10 августа 2020 | 18:04

Коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңға таяды. Күннің басты жаңалықтары

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңға жақындап қалды. Сондай-ақ, соңғы бір тәулікте коронавирус белгісі бар пневмония мен COVID-19-дан 35 адам көз жұмғаны хабарланды. Tengrinews.kz тілшісі 10 тамыздағы басты жаңалықтарға шолу жасайды. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңға жақындап қалды. Сондай-ақ, соңғы бір тәулікте коронавирус белгісі бар пневмония мен COVID-19-дан 35 адам көз жұмғаны хабарланды. Tengrinews.kz тілшісі 10 тамыздағы басты жаңалықтарға шолу жасайды. 

Коронавирус жұқтырғандар саны артты

Реклама
Реклама

Елімізде өткен тәулікте 741 адам COVID-19 жұқтырды. Оның ішінде 340 адам клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушы ретінде тіркелді.

Аймақтар бойынша (жалпы/симптомсыз):
Нұр-Сұлтан қаласы - 163 / 56
Алматы қаласы - 132 / 61
Шымкент қаласы - 1 / 1
Ақмола облысы - 42 / 19
Алматы облысы - 18 / 15
Атырау облысы - 30 / 29
Шығыс Қазақстан облысы - 58 / 20
Жамбыл облысы - 20 / 10
Батыс Қазақстан облысы - 49 / 16
Қарағанды облысы - 87 / 37
Қостанай облысы - 31 / 16
Қызылорда облысы - 5 / 3
Маңғыстау облысы - 28 / 23
Павлодар облысы - 21 / 9
Солтүстік Қазақстан облысы - 38 / 12
Түркістан облысы - 18 / 13

Осылайша, елімізде COVID-19 жұқтырғандар саны 99 442-ге жетті. Оның ішінде 72 523 адам аурудан жазылған. 

Сондай-ақ, соңғы бір тәулікте коронавирус жұқтырған 23 науқас қайтыс болғаны хабарланды. Елде коронавирус құрбандары 1269-ға жетті. 

Пневмониядан бір тәулікте 12 өлім тіркелген

Сонымен қатар, бүгін Қазақстанда пневмония диагнозы қойылғандар саны артты. Дәлірек айтқанда, елімізде өткен тәулікте 159 адамнан коронавирус белгісі бар пневмония анықталды.

"Кеше коронавирус инфекциясының белгісі бар пневмонияның 159 жағдайы және 12 өлім тіркелді", - делінген хабарламада.

1 тамыздан бері пневмониямен 13 280 науқас ауырды, 164 адам қайтыс болды.


Сурет: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Күрделі кезең артта қалды ма?

Елімізде 100 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырса да, Қазақстан күрделі кезеңді артта қалдырды. Мұндай пікірді Денсаулық сақтау министрлігі айтты. 

"Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады. Бірақ босаңсуға болмайды", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. 

Оның айтуынша, ендігі міндет - вирусты жұқтыру мен болып жатқан өлімді тоқтату. 

"Науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы - өте нашар деп бағаланады. Жалпы 70 науқас жасанды тыныс алдыру аппаратында жатыр", - деді Бағдат Қожахметов.

21250 теңге алғандар саны қанша?

Тамыздың басынан бері 2,2 миллионнан аса қазақстандық 21250 теңге алды. 

10 тамыздағы жағдай бойынша биыл шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 миллион 508 мың бірегей өтініш қабылданды, төлем мөлшері ең төменгі жалақыға – 42 500 теңгеге тең.

"Төлемді 2 миллион 257,3 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 миллион 241,6 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ - 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Карантин ұзартылғаннан кейін біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш берген азаматтарға төлем 1,5 ЕТЖ немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) мөлшерінде тағайындалады.

Қостанай облысында карантин жеңілдетілді

Қазақстанның тағы бір өңірінде карантин жеңілдетілді. Қостанай облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары шығарған қаулыда тиісті өзгерістер енгізілді.

Өңірдің жедел штабының шешімі бойынша, биыл 10 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдетіледі, атап айтқанда:

Ауданы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес дүкендерге жұмыс істеуге рұқсат беріледі, бұл ретте көрсетілген алаңнан үлкен нысандар тек "жеткізу" бойынша жұмысын жалғастырады;

Сквер, саябақтар ашылды және олардың аумағында орналасқан сауда нүктелерінің (аттракцион, балалардың ойын алаңдары, батут, балаларға арналған велосипед, көліктерді жалға беру жұмыстарынан басқаларының) қызметіне рұқсат берілді. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан немесе бір отбасы мүшелерінен артық емес топпен шығу керек;

Қаладағы қоғамдық көліктің қозғалыс кестесі 06:00-ден 21:00-ге дейін болады. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram