РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
03 июля 2020 | 15:04

Коронавирус жұқтырған шенеуніктердің жағдайы қалай?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда COVID-19 жұқтырып, бүгінде вируспен күресіп жатқан шенеуніктер бар. Кейбірі аурудан жазылса, басқа бірі ауруханада ем алып не қашықтан жұмыс істеп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус жұқтырған шенеуніктердің жағдайы туралы баяндайды.


Қазақстанда COVID-19 жұқтырып, бүгінде вируспен күресіп жатқан шенеуніктер бар. Кейбірі аурудан жазылса, басқа бірі ауруханада ем алып не қашықтан жұмыс істеп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус жұқтырған шенеуніктердің жағдайы туралы баяндайды.

Елжан Біртанов


Фото primeminister.kz сайтынан 

14 маусымда сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны хабарланған. Біртановтың айтуынша, бұл вирустың симптомсыз формасы емес, сондықтан ол жұқпалы ауруханаға жатқан.

"Өкінішке қарай, коронавирусқа тапсырған соңғы тест оң нәтиже көрсеткені туралы жағымсыз жаңалықты хабарлауға мәжбүрмін. (...) Барлық санитарлық шараны қатаң сақтағаныма қарамастан, әрдайым қауіп-қатер бар. Бұл әсіресе жұмыс істейтіндерге қатысты, қашықтан жұмыс істей алмайтындарға", - деген еді Біртанов.

Көп ұзамай Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған.

"Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым, пневмония асқынып барады. Осыған байланысты емделуім керек", - деп түсіндірген еді экс-министр отставкасын.

Ал бүгін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Елжан Біртановтың жағдайы жақсарып, стационардан шығарылғанын айтты.

"Елжан Амантайұлы (Біртанов - авт. еск.) жағдайының жақсаруына байланысты инфекциялық стационардан шығарылды. Қазір амбулаториялық емін жалғастырып жатыр", - деді Ажар Ғиният ОКҚ-да өткен брифингте.

Ерлан Әукенов

Осыдан екі апта уақыт бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов коронавирус жұқтырғанын мәлімдеген. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Ерлан Әукеновтің айтуынша, бірнеше күн бұрын COVID-19-дың алғашқы белгілері пайда болған соң, жұқтырып алдым ба деп күмәнданған екен. Артынша тест оң нәтиже көрсеткен.

Вице-министр ауруды қатты сезінген, өзінің сөзінше, екі күн бойы вагон түсіргендей жағдайда болыпты.

"Мына вируспен ауырдым. "Жағымды" сезім емес. Тағы үш-төрт күн бұрын осыны бастан өткергендерден телефон арқылы жағдайларын сұрағанмын. Ал бүгін жауабын өзімнен білемін. Мұнда әркімде әртүрлі екенін білу маңызды. Бүгін мен екі күн вагон түсіргендеймін немесе бірнеше гектар картоп еккендей болып тұрмын. Істеп көргендер түсінеді", - деп жазды ол.

Жандарбек Бекшин

Коронавирус дәрігерлерді де айналып өтпеді. Дәлірек айтқанда, Алматы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннен де COVID-19 табылған.

Бірақ Бекшиннің жағдайы жақсы. Өзінің сөзінше, санитар дәрігерде вирустың симптомтары білінбеген.

"Ауырып қалдым, жағдайым дұрыс, симптомдар байқалмайды. Бұл COVID-19, бірақ симптомсыз түрі. Қашықтан жұмыс істеп жатырмын, себебі ауыратын уақыт жоқ", - деді Бекшин.

Асхат Оралов


Фото:pavlodar.gov.kz

Маусымның ортасында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Ораловтан COVID-19 табылғаны белгілі болды.

Әкім орынбасарының дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген еді.

"Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов коронавирус диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Ол дене қызуының көтерілуіне байланысты тест тапсырған еді. Тест оң нәтиже көрсетті", - деген облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Дана Саудагероваға хабарласып, Асхат Ораловтың жағдайын білген. Әкім орынбасарының жағдайы жақсарып келеді екен.

"Жағдайы жақсарып келеді, оң динамика көрсетті. Қазір емделіп жатыр, әлі ауруханадан шығарылған жоқ. Жағдайы оңалды, бірақ дәл қазір ауруханадан шығуға дайындалып жатыр деп айта алмаймын. Бірақ жақын арада шығуы керек", - деді Саудагерова.

Амандық Баталов

22 маусымда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та COVID-19 жұқтырғаны хабарланған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebook желісіндегі парақшасында жазған еді.

"Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оқшауланды. Өкінішке қарай, коронавирусты анықтауға тапсырған соңғы ПТР-сараптамасы оң нәтиже көрсетті. Коронавирус симптомдары байқалмайды", - деп жазды ол.

Ғалымұрат Жүкел сол кезде енді Амандық Баталовтың оқшауланып, ем алып, қашықтан жұмыс істейтінін хабарлаған еді.

Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз хатшысынан Баталовтың жағдайын сұраған. Бүгінде облыс әкімі қашықтан жұмыс істеп жатқан жоқ, ауруханада ем алып жатыр екен.

"Амандық Баталовтың жағдайы бірқалыпты, тұрақты. Қазір ауруханада жатыр. Бірақ оның қашан қашан шығарылатыны белгісіз, оны дәрігерлер шеше жатар. Қазір Серік Тұрдалиев Алматы облысының әкімі қызметін уақытша атқарып жатыр", - деді Ғалымұрат Жүкел.

Коронавирус жұқтырып, аурудан жазылған шенеуніктер кім?

Еске салайық, Қазақстанда 44 075 адамнан коронавирус табылған. Оның 14 777-сі аурудан айықса, 188 науқас көз жұмған. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети