржы мәселелерімен жұмыс істейді.


Әсем Нүсіпова. Фото: instagram.com/assem.nussupova

Бас мемлекеттік санитар дәрігер

Пандемия басталғалы елде санитар дәрігерлердің қызметі ерекше бағаланып жатыр. Сондықтан, елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері де ел назарына көп түсті.

Қазақстанда коронавирус анықталған кезде елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин болған. Халық арасында ол "Коронавирус Қазақстанға жақын арада "наконец-то" келеді" деген сөзімен танылған. Ол бұл қызметінен наурызда кеткен еді. Қазір Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің қызметін атқарады.


Жандарбек Бекшин. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Бекшиннен кейін елдің бас санитар дәрігері болып Айжан Есмағамбетова тағайындалды. Бірақ ол бұл қызметте 16 қыркүйекке дейін жұмыс істеді. 14 қазаннан бері ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы қызметін атқарады.


Айжан Есмағамбетова. Фото: gov.kz 

Қазір Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінде Ерлан Қиясов жұмыс істейді. Ол денсаулық сақтау вице-министрі қызметін де атқарады.


Ерлан Қиясов. Фото: primeminister.kz 

Ресми өкіл

Коронавирустың өршуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жиі онлайн-брифинг ұйымдастырады. Мұндай кезде министрліктің ресми өкілдері алдыңғы қатарға шығады.

Пандемия басында министрліктің ресми өкілі болып Диас Ахметшәріп жұмыс істеген. Ол бұл қызметке биыл ақпанда тағайындалған еді. Бірақ оның ведомстводағы карьерасы ұзаққа созылмады. 16 шілдеде қызметінен кеткенін хабарлады.

"Басшылық арыз жаз деді. Жаздық. Ер адамның басынан не келіп, не өтпейді. Хош. Ең алдымен барлық журналист әріптесіме алғыс білдіремін. Талай еңбек атқардыңыздар. Артық кеткен кездерім болса, кешірім сұраймын. Барлық еңбегім - тек халқым үшін", - деп жазды ол сол күні Facebook-парақшасында.


Диас Ахметшәріп 

31 шілдеде оның орнына Бағдат Қожахметов тағайындалды. Ол министрліктің ресми өкілі ретінде бірқатар брифингке қатысты.

Таяуда оның да қызметтен кеткені туралы ақпарат тарады. Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында министрлік өкілдері Қожахметовтің 29 қазанда қызметтен кеткенін растады. 


Бағдат Қожахметов. ©Tengrinews.kz 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети