Бүгін Славян жазбалары мен мәдениеті күні. Айтулы күннің тағы бір атауы - Кириллица күні. Tengrinews.kz тілшісі қазіргі уақытта елімізде қолданылып жүрген кирил қарпінің жазбамызда алған орны және тарихы туралы мағлұмат жинады. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова айтып берді.
Бүгін Славян жазбалары мен мәдениеті күні. Айтулы күннің тағы бір атауы - Кириллица күні. Tengrinews.kz тілшісі қазіргі уақытта елімізде қолданылып жүрген кирил қарпінің жазбамызда алған орны және тарихы туралы мағлұмат жинады. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова айтып берді.
Маманның сөзінше, 1940 жылы еліміздің латын графикасынан орыс графикасына көшуінің бірнеше себебі болды. Оған ықпал жасаған Кеңес өкіметі. Бірінші себеп, ол кездегі билік өзге идеология мен саясат ұстанған Түркия мемлекеті мен кеңестер одағындағы түркі халықтарының араласуына кедергі жасағысы келген.
"Ал екіншіден, араб және латын графикасына негізделген қазақ жазуының негізін қалаған қайраткерлердің (Құдайберген Жұбанов, Ораз Жандосов) "халық жауы" атануы. Үшіншіден Кеңес өкіметі бір мемлекет, жалғыз астана (Мәскеу) астындағы халықтардың ортақ мемлекеттік жазуы болуы керектегін іске асырғысы келді. Яғни орыс тілі мен жазуы. Сондай-ақ термин сөздердің орыс тілі арқылы игерілуі мен тіліміздің жазу емлесіндегі алуан түрлілік", - дейді ол.
Құралай Күдеринова кириллицаға көшпей тұрып 1926 жылдан бастап түрлі конференцияда орыс ғалымдары термин сөздерді орыс тілі арқылы игерген жөн деген ұсыныстар жасаған. Оған қоса қазақ оқымыстыларының да ортақ жазуға - орыс жазуына көшкен дұрыс, терминдер орыс тілі нұсқасынша жазылу керек деген көзқараста болған. Сөйтіп, ақырында орыс графикасын қабылдауымызға себеп болды дейді маман.
"Қазіргі уақытта біз қолданып жүрген кириллица 1940 жылы 11 желтоқсанда бекіген. Оның авторы қазақ тілтанушысы, филология ғылымдарының докторы Сәрсен Аманжолов. Онда 41 әріп болды. Бірінші орыс алфавитінің әріптері, соңынан қазақ әріптері тіркеледі. Әріп атауы вэ, бэ деп, орыс алфавитіндегідей белгіленді. Осы әліпби жобасының негізінде 1941 жылы алғашқы емле сөздігі жарық көрді", - дейді тіл маманы.
Күдеринованың айтуынша, сол кезде бекіген және қазіргі уақытта пайдаланып жүрген әліпбидің тек бір кемшілігі бар.
"Мұнда қазақ әріптеріне қатысты ешқандай кемшілік жоқ. Кемішілік тұсы деп термин сөздерді жазу үшін алынған орыс әріптерін айтуға болады. Мысалы Әзірбайжан кириллицасына орыс тілінің әріптері толық кірмеген. Ал Аманжоловтың әліпби жобасында орыс тілінің әріптері толық алынған", - дейді ол.
Осы орайда тіл маманы латын қарпіне толықтай өту процесі туралы пікірін білдірді. Оның айтуынша, латын қарпіне толықтай көшкен кезде оның бірнеше басымдығы болады.
"Латын қарпіне көшкен кезде дыбыстық және тілдік заңдылығымыз сақталады. Шет тілден келген сөздерді де қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына толықтай сай жаза аламыз. Мысалы "альбом", "компьютер" сөздерін сөйлегенде және жазғанда тіліміз бұралатын болса, латын графикасынан ондай сөздерді қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес айтатын боламыз. Латын қарпі толықтай енгенде, ол біздің сөйлеу машығымызды түгел өзгертеді. Біз қазір жазғанда да сөйлегенде орыс орфографиясын және қазақ орфографиясын бірдей пайдаланып жүрміз. Ал латын қарпін пайдаланатын болсақ, біз одан арыламыз", - дейді ол.
Маманның сөзінше, латын графикасында айтарлықтай кемішілік болмайды. Тек адамдардың латын қарпін үйреніп аламын деген қызығушылығы болуы тиіс. Оның сөзінше, осылайша біз ұлттық жазуымызды қалпына келтіреміз.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы қаулы шығарған еді.
"Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылсын. Қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі қамтамасыз етілуі тиіс. Осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдануы керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.