ПОДЕЛИТЬСЯ
09 июня 2020 | 14:32
"Қиындық туындап отыр". Министр атышулы ломбардқа қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарды сан соқтырған "Гарант 24" ломбардына қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарды сан соқтырған "Гарант 24" ломбардына қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдымен министр халықты алдаған ломбард басшылығы қалай жұмыс істегенін айтып берді.
"Компания құрылтайшылары Қазақстан бойынша алаяқтық жолмен ақша табу үшін жарнама берген. Яғни пәтер, көлікті алып, оны қайта сатқан. Одан түскен қаржыны өздері иеленген. 3 құрылтайшы компанияның қаржы пирамидасы екені анықталған соң, шетелге қашып кетті. Уақытында қабылданған шаралар компанияның 25 өңірдегі филлиал директорын анықтауға мүмкіндік берді. Ондағы бас бухгалтерлер де ұсталды. Көптеген құжат пен мүліктің жартысы тәркіленді", - деді Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, компания құрылтайшылары шетелге қашып кеткен соң, ішкі істер министрлігі сол елдегі полиция қызметіне арнайы сауал жолдаған.
"Осылайша, бір құрылтайшы Молдовада, екіншісі Қырғызстанда, үшіншісі Ресей Федерациясында ұсталды. Кейін олар бізге жіберілді. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір олар тергеу изоляторында отыр, тергеу жүріп жатыр", - деді министр.
Алайда Ерлан Тұрғымбаев тергеу барысында қиындықтар барын жеткізді.
"Зардап шеккендер өте көп. Бұл тергеуде қиындық тудырып отыр. 11 мыңнан астам зардап шеккен азамат бар. Жалпы шығынның мөлшері есептеліп жатыр. Қазіргі таңда шығынның мөлшері - 8 миллиард теңге", - деп түйіндеді сөзін ол.
Айта кетейік, 21 ақпанда еліміздің бірнеше қаласында "Гарант 24" және "Estate Ломбард" салымшылары компания кеңсесіне жиналып, салған ақшасын қайтап беруді талап еткен болатын.
Полиция "Гарант 24" компаниясына қатысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.
Құқық қорғаушылар ломбард иелерінің әрекетінен сан соғып қалған қазақстандықтарға полицияға арыздануға кеңес берді.
Кейін "Гарант 24 Ломбард" және "Выгодный займ" компанияларының басшысы Аслан Мырзабеков шетелде ұсталды.
Сондай-ақ, бұл компанияларды жарнамалаған танымал қазақстандықтар мәлімдеме жасағанын, бұл мәселеге қатысты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың пікірін жазғанбыз.
Показать комментарии
Читайте также