ПОДЕЛИТЬСЯ
30 апреля 2022 | 20:40
"Мемлекет халықты ести бастағандай ма?" Референдум өткізу туралы ел пікірі
ҚХА сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Ата заңға осындай жолмен өзгеріс енгізу Қазақстанда соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткендіктен, ел тіршілігіндегі елеулі жаңалыққа айналды. Әлеуметтік желіде де пікір көп. Tengrinews.kz тілшісі Қазнет бұл жаңалықты қалай қарсы алғанына шолу жасап көрді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
ҚХА сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Ата заңға осындай жолмен өзгеріс енгізу Қазақстанда соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткендіктен, ел тіршілігіндегі елеулі жаңалыққа айналды. Әлеуметтік желіде де пікір көп. Tengrinews.kz тілшісі Қазнет бұл жаңалықты қалай қарсы алғанына шолу жасап көрді.
Журналист Нұрлыхан Қалқаманұлы бұған дейін басты заңға өзгеріс енгізгенде ешкім халықтың пікірін сұрамағанын, сондықтан бұл жаңалықтан мемлекет халықты ести бастағандай ма деген көзқарасын айтқан.
"Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық дүние емес қой. Ата заң бұған дейін де талай рет өзгерген. Бірақ, ешкім қарапайым халықтың пікірін сұраған жоқ. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың "бір ауыздан" мақұлдауымен өзгерте салатын. Шыны керек, осы жолы да солай болады деп ойлағам. Бірақ, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА сессиясында Ата заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсыныпты. Мемлекет басшысы өз ұсынысында "Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!" деп атап өтті. Расымен де, мемлекет халықты ести бастағандай ма?" - дейді ол.
Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов Ата заңға өзгерісті халықпен ақылдаса отырып енгізу дұрыс шешім болғанын жазған.
"Бүгінде елімізде саяси жүйені ауқымды либерализация жүріп жатыр. Мемлекет пен қоғам арасында Негізгі Заңда айқындалатын жаңа қатынастар қалыптасып жатыр. Сондықтан, халықтың өзі бұл таңдауды референдум арқылы жасайтыны дұрыс болды", - дейді ол.
Майгелдиновтың пікірінше, нәтижесінде референдумды халықтың ең кең топтары қолдауы керек.
"Президент өзінің қазіргі Жолдауында атап өткендей, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті кету іс жүзінде мемлекеттік басқару мен тұтастай саяси жүйені жаңартады. Мұндай суперпрезиденттіктен президенттік басқару нысанына көшу біріншіден екінші республикаға көшудің мәнін құрайды. Халықтың өзі референдум арқылы демократияландырудың осындай векторы туралы шешім қабылдауы өте маңызды", - деп жазған ол.
Журналист Жасұлан Мәуленұлы Президенттің бұл ұсынысын халық қос қолдап қолдайтынын айтып отыр. Себебі, оның айтуынша, мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек.
"Түптеп келгенде, "референдумды демократияның маңызды институты" десек, онсыз Жаңа Қазақстанды құру мүмкін болмайды. Ал, Президенттің осындай күрделі мәселеде соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыруы елдегі үлкен өзгерістердің бастауы болса керек. Сонда ғана Президент бүгін айтқандай, "біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз".
Тоқаев Ассамблея сессиясында не айтты?
Желі қолданушысы Нұрбол Ханағат болса осы референдум арқылы көптеген көкейтесті мәселені шешуге болатынын жазыпты. Сонымен қатар, ол "Ұлттық құрылтай" ұсынысына қатысты ойын жазыпты.
"Айтпақшы, бүгінгі "Ұлттық құрылтай" ұсынысы ерекше ұнады. Алдағы уақытта осы жиын ассамблеямен жұмыс істеуі қажет деді. Ұлттық құрылтай құрылымы нық, бағыты зор болса көп ұлтты дейтін көп түйіннің түбін бойлайтын шығар. Біздің аудандағы кәсіпкер Закиржан Кузиев ассамблея атынан мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұл да бір жақсылық дейік. Жалпы сойқан", - деп баға берген Нұрбол Ханағат.
Желі белсендісі Рахат Арғынбай референдум демократия механизмі және азаматтардың пікірі сұралатын жүйе екенін еске салыпты.
"Жаңа Қазақстан" идеясын Президент соңғы жиналыстарда тілге тиек етіп жүр. Ал бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен ҚХА XXXI сессиясы өтті. Сессияның сәнін келтірген де өзектісі осы, жалпыхалықтық референдум сөзі болды. Жиында айтылуы бойынша ҚР Конституциясының 3/1 не өзгерістер енгізілуі бек мүмкін. Онымен қоса енді заңға өзгерісті немесе жаңа заңды парламент бекіте салмайды, санасады халықпен, референдум өзі айтады қорытындысын дөп басып. Біз Жаңа Қазақстанға осылай жетеміз. Бүгінгі жиынның әрбір шешімі маңызды!" - деп жазыпты қолданушы.
Нұр-Сұлтан қалалық Жастар театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрислам Әбділ болса ұсынысын да қоса жазған:
"Жаңа Қазақстанның конституциясы 1995 жылғы бекітілген заңнамаларға негізделіп, тіл мен ұлттық мүддемізді қорғайтын тармақтармен толықтырылса екен дейміз", - дейді ол.
"Әзіл әлемі" театрының редакторы Баянды Сахарияұлы да пікірін жазған екен. Оның сөзінше, бұл өзгерістің өңі де, мәні де ерекше.
"Өйткені халықпен етене байланысы бар. Қарапайым халықтың пікірін сұрайтын өзгеріс. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың "бірауыздан" мақұлдауымен келе жатқан еді отыз жыл бойы. Ал енді Жаңа Қазақстан, әділ Қазақстан деп жатқанымыздың кепілі - халық. Жаңару", - деп пікін жазған театр редакторы.
Қоғам белсендісі Жасмин Әшімова референдум өткізу туралы хабарды "саяси жаңалық" деп бағалады.
"Әрине бұл саяси жаңалық. Осы уақытқа дейін халықта мұндай мүмкіндік болмады. Барлық заңдық өзгерістер Парламенттің бірауыздан ғана мақұлдауынан болды. Енді Ата Заңға түзетулер мен өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум күтеміз. (...) Енді көз алдыма халықтың үнін, құқығын қосқан елде әділдікті көретіндеймін", - деп жазды Әшімова.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ҚХА сессиясында Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған еді.
"Реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл - қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан, мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын", - деген еді Тоқаев отырыста.
Айта кетейік, республикалық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекет тіршілігінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру.
Референдум бүкіл ел бойынша өткізіледі. Қазақстан тарихында екі рет референдум өткен. Біріншісі 1995 жылғы 29 сәуірде өтті және ел Президентінің өкілет мерзімін ұзарту мәселесіне қатысты болды. 1995 жылғы 30 тамызда өткен екінші референдумның мәні Қазақстанның жаңа конституциясының жобасы болған еді.
Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также