РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
06 марта 2020 | 11:56

"Не мақсатқа жетемін?". Омар Жәлел қыздарды маркерге теңеген сөзін түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Омар Жәлел. © Жетісу телеарнасының кадры Омар Жәлел. © Жетісу телеарнасының кадры

Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел қыздарды маркерге теңеген сөзін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел қыздарды маркерге теңеген сөзін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Айта кетейік, ғалымның Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен кездесуде айтқан сөзі шу шығарған. Бұл кездесуде Омар Жәлел "қыздар академик болмауы керек, сол академиктерді туу керек" деп мәлімдеген. 

Ғалым өз сөзінің БАҚ-та жарияланғанын көргенін және оның бұрмаланғанын айтты.

"Оқиға былай болған. Сол мектепте кездесу өткіздік. Тақырыбы - "Ұлықты ұл, қылықты қыз". Мен қазақы дүниетаным тұрғысынан сөйледім. Ер баланың мұраты - елге қызмет ету, қыз баланың мұраты - кету, тұрмысқа шығу. Бұл Сырым Датұлының айтқан сөзі: Жол мұраты жету, қыз мұраты кету, сауда мұраты ұту, дау мұраты - бітім. Бұл бұрыннан келе жатқан қағида. Мұны тыңдап отырған аудитория екі түрлі болды. Екі контингент. Қазақ аудиториясы мұны қиындықсыз қабылдады, ал орысша оқитын қыздар "біз неге елге қызмет етуіміз керек?" деп шу шығарды", - дейді ол.

Осыдан кейін қыздардың бұл сұрағына ол қазақтың дүниетанымы адамның жаратылыс мақсатына сүйенетінін айтып жауап бергенін айтты.

"Оны қазақша мұрат дейді. Осыған мысал келтірдім. Кез келген нәрсенің аты бар, заты бар. Сол нәрсе атына заты сай болмаса, оны қолданбай, лақтырып тастаймыз. Мысалға қолымда тұрған маркерді келтіріп, оның аты маркер екенін айттым, заты - жазуы керек. Жазбай қалса, лақтырып жібереміз. Өйткені атына заты сай болмай тұр. Сол сияқты қыз бала да дүниеге келгеннен кейін ол атына заты сай болуы керек. Яғни жаратылыс мақсаты сол, тұрмысқа шығуы керек, ана болып, бала сүюі керек дедім. Бірақ қыздар "Омар аға қыздарды маркер деді", "қолданып, лақтырып тастау керек деді" деп шу шығарып жатыр", - деп түсіндірді Омар Жәлел. 

Ғалым болса қыз балаларды қорлау ойында болмағанын жеткізді.

"Өзіңіз ойлаңызшы, мен қазақтың ел ағасымын. Олар менің қыздарым ғой. Менің қарындастарым. Оларды қорлап, не мұрат табамын? Не мақсатқа жетемін?", - дейді ол.

Сондай-ақ, ғалым жағдайдың бұлай ушығуын екі дүниетанымның шарпысуы деп атады. 

"Бұл жерде қазақи дүниетаным мен батыстық көзқарастың шарпысуы, түсінген адамға. Өйткені қазақи дүниетаным жаратылыс мақсаттарына сүйенеді. Бұл қазақи дүниетаным, менің бұл жерде бірде-бір сөзім жоқ, мен жеткізуші ғанамын. Мен оларға білім алма деп айтқан жоқпын. Мысалы батыс либерал дүниетанымы бойынша, қыз бала тұрмысқа шығу-шықпауды өзі шешеді. Бізде қыз бала өзі шешпейді, қыз бала бізде жаратылысына сай заңдарға, дәстүрге бағынуы керек. Фридрих Ницше "Мәдениет мәжбүрлеуден басталады" дейді. Қазақ қызды еркінсітіп қоймаған, қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым дейді. Уақыты келгенде ата-анасы қызын ай-шайға қарамай ұзатқан. Ал қазір ата-анасы қыздарға еркіндік берді, соның зардабынан қаншама қыз қазір бақытсыз болып қалып жатыр. Өйткені жаратылыс мақсатынан ауытқып кетті", - дейді ғалым.

Омар Жәлел қыз баланың міндетті түрде оқуы керегін айтады.

"Бірақ қандай оқуы керек дегенде, Мәшһүр Жүсіп айтқандай "зәру білім алуы керек. Зәру білім бес бөлектен тұрады: Иман сақтау, ақыл сақтау, жан сақтау, тұрмысқа шыққаннан кейін мал сақтау және бала сақтау. Осы зәру білім алған қыз бала періштелік сипатқа өтеді дейді. Күйеуін де жақсы күтеді, содан гармония болады, қазақи дүниетанымдағы үйлесім осы. Бұл қазақи дүниетаным, біз осыны ұмыттық", - дейді ол.

Сөз соңында ғалым қазақтың қазір сөз түсінуден қалып баратынын, сондықтан осылай ащы айтуға мәжбүрлігін айтты.

"Дос жылатып айтады. Шәкәрім "Мен досыңмын, жау емес, Еліре берме, қайта ту. Жүрегім дертті, сау емес, Сол себепті сөзім - у" дейді. Өйткені халыққа жаны ашитын адам ащы сөйлейді. Ал жаны ашымайтын адам қарны тойса болғаны деп жүре береді", - дейді ол.

Ал Білім және ғылым министрлігі абайтанушының сөзімен келіспейтінін және ғалымның ешқандай да мемлекеттік білім беру мекемесінде жұмыс істемегендіктен оған қатысты тәртіптік өндіріс жүргізе алмайтынын мәлімдеген.

"Танымал абайтанушының сөзімен Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі келіспейді. Шараға қатыстыратын білім беру мекемесі шара басталғанға дейін ұсынылып отырған материалды таныстырып алуға міндетті", - делінген министрлік хабарламасында.

Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері де филология кандидатының қоғамдағы әйел рөліне қатысты пікірімен келіспейтінін мәлімдеп отыр.

Абайтанушының сөзі Желіде де сынап жатқандар да бар. Мысалы "Орда" тобының әншісі Есболат Беделхан "Омар Жәлел хайп қуған кезекті адам" деп пікір білдірген. 

"Абайтанушы деген сайын өршіп барады ғой. Тауар деді түсіндік. Енді маркері несі? Қыздарды пайдаланып, керек болмаса тастай бер деген сөзі ме?", - дейді қолданушылардың бірі.

"Мынау қыздарға ақыл айтқан сайын, қыздар ерегісе береді ғой. Оқымай бала тауып отыра берсін онда. Сауатсыз ұрпақты сосын тәрбиелесін. Мейрамда естиін деген сөзіміз осы ма", - дейді Желі қолданушылары.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети