18 марта 2018 | 12:31

Қазақстанда тойдағы ысырапты заңмен шектеу қажет пе

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент
© theopenasia.net

Өзбекстан Сенатының той жасауға қатысты шығарған жаңа заңы өзбек халқында ғана емес, Қазақстанда да қызу талқылана бастады. Бұл жаңалық осыдан бір апта бұрын тараса да екі елдегі талқының басылар түрі жоқ. Әсіресе әлеуметтік желілерде қолданушылар мұндай заңды қолдап, енді бірі қарсы шығып, пікір алмасқан.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Өзбекстан Сенатының той жасауға қатысты шығарған жаңа заңы өзбек халқында ғана емес, Қазақстанда да қызу талқылана бастады. Бұл жаңалық осыдан бір апта бұрын тараса да екі елдегі талқының басылар түрі жоқ. Әсіресе әлеуметтік желілерде қолданушылар мұндай заңды қолдап, енді бірі қарсы шығып, пікір алмасқан.

Дәлірек айтқанда, өзбек халқы тойдағы ысырапшылдыққа заңмен тыйым салмақшы. Тойға шақырылатын адам саны (150 адамға дейін), дастархандағы тағам мен үйлену тойында жүретін кортеждегі көліктің саны да шектеулі болады. Тіпті, тойдың өтетін уақытында да шектеу бар.

Реклама
Реклама

Осындай заңды талаптар бізге де қажет, дейтіндер табылып жатты. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі сарапшылардың пікірін талдап көрді.

Жалпы, ысырапшылдықтың өзі түптеп келгенде иманға, діни және рухани сауаттылыққа келіп тіреледі. Сонда діни қызметкерлердің пікірі қандай?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілінің айтуынша, Исламда ысырапшылдыққа тыйым салынған, дегенмен бұл заңның бізге қажеті жоқ.

"Құранда "ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырапшылдық жасамаңдар. Алла тағала ысырап жасаушыларды жақсы көрмейді", деген. Сондай-ақ, пайғамбарымыздың тағы бір хадисі бар, онда: "Теңіздің жағасында отырып дәрет алсаңдар да, ысырапқа жол бермеңдер", деген. Сондықтан, ысырапшылдық дінімізде құптарлық іс емес, Исламда оған тыйым салынған. Дегенмен де, Өзбекстандағыдай заң қажет деп айта алмаймын. Себебі, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, салт-дәстүрі, ата-бабасынан келе жатқан әдет-ғұрпы бар", - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы "Қос мұнаралы" орталық мешітінің бас имамы Мақсат Алтыбай.

Айтуынша, мақтан үшін көп қонақ шақыру да ысырап болып саналады, бірақ жақын туыстың саны қанша болса да оған заңмен тыйым салу дұрыс емес.

"Қазақ халқы үшін туыстың, туғанның, жақынның орны бөлек. Бір отбасында он бала болса, жүз құдасы бар деген сөз. Оларды қазақтың қазынасы саналатын тойға қалай шақырмайсыз? Әрине, дарақылық, мақтан үшін көп адам шақыруға тыйым салу керек, себебі ол да ысырапшылдыққа жатады, оның өзінде заңмен емес. Ал, дастархандағы