Филология ғылымдарының докторы, тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлы қазақстандықтардың өз аты-жөнін жазудың 18 түрлі үлгісін қолданып жүргенін анықтады. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ғалым аты-жөнді жазудың бірізді үлгісін ұстану неліктен тиімді екенін айтып берді.
Филология ғылымдарының докторы, тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлы қазақстандықтардың өз аты-жөнін жазудың 18 түрлі үлгісін қолданып жүргенін анықтады. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ғалым аты-жөнді жазудың бірізді үлгісін ұстану неліктен тиімді екенін айтып берді.
Құрманбайұлының айтуынша, әр ұлттың аты-жөн жазудың өзіне тән қалыптасқан дәстүрлі үлгісі болады. Бізге солай аты-жөнімізді жазудың өзіндік, ұлттық үлгілерін орнықтырып, біркелкілікті сақтау өте маңызды.
"Мәселен, біз Саркисян, Петросян деген фамилияларды естісек, оның армян халқының өкілі екенін жазбай танимыз. "Ұлы", "баласы" деген мағынаны білдіретін "-дзе" , "-швили" деген сөздер қосылған Арджеванидзе, Алашвили деп аяқталған адам фамилияларын естісек, олардың ұлты грузин екенін бірден білеміз. Дәл осылай қытайдың да, корейдің де аты-жөндерін жазбай танимыз. Осы сияқты әрбір ұлттың өз ерекшелігі аты-жөнінен айқын көрініп тұрады. Біз де өз мәдениеті, дәстүрі, ұлттық тілі бар жұрт ретінде аты-жөніміздің өзімізге тән ұлттық нұсқасын таңдап, орнықтыруымыз керек", - дейді ол.
Ал екінші жағынан мұндай бірізділік, ғалымның пікірінше, аты-жөнінімізді жазудағы ала-құлалықтан арылтады.
"Бір адамның басында қаншама құжат бар. Сол құжаттардың барлығында бір ғана үлгімен жазылса және ол өз ұлтымыздың мәдениетіне сай болса құба-құп. Фамилия жазудың ең кең тараған, ұлттық дәстүрімізге сай екі-үш үлгісіне тоқтаған жөн. Оны да жақсылап талқылап, мамандармен ақылдасып, біріншіден қазақ ұлтының өкілі екенімізді, екіншіден қазіргі замандағы түрлі құжаттарды толтыруда тиімді болатын нұсқаларын бекітуіміз керек. Сонда біз де өзге халықтар сияқты ұлттық ерекшелігіміз, қай ұлттың өкілі екендігіміз аты-жөнімізден көрініп тұратын халықтар қатарында боламыз. Әр ұлттың аты-жөн жазу дәстүрі мен үлгісі оның төлқұжаты іспеттес. Қазақтың да кісі есімдері мен фамилиялары оның бет-бейнесін, кім екенін көрсетіп тұрғаны жөн", - дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Алайда, қазіргі уақытта ғалым өзі жинақтаған деректер бойынша қазақстандықтардың аты-жөн жазудың 18 түрлі нұсқасын қолданып жүргенін байқапты.
"-ов", "-ев", "-тегі", "-сойы" және "-ин", бұлармен қатар, "-үбірі", "Пәленшенің Түгеншесі" ("Арыстанбайдың Мұқышы" үлгісімен), тіпті "Жұмабай келіні" деген нұсқалары бар. Әйелдер арасында тұрмысқа шыққаннан кейін өзінің қыз кезіндегі фамилиясына күйеуінің фамилиясын сызықшамен қосарластыра жазатындар да бар. Мәселен, "Болатбаева-Асанова". Кейбір қандастарымыз туған жеріне парсының "-и" қосымшасын қосып, "Түркістани", "Отырари", "Алмати", болып жүр. Бір ғана Алматыда 2 миллион адам тұратын болса, оның бір миллионға жуығы фамилиясын "Алмати" деп жазса не болмақ? Қаншама адам фамилиялас болып шыға келеді. Бұл шатастыруға, жаңылыстыруға әкеп соғады", - дейді тіл маманы.
Алайда, Шерубай Құрманбайұлы бірізділікке ұмтылуда ұлттық үлгіні басқа ұлт өкілдеріне мәжбүрлеуге болмайтынын айтады. Бірақ осы елде тұрып жатқандықтан, қазақ мәдениетіне сәйкес өз фамилиясын қазақ үлгісімен жазамын деген өзге ұлт өкілдеріне де тыйым салмау керек екен. Олардың таңдау құқығын өзеріне қалдыру қажет.
Филолог ғалым аты-жөнді бірізділікке салудың шығын шықпайтын жолын да айтып отыр.
"Әрине, қазіргі уақытта кез келген тұрғын халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аты-жөніне өзгеріс енгізетінін айтса, қажет құжаттарды алу үшін тиісті төлемдерді төлейді. Алайда біз егер енді ғана өмір есігін ашып жатқан балаларымызға ғалымдар бекіткен нұсқамен ғана аты-жөнін бір ізбен жазар болсақ, оған артық шығын кетпейді. Осылайша бір ұрпақ ауысқанда, қазақ аты-жөнін жазудың ұлттық үлгісін қалыптастырып алады. Оған арнайы шығын кетпейді. Оның үстіне Тәуелсіздік алған жылдардан бері өз ұлтының үлгісінде аты-жөнін өзгертіп жатқандар да аз емес. Жалпы біз қазақтың тегін ұлттық үлгіде жазуға немқұрайлы қаруға тиіс емеспіз. Бір халықтың өкілі бола тұра аты-жөнімізді әркелкі рәсімдеп, ұлттық сипатымызды сақтамай жүруіміз бәрімізге сын. Бұл істі соза бермей, қолға алып, ғылыми негізделген нұсқаулық пен арнаулы құралдар дайындап, мәселені жүйелі түрде шешу қажет", - дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Айта кетейік, ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" заңының 194-бабында елімізде баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі бекітілген. Сол тәртіп бойынша, ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: -ұлы, -қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Ал жеке адамның тегіне "тегі", "ұрпағы", "немересі", "шөбересі", "келіні" деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді. Сонымен қатар, ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды. Алайда, басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.