ПОДЕЛИТЬСЯ
01 апреля 2020 | 12:23
Коронавирус: СҚО блокбекеттеріндегі ұзын-сонар кезектің себебі айтылды
СҚО-дағы блокбекеттерде азаматтардың дене температурасын сынап термометрмен өлшеп жатыр. Салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мұны СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Медициналық көмектің сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Күшбасов айтып берді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
СҚО-дағы блокбекеттерде азаматтардың дене температурасын сынап термометрмен өлшеп жатыр. Салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мұны СҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Медициналық көмектің сапасы мен тәуекелдерін бағалау бөлімінің басшысы Арман Күшбасов айтып берді.
"Қазір жағдай былай. Адамға жақындамай температура өлшейтін құралдар сатылып жатқан жоқ. Бірақ бізге жұмыс істеу керек. Неге санитарлық емес, медициналық қызметкерлер тұр десеңіз, олар блок бекеттен өтетін адамдардың температурасын өлшеп, ЖРВИ белгілері бар-жоғын анықтайды, - деді бөлім басшысы СҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің Facebook-тегі парақшасында онлайн-брифинг кезінде.
Сонымен қатар, Арман Күшбасовтың жауабын СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов толықтырды. Оның айтуынша, қазір өңірде санитарлық-эпидемиологиялық маман тапшы
"Сол себепті бекеттерде медициналық қызметкерлер тұр (санитарлық-эпедимиологиялық қызметкерлер емес - авт.) және дене қызуын өлшейтін термометр "дәл мынадай болуы керек" деген санитарлық норма жоқ. Шынында бұған себеп - санитарлық-эпидемиологиялық қызметінде мамандар жетпейді. Өйткені олар ауру ошақтарында жұмыс істеп жатыр. Олар науқастармен байланыста болған адамдарды, алғашқы ошағын, лаборатория-диагностикалық жұмыстарды атқарып жатыр", - дейді ол.
Сондықтан медициналық қызметкерлердің көмегі қажет болған және блокбекеттерде медициналық қызметкерлер қойылыпты.
"Ал, адамға жақындамай дене температурасын өлшейтін термометр мынадай болуы керек деген талап санитарлық нормада көрсетілмеген. Ол жерде температураны өлшеу керек деп тұр. Басқа мәселе, біздің медициналық қызметкерлер кеше 00.00-ден бері суықта тұрып, температура өлшеп тұр. СҚО-да алғаш рет блокбекеттер қойылды. Сондықтан бірінші күні көп сұрақ болады", - деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ Нұрлан Аймановтың айтуынша, блок бекеттерді медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданып жатыр.
"Уақыт өте келе барлық құрал алынады. Қазір ақша бөлу туралы қаржы басқармасына өтініш жібердік. Дегенмен әр блок бекетте тұрған 2-4 адамның арнайы көзілдірігі, қорғану құралдары бар. Тіпті шекарадағы блок бекеттерге жақсылап тексеру мүмкіндігі жоқ және медициналық қызметкердің міндеті - азаматтардың температурасын тексеру, дене қызуы көтерілген болса, ЖРВИ белгілері болса, провизорлық стационарға жібереді. Ал дене қызуы көтерілмеген адамдарды бекеттен өткізу-өткізбеуді құрылымдық күштердің өкілдері шешеді, - деп қосты СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов.
Айта кетейік, СҚО-да коронавирус індетін жұқтырған 3 адам бар. Кеше COVID-19 анықталған науқас 36 адаммен жақын байланыста болған.
Ал, қазір елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 369-ға жетті. 24 адам емделіп, жазылды. 3 адам қайтыс болды.
Показать комментарии
Читайте также