РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 июля 2020 | 12:16

Қазақтың тұңғыш ғарышкері Гиннестің рекордтар кітабына не үшін енген?

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: © Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі Фото: © Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі

Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров 74 жасқа толды. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі ғарышкер, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысының еңбек жолын еске алуды жөн көрді.


Бүгін қазақтың тұңғыш ғарышкері, авиация генерал-майоры, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіров 74 жасқа толды. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі ғарышкер, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысының еңбек жолын еске алуды жөн көрді.

Арман үшін күрес

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұсталықты кәсіп еткен. Алайда ол әкесінен ерте айырылып, анасы мен апасының тәрбиесінде болады. Әубәкіров -  қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы.

Халық қаһарманы бала кезінен ұшқыш болуды армандайды. Ол мектепті бітірген соң, Армавирдегі ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Оны бітіріп, инженер-ұшқыш атағын алады. Кейін Қиыр Шығысқа жолдамамен барады. Мұнда Тоқтар бірнеше әскери ұшақты сынақтан өткізіп, бірінші кластағы әскери ұшқыш атағына ие болады. Енді ол сынақшы-ұшқыштар тобына ауысқысы келеді. Бірақ бұл мақсатына жету үшін біраз қиындықты басынан өткереді. Тек 1975 жылы сынақшы-ұшқыштар тобына оқуға қабылданады.

Тоқтар Әубәкіров 1976-1992 жылдары Мәскеудегі Артем Микоян атындағы тәжірибелік конструкторлық бюросында жұмыс істеп, реактив ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізеді. Ал 1979 жылы Мәскеу авиация институтын бітіреді.

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Әубәкіровтың ерлігі

1988 жылы ол Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындайды. Бұл еңбегі үшін оған "Кеңес Одағының Батыры" атағы беріледі.

1989 жылы Әубәкіров "МИГ-29К" дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын "Тбилиси" авиакрейсеріне қондырып, сол кемеден қайта көкке көтеріледі. Авиация тарихында бірінші рет мұндай әдіспен ұшуды жүзеге асырған қазақ ұшқышының бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енеді.

Әскери ұшқыш бұл ерлігін былайша есіне алады.

"Сынақшы-ұшқыштың өміріндегі қауіптің бәрін терсек, ол өте көп болады. Әрбір қауіпті марапаттай берсе, менің кеудеме орден сыймас еді. Сынақ алдында үйрейге бой алдырған жоқпын. Керісінше, келіп қонған соң, душта тұрғандай денең әлсіреп, буындарың ұстамай отырып қалады екенсің", - дейді ғашыркер "Халық сөзі" газетіне берген сұхбатында (№28 (69), 12.04.2012). 

"Қызметім құпия еді"

Тоқтар Әубәкіровтың айтуынша, ол КСРО-ға отыз жылдай қызмет еткен. 

"Микоян атындағы мекемеде білдей қызметте отырдым. Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті куәлігімде жай ғана "жүргізуші" деп жазылған еді. Бірақ еліме қайтқым келді", - дейді ол журналистерге берген сұхбатының бірінде.

Оның айтуынша, КСРО құлдырағаннан кейін оған Ресейде қалу ұсынылған. АҚШ-та өз еліне шақырған. Бірақ Халық қаһарманы қазақ елінде болғасы келгенін айтқан.

"Мен осы жерде тудым, қазақтың даласында болуым қажет. Ресей де қал деп ұсыныс айтқан. АҚШ та көп ақша береміз деп шақырған. Мен бәрібір қазағыммен бірге болғанды қалаймын!", - дейді Әубәкіров "Халық сөзі" газетіне берген сұхбатында (№28 (69), 12.04.2012). 

Назарбаевтың кеңесі

Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа аттануына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та үлес қосыпты. Алайда ол өзінің ғарышқа баратынын білмеген.

Кейін ұшқыш Елбасыдан неге өз келісімінсіз мұндай шешім қабылдағанын сұрағанда Назарбаев халық үшін ұшуға кеңес берген.

"Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыш технологиясының барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш!", - деген Назарбаев.

Осылайша, Әубәкіров ғарышқа ұшуға келісімін беріпті.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері

1991 жылы 2 қазанда ол "Союз ТМ-13" әуе кемесімен ғарышқа ұшады. Онда ғарышкер Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны белгілі болады.

"Ұшардың алдында Қазақстанның ғалым­да­рымен бірлесіп ғарышта жаса­ла­тын тәжірибелерді пысықтап алған едім. Орбитадағы стансада еліміздің жер бөлігін суретке түсіруден басқа ғылыми тұрғыда медициналық, биоло­ги­ялық тәжірибелер жасадым. Пробиркалардағы суспен­зия­лар­ды араластырамын деп, тіпті, ғарышта саусақтарыма сүйел пайда болған", - дейді ол "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында. 

Фото: Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі

Тоқтар Әубәкіров - дүние жүзінің 256-шы ғарышкері. Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минут болып, 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралады. Бірақ Әубәкіров ғарыштан Жерге оралған кезде қиындықтар болғанын айтады.

"Оның бірінші себебі, стан­садан бөлінетін шар-ка­бина қалыптағыдай емес, Жерге төң­керіліп түсті. Шарды арнайы ұстайтын белбеу үзіліп кетіпті. Кейін мәлім болғандай, отыз жылдың ішінде мұндай апатты оқиға небары екі-ақ рет қай­та­ланған екен. Біз соның екіншісі болып құжатқа қатталдық", - дейді ғарышкер

Отбасы

Тоқтар Әубәкіровтің жұбайының есімі – Татьяна. Олардың Тимур, Михаил есімді екі ұлы бар. Екі ұлынан үш қыз, бір ұл немере сүйген.

"Балаларым Мәскеуде туса да, жылқы дегенде шырылдап тұрады. Үлкен балам шенеунік қызметін тастап, ауылға кетіп қалды. Сол жақта егінмен, малмен шұғылданбақ. Менің екі немерем бар, бірі бесте, кішкентайы екіде. Олар сәби күнінен маған қонаққа келгенде атқорадан шықпайды. Аттарды сылап-сипап, олармен бірге болғанды жандары қалайды", - дейді ол 2012 жылы "Халық сөзі" газетіне берген сұқбатында. 

Әубәкіров Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, Австрияның "Алтын крест" орденінің иегері, Отан, Парасат ордендері, Алтын Жұлдыз, "Ғасыр саңлағы", Түріктен шыққан Тұңғыш ғарышкер сынды ресми атақ пен марапаттарға ие болған. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети