Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін неліктен қазақша сұхбат бермегенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін неліктен қазақша сұхбат бермегенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тоқаев мұның алдында неліктен сұхбатты орыс тілінде бергенін айтты. Оның сөзінше, бұл ешқандай да кемсіту емес.
"Бұл ешқандай кемсіту емес, ешқандай менсінбеу де емес деп айтуға болады. Көптеген арна осыған дейін менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған. Ешқайсына келіспедім. Кейін тек "Хабар" арнасына сұхбат беремін дедім. Себебі ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі - Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын", - деді Президент Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін Президент "Хабар 24" телеарнасының журналисіне сұхбат берген болатын. Сұхбат орыс тілінде өткені қоғамда қызу талқыланған еді. Ал Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли сұхбат әлемдік аудиторияға арналғандықтан орыс тілінде өтетінін айтқан болатын.