"Нұр-Сұлтан - Щучинск" тасжолында ерекше дыбыс жолақтары орнатылды. Тасжолмен келе жатқан жүргізуші сағатына 90 шақырым жылдамдықпен қозғалған кезде әуен естіле бастайды. Tengrinews.kz тілшісі жоба ұйымдастырушалырымен сөйлесті.
"Нұр-Сұлтан - Щучинск" тасжолында ерекше дыбыс жолақтары орнатылды. Тасжолмен келе жатқан жүргізуші сағатына 90 шақырым жылдамдықпен қозғалған кезде әуен естіле бастайды. Tengrinews.kz тілшісі жоба ұйымдастырушалырымен сөйлесті.
Жоба ұйымдастырушалырының айтуынша, бұл әзірше пилоттық жоба. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Германия, Корея, АҚШ, Жапония және тағы басқа елдегі тәжірибелерге негізделіп жасалған. Әуенді жолды жобаның авторы Ержан Қожабеков "QazAvtoJol ҰК АҚ-мен" бірлесіп жасаған. Пилоттық жобадағы дыбыстық жолдың көлемі әзірше 400 метр.
Ержан Қожабеков жобаның мақсаты - көлік апатының қаупі бар учаскелерде қозғалыс жылдамдығын төмендету екенін айтады.
"Әуенді жол қауіпті аймақтарға салынады. Яғни өлім-жітім, жүргізушілердің ұйықтап кетпеуін қадағалау үшін және туризмді дамыту үшін жасалып отыр. Негізі бұған дейін 9 елде осындай әуенді жолақтар салынған. Қателеспесем, біз оныншы елміз. Биыл ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы болғандықтан "Көзімнің қарасы" атты өлең естіледі. Егер жақсы болса келесі жылдан бастап төрт облыстың қауіпті аймақтарында осындай жолақтарды орнату жоспарда бар", - дейді жоба авторы Ержан Қожабеков.
Оның айтуынша, әуен көліктің дөңгелегі мен жерге арнайы салынатын жолақтардың үйкелісінің нәтижесінде шығады. Тасжолдың нотасын жазған "Алдаспан" тобының домбырашысы Бақытжан Желдербаев. Бұл технология елімізде алғаш рет қолданылып жатыр екен.
"Мысалы қалада жаяу жүргіншілер өтетін кезде жерде жүргізушіге арнайы ескертетін жолақтар тұрады. Біздің жоба аясында да сол технология қолданылды. Яғни көліктің дөңгелегі мен арнайы жолақтар үйкелу арқылы әуен пайда болады. Адамдар музыка қайдан шығып жатыр деп түсінбей қалуы мүмкін. Оның технологиясы қатты қиын емес болғанымен, кез келген адам оның нотасы қалай және қай жерде болуы керегін білмеуі мүмкін. Бұл бір жылдық жұмыстың нәтижесі", - дейді жоба авторы.