Алматы қаласының №5 емхана дәрігері Лаура Малдыбаева карантин талабының жеңілдеуіне қарамастан қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы қаласының №5 емхана дәрігері Лаура Малдыбаева карантин талабының жеңілдеуіне қарамастан қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай салмақ түсірген.
"Дәрігерлер бұрын болмаған қиындықпен бетпе-бет келді. COVID-19 пандемиясына қарамастан қаладағы науқастар медициналық бақылаусыз қалған жоқ. Халықтың қауіпсіздігі үшін көптеген жұмыс жасалды, емханаға баруға шектеу қойылды. Бірақ дәрігерлермен кездесу жалғасып жатыр. Учаскелік дәрігерлер интернет арқылы науқастармен байланысып отыр", - деді дәрігер өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол тұрғындарға ауырған кезде дәрігерге хабарласу керегін, өз еркімен емделу қауіпті екенін ескертті.
Сонымен қатар, дәрігер №5 емханада COVID-19 пневмониясына арналған мобиль топтар құрылып жатқанын атап өтті. Олар коронавирус инфекциясы расталған науқастарға 3 күн сайын бейнеқоңырау шалып, жағдайын біліп отырады.
"Тегін дәрілер берілді"
Лаура Малдыбаева науқастарға тегін дәрі-дәрмек берілгенін де атап өтті.
"Диспансерлік есепте тұрған науқастардың үйлеріне тегін дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр. Мысалы, гипертензия, ишимиялық жүрек-қан тамыры аурулары, бронхиал-астма ауруы бар науқастар. Жалпы диспансерлік есепте тұрғандардың барлығы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Бізде диспансерлік есепте 3 мыңнан аса науқас тұр. Олар ауруханаға келген жоқ. Үйлеріне дәрі жеткізіліп отырды", - ол.
"Дәріні қалай тегін алуға болады?"
Дәрігер дәріні қалай тегін алуға болатынын түсіндірді.
"Науқастар call-орталыққа хабарласып, дәрі-дәрмек қажет екенін айтуы керек. Оны біздің маман дәрігерге айтады. Ол керек дәрілерді жазып, науқастың үйіне жібереді", - деді маман.
"Коронавирус кеткен жоқ"
Малдыбаева алматылықтарға медициналық көмекті онлайн алу керегін айтты.
"Онлайн көмек алу үшін науқас тұрғылық жері бойынша тіркелген емхананың call-орталығына хабарласуы керек. Біздің емхананың call-орталығының телефоны - 344-98-04. Онлайн режимде жазылуға мүмкіндік бар. Карантин режимінің жеңілдеуіне қарамастан сақтық шараларын ұмытпауымыз керек. 60 жастан асқан адамдарға емханаларға баруға шектеу сақталады. Себебі, коронавирус кеткен жоқ", - дейді дәрігер.
"Міндетті түрде маска тағып жүріңіз"
Сөз соңында маман қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді.
"Міндетті түрде маска тағып, арақашықтықты сақтауымыз керек. Қолымызды жиі жуып, бөлмені жиі желдетіп, тазалап отыру керек. Балалар даладан келген кезде қолын жуу қажет. Иммунинетті төмендетпеу үшін жақсы тамақтанған жөн", - деді Лаура Малдыбаева.
Айта кетейік, Алматыда 13 877 адам коронавирус жұқтырды. 10 619 науқас жазылды, 195 адам қайтыс болды.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар саны 103 033-ке жетті. 82 777 науқас айықты, 1 269 адам аурудан көз жұмды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!