РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
15 апреля 2018 | 12:36

Қозы Көрпеш - Баян Сұлу күні: Тарихы, бүгіні және ертеңі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Осыдан 5-10 жыл бұрын 14 ақпан жақындаған сайын көшеде қызыл жүрекшелерден аяқ алып жүру мүмкін болмайтын еді. Оқу орындарында "валентинкалар" таратылатын. Демек, оның тарихы мен ұғымынан бейхабар болса да жастар үшін махаббат күнінің болғаны керек еді, бұл оларға ұнайды. Алайда, Валентин күнін тойлағанша, 15 сәуір - махаббат күні деп, Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнін атап өтіп, насихаттап, дәстүрге айналдырайық дейтіндер бар. Tengrinews.kz тілшісі соңғы он жылдан бері атала бастаған бұл ғашықтар күнінің тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы туралы этнограф мамандардың пікірін білді.


Осыдан 5-10 жыл бұрын 14 ақпан жақындаған сайын көшеде қызыл жүрекшелерден аяқ алып жүру мүмкін болмайтын еді. Оқу орындарында "валентинкалар" таратылатын. Демек, оның тарихы мен ұғымынан бейхабар болса да жастар үшін махаббат күнінің болғаны керек еді, бұл оларға ұнайды. Алайда, Валентин күнін тойлағанша, 15 сәуір - махаббат күні деп, Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнін атап өтіп, насихаттап, дәстүрге айналдырайық дейтіндер бар. Tengrinews.kz тілшісі соңғы он жылдан бері атала бастаған бұл ғашықтар күнінің тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы туралы этнограф мамандардың пікірін білді.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні қалай пайда болды?

Деректер бойынша, бұл мерекені атап өтуді Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған болуы керек. Көкшетау қаласында сәуірдің 15-і күні 2012 жылы тәуелсіздік алаңында ерікті жастармен бірге тойланған. 


Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ескерткіші. ШҚО, Аягөз ауданы

Салт-дәстүрді қоссақ

Тарихшы, этнограф Ардақ Беркімбайдың айтуынша, ғашықтар күні атап өтілгені дұрыс, алайда салт-дәстүрлерімізге қайшы қылықтар жасалмауы тиіс.

"Әулие Валентин күнінің" тарихын білмегендіктен, жастар жағы оны "ғашықтар күніне" айналдырып алды. Қоғамдағы бұл көрініс қазіргі уақытта жастар арасында "махаббат күнінің" қажеттілігін көрсетіп тұр. Махаббат күнін ұлттық танымымызға, салт-дәстүрлерімізге қайшы келмейтіндей етіп атап өткен абзал. Ал "Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні" деген атау сәтті қойылған деп ойлаймын. Ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрлеріміздің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік мәні бар", - дейді ол.

Айтуынша, бұл атаулы күнде ежелгі дәстүрлерімізді жаңғыртып, заманға сай қолдана білуіміз керек.

"Бұл күні бозбалалар мен бойжеткендер бастаңғы жасаса болады. Ертеректе ауылда үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде, ауыл жастары сол үйге жиналып, бастаңғы жасаған. Ол әрине үлкендердің рұқсатымен болған. Осындай кештерде құрбы-құрдастар араласып, бір-бірін жақын танып, бой жете бастаған қыздар жағы қонақ күтудің жол-жоралғыларын үйренеді. Ән айтылып, күй шертіліп, ойындар ойналған. Айлы, жарық түнде ақсүйек ойнаған. Алтыбақан құрылып, бозбалалар мен бойжеткендер махаббат әндерін шырқап, бір-біріне жеткізе алмай жүрген сезімдерін тұспалдап жеткізген. Наурыз мейрамында бойжеткендер жігіттерге "ұйқыашар", ал бозбалалар қыздарға "селт еткізер" сыйлықтарын жасаған. Ол өз сезімдерін білдірудің көрінісі. Осы дәстүрлерімізді "Қозы Көрпеш - Баян сұлу күнінде" жаңғырта білсек, өзіміздің ұлттық нақыштағы "махаббат күніне" айналар еді", - деді Беркімбай.

Бұл күннің символы болуы керек

Шыны керек, жастардың Валентин күнін жақсы көруінің бір себебі, тіпті сол күннің символы деп қызыл жүрекшелерді айтуға болады. Бәлкім, сол Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың күніне арнап символ ойлап табу керек шығар?

