31 марта 2020 | 19:53

Коронавирус ошағы, қоғамдық көлік қозғалысы, дәрігерлердің сыйақысы. Елорда әкімінің мәлімдемесі

Даурен Ерболат Журналист

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram желісіндегі TengriLive жобасында Tengrinews.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді. Әкім коронавирусқа байланысты қаладағы жағдайға тоқталып, бірнеше мәселе бойынша маңызды сұрақтардың жауабын берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram желісіндегі TengriLive жобасында Tengrinews.kz тілшісінің сұрақтарына жауап берді. Әкім коронавирусқа байланысты қаладағы жағдайға тоқталып, бірнеше мәселе бойынша маңызды сұрақтардың жауабын берді.

Оның айтуынша, ауруханаға келген кейбір науқастардан коронавирус инфекциясы анықталыпты. Салдарынан 2 медициналық мекеме карантинге жабылған.

Реклама
Реклама

Дәрігерлерді де карантинге жатқыздық

"Біз екі медициналық ұйымды карантинге не үшін жаптық? Онда ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекция) жұқтырған адамдар келген. Кейін олардың ауру жұқтырғаны анықталды. Тұрғындармен байланыста болған дәрігерлерді де карантинге жатқыздық", - деді елорда әкімі Tengrinews.kz тілшісіне берген сұқбатында.

Осы орайда әкім қаладағы №2 аурухана тек ЖРВИ науқастары үшін қызмет көрсететінін атап өтті.

"Тәулік бойы жұмыс істейтін №2 аурухана ЖРВИ ауруының белгісі бар тұрғындар үшін жұмыс істейді. Қалған ауруханалар оларға қызмет көрсетпейді. Себебі, бұл дәрігерлер мен басқа адамдарға қауіп төндіреді. Егер ЖРВИ ауруының белгісі болса, жедел жәрдем қызметіне хабарласыңыздар. Тек бір ауруханада ғана қызмет көрсетіледі", - деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, қала әкімі екінші медициналық мекеменің неге карантинге жабылғанына тоқталды.

"Екінші жағдай пневмонияға қатысты. Қаладағы ауруханаға бір адам пневмониямен түскен. Тексерістен соң, оның ауру жұқтырғаны анықталды. Тұрғынмен байланыста болған дәрігерлерді карантинге жатқыздық. Мұндай жағдай қайталанбас үшін теміржол ауруханасы пневмонияға шалдыққан науқастар үшін қызмет көрсетеді. Бұл - өте маңызды", - деп түйіндеді сөзін ол.

Астанадағы коронавирус ошақтары

Әкімнің айтуынша, осы уақытқа дейін мамандар 500-ден астам үйдің 1900 кіреберісінде дезинфекция жұмыстарын жүргізіліпті. Осы орайда ол шаһарда коронавирус ошақтары барын атап өтті.

"Олар - автобус парктері, жатақханалар, медициналық мекемелер, офистер. Жалпы қаладағы 10 нысанды қоршауға алдық. Дезинфекция жұмыстарын жүргіздік. Санитар дәрігердің рұқсатымен ғана бұл ғимараттарды ашамыз. Үйдің кіреберістеріне дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, (індет жұқтырған науқаспен - автор) адам байланыста болғаны анықталса, ол тұратын үйдің кіреберісінде дезинфекция жұмысы бітпей, оған ешкімді кіргізбейміз", - деді Көлгінов.

Қоғамдық көлік қозғалысына неге шектеу қойылды?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі шаһарда күніне 750 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланатынын атап өтіп, коронавирсутың таралмауына жол бермес үшін оның қозғалысына шектеу қойылғанын жеткізді.

"Мұндай қадамға амалсыздан бардық. Қоғамдық көлікті жай күндері орташа есеппен 750 мың адам пайдаланады. Сондықтан көптеген адамға қауіп төнуші еді. Бір жүргізуші (індет жұқтырған науқаспен - автор) байланыс болғанын ескеру керек. Бұл автопаркті бірден карантинге жаптық. Ондағы автобустарды дезинфекциядан өткізіп, автопарктегі қызметкерлерді тексеріп жатырмыз", - деді ол.

Медицина қызметкерлеріне 200 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі

Көлгінов коронавирус індетімен күресіп жатқан медицина қызметкерлері үшін арнайы қонақ үйлер бөлінгенін айтты.

"Бұл шектеу дәрігерлер мен олардың жақындары үшін қажет. Медицина қызметкерлеріне мемлекет есебінен көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлерімізді қорғап, қолдау көрсетуіміз керек. Президенттің тапсырмасы бойынша бүгін стационарда жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне шамамен 200 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі. Олар денсаулығына қауіп төнсе де міндеттерін атқарып жатыр", - деді қала әкімі.

Елордаға кімдер кіре алады?

Алтай Көлгінов шаһар карантинге жабылғалы бері "жасыл дәліз" арқылы жүк көліктері азық-түліктер тауарларын жеткізіп жатқанын атап өтті. Ал транзинттік көліктер қалаға кірмей, айналма жолмен өтіп жатыр. Осы орайда ол елордаға кімдер кіре алатынына тоқталды

"Іс сапарда болғандар немесе отбасы жағдайы байланысты. Мысалы, туысы аурып қалса, жақыны қайтыс болса. Себебі, өмірде барлығы болуы мүмкін. Арнайы рұқсат болса, біз қалаға кіргізіп шығарамыз", - деді қала әкімі.

Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі астаналықтаға үндеу жасаған болатын.

Сондай-ақ, білім және ғылым министрі оқушылар үшін жазғы демалыс мерзімі қысқармайтынын, интернет ресустарын пайдалану тегін болатынын айтқан.

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 336-ға жетті. 22 науқас аурудан жазылды, 2 адам қайтыс болды. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram