Балалар әдебиетінің жазушысы, белгілі ақын Қастек Баянбай 84 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Балалар әдебиетінің жазушысы, белгілі ақын Қастек Баянбай 84 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева естіртті.
"Балалар әдебиетінің жазушысы, ұлттық журналистиканың ардагері, белгілі ақын - Қастек Баянбай ағамыздың өмірден озуына байланысты, марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын.
"Бар әдебиеттің бастауы - балалар әдебиеті" деген Қастек ағамыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын балалар әдебиеті жолына арнап, жалынды өлеңдер мен әңгімелер жазды, мазмұнды аудармалар жасады, қазақ журналистикасын дамытуға аянбай еңбек етті.
Ағамыздың мол әдеби мұрасы - тозбас рухани қазына болып, зиялы болмысы - қалың оқырман қауымның мәңгілік есінде сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын!", - деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында.
Қастек Баянбай 1936 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Талдыбұлақ аулында туған. Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1960 жылдан бастап Алакөл аудандық, 1965 жылдан бастап Алматы облыстық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1971-1995 жылдары "Жазушы" баспасында редакция меңгерушісі, "Жалын" баспасында бас редактор қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған "Арғымақ" атты алғашқы жинағы "Жазушы" баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген, орыс, украин, белорус, өзбек, болгар, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.