"Қазақ дәстүрінде "қызға қырық үйден тыйым" деп қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Өз сезімін бірінші болып сөзбен жеткізбеген. Сондықтан бойжеткендер өз сезімін кестелі орамал сыйлау арқылы білдірген. Ал бозбалалар болса "селт еткізер" сыйлықтар, яғни білезік, жүзік, сырға, моншақ сынды сәндік бұйымдарды сыйлаған. Махаббат күніне орай білезік пен кестелі орамалды символға айналдыруға болады. Кестелі орамалдарға Қозы Көрпеш - Баян сұлудың бейнесін салып, арнайы белгісі бар білезіктер шығаруға болады. Қызыл жүрекшелерді ұлттық нақышта жасап, ұсынса көпшілікке қолжетімді болар еді", - дейді Ардақ Беркімбай.

Алайда, бұл күнді құптай бермейтіндер де бар. Этнограф Арман Әубәкірдің айтуынша, Қазақстан үшін махаббаттан да маңызды күндер бар және солар аталмай келеді.

"Енді ғана құлдық санадан арылып келе жатқан Қазақстан үшін махаббат мерекесінен де маңызды, міндетті тойлануы тиіс шаралар жеткілікті. Бізде екі адамның бір-біріне деген махаббатын емес, жалпы елді, ұлтты сүюге үндейтін мерекелерге басымдық берілуі тиіс деп есептеймін. Мәселен, Әлихан Бөкейханның туған күнін бүкіл жастар болып тойлап жатса, қандай ғажап! Небәрі 30 жасына дейін ұлы істер атқарып кеткен Шоқан Уәлихановтай тұлғаны жастардың арнайы ұлықтайтын күні болса, тамаша емес пе? Бүгінде елімізде көптеген мерекелер сырттан келген. Қазақтың өз төл бет-бейнесін, болмысын таныта бермейді. Ащы да болса айту керек, бұл тіпті өз пікірі, көзқарасы жоқ адамның өзгелерге еліктеп қана өмір сүретіндігіне ұқсайтын аянышты жайт", - дейді ол.

Маңызы болуы керек

Арман Әубәкірдің айтуынша, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін мерекелер басты назарда болуы тиіс.

"Егер жастар Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудың күнін тойлап жатса, эстрадалық өтірік әндерді қойып, халық әндері мен күйлері, жалпы халық композиторларының шығармаларымен кештердің өткені керек. Әйтпесе, дабырадай етіп Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың құр атын иемденгеннен бізге еш пайда жоқ. Мазмұны да ұлттық сипатта болса ғана, келісуге болады", - деді маман.

Ал журналист, әлеуметтанушы Нұрлан Наурызалиевтің айтуынша, "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін" тек трагедиямен байланыстыра бермеу қажет.

"Тарихта Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жырларының тууында әлеуметтік мәселелер мен ата-ананың, басқа да адамдардың араласуымен пәк сезімді жастардың бір-біріне қосыла алмаған, қайғылы жағдаймен аяқталған. Демек, бұл сол кезеңнің өзінде бір-бірін өліп-өшіп сүйген жандардың болғанын көрсетеді. Ал, олардың қосылып бақытқа кенелгені қаншама. Тек осындай трагедиямен аяқталған оқиғаларды есте сақтап қалғанбыз. Жалпы менің ойым, біздің жастар қай күні өз махаббатын жолықтырса, сол күні "махаббат күні" деп айтар едім. Сол күнді ғашығымен жыл сайын атап өтсе болады. Әрине, өмір жолдары түйіссе", - дейді ол.

"Көшпенділер өркениеті табиғи жаратылыспен етене жақын. Ал, Ұлы дала қашаннан көктемде қызғалдаққа толы болған. Міне, осы мезгілде ел қыстаудан көктеуге, одан жайлауға көшкенде жастар танысып, табысып жатады. Сонда қырдың қызғалдағын сүйгеніне сыйлау ықылым заманнан бері болған дәстүр. Бұл кейінгі "балапан басымен, тұрымтай тұсымен" деген қиын-қыстау кезеңде бәсеңсіп қалған еді. Ал, сол кезде ол әлемнің басқа мемлекеттерінде түрленіп, әлгі жүрекше қағазға айналып, жаңаша сипатта, ақпараттық ағынмен мазмұны өзгеріп қайтып келгендей. Бұл жерде ешетеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Тек, жаратылыс заңына жақындай түсіп, байырғы дәстүрді қайта жаңғырту керек. Яғни, көрікті көктем мен жайқалған жаз мезгілінде қыр гүлін сыйлау дәстүрі. Әрине, сезімін ақ қағазға мағыналы сөз, ұйқасты өлең түрінде жазып та жеткізуге болады. Бастысы мұның барлығы тарихтан тамыр тартса игілікке айналар еді. Ал, өзге мемлекеттің салты осы екен деп есіріп еліктеп, еріп кетуге түбегейлі қарсымын", - дейді Наурызалиев.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети