ПОДЕЛИТЬСЯ
25 февраля 2020 | 10:21
"Ойлануы керек қой" - депутаттар ломбард жарнамалаған жұлдыздар туралы
Елімізде "Гарант 24" және "Estate Ломбард" ломбардтарының қызметі тоқтатылып, оның басшыларына халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстандықтар бұл компаниялардан өз ақшаcын қайтаруды талап етіп отыр. Ал полиция бұл іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Танымал қазақстандықтардың ломбардтарды жарнамалауы да жағдайды ушықтырған. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі бұл мәселе қатысты депутаттардың пікірін білді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Елімізде "Гарант 24" және "Estate Ломбард" ломбардтарының қызметі тоқтатылып, оның басшыларына халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстандықтар бұл компаниялардан өз ақшаcын қайтаруды талап етіп отыр. Ал полиция бұл іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Танымал қазақстандықтардың ломбардтарды жарнамалауы да жағдайды ушықтырған. Осы орайда Тengrinews.kz тілшісі бұл мәселе қатысты депутаттардың пікірін білді.
Мамандар "Гарант 24" және "Estate Ломбард" ломбардтарының қызметінен қаржы пирамидасының белгілері байқалатынын айтады.
"Жауапқа тарту керек"
Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов бұл мәселені заң аясында шешу керек деген пікірде. Қарапайым халықты қанап, пайда тапқысы келгендерді ол жауапқа тарту қажет дейді.
"Жағдайы жақсы адам ломбардқа бармайды. Оған ақшадан қиналған сәтте барады. Яғни баруға мәжбүр болады. Бұл бірінші тарап. Екінші тарап - қызмет көрсетушілер. Яғни қарапайым адамға ақша беріп, үстеме пайызбен пайда тауып отырғандар. Менің ойымша, осыларды жауапкершілікке тарту керек", - дейді депутат.
"Олар сақ болуы қажет"
Сондай-ақ ол қаржы пирамидасын жарнамалаған жұлдыздарға қатысты өз ойын айтты.
"Менің ойымша, танымал адамдар "халықты алдайын" деп жарнама жасамаған шығар. Олар да алданып қалған болуы мүмкін. Танымал адамдар мұндай істе сақ болуы керек. Себебі, олардың жанкүйерлері бар. Жанкүйерлер танымал адамдарға сенеді. Салдарынан олар осындай жағдайдың құрбаны болуы ықтимал", - дейді Шавхат Өтемісов.
Бақытгүл Хаменова да әріптесінің пікірін қолдап, қарапайым тұрғындар амалсыздан ломбардқа баратынын тілге тиек етті.
"Адамдар ломбардқа мұқтаждықтан барады. Қазіргі таңда құзырлы орган тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алданып қалған тұрғындар арнайы органдарға арызын жазып, заң аясында мәселені шешуі қажет", - дейді мәжіліс депутаты.
"Әбестік болар еді"
Оның пікірінше, бұл жағдайда жұлдыздарды кінәлаудың қажеті жоқ.
"Танымал адамдар алаяқтардың құрбаны болғанын байқамаған шығар. Менің ойымша, бұл жағдайда оларды қаралау әбестік болар еді", - дейді Бақытгүл Хаменова.
"Жай насихаттамаған шығар"
Ал сенат депутаты Мұрат Бақиярұлы ломбард кез келген жағдайда пайда табуды көздейтінін айтады. Ол "Гарант 24" және "Estate Ломбард" төңірегіндегі даудың анық-қанығын құзырлы органдар анықтайтынын атап өтіп, танымал қазақстандықтардың әрекетіне қатысты жеке пікірін білдірді.
"Менің ойымша, олардың әрекеті дұрыс емес. Олар да жай насихаттамаған шығар. Ломбардтар оларға материалдық тұрғыда бірдеңе берген болуы мүмкін. Бірақ танымал адамдар мұндай әрекетке бармас бұрын ойлануы керек қой", - дейді ол.
Сондай-ақ сенатор қазақстандықтарға кеңес берді.
"Ақшаны еселеу оңай шаруа емес. Адамдар оңай жолмен пайда тапқысы келсе, алаяқтардың құрбаны болуы ықтимал. Сондықтан ақшаны біреуге бермес бұрын жақсылап ойлану керек. Егер артық ақшаңыз болса, балаларыңыздың сапалы білім алуына жұмсаңыз немесе банкке салыңыз", - дейді Мұрат Бақиярұлы.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның бірнеше қаласында "Гарант 24" және "Estate Ломбард" салымшылары өз ақшасын қайтаруды талап еткен. Тәртіп сақшылары "Гарант 24" компаниясына қатысты тексеріс бастағанын хабарлады.
Мамандар "Гарант 24" және "Estate Ломбард" ломбардтарының қызметінен қаржы пирамидасының белгілерін байқаған.
Еске салайық, бұған дейін Атырау, Павлодар, Ақтау, Шығыс Қазақстан облысы, Тараз және Қарағандыдағы "Гарант-24 Ломбард" компаниясының аймақтық филиалдарының басшылары ұсталды. Олардың үстінен "Алаяқтық" және "Қаржы пирамидаларын құру" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар бұл компанияларды жарнамалаған танымал қазақстандықтар мәлімдеме жасағанын, бұл мәселеге қатысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың пікірін жазғанбыз.
Показать комментарии
Читайте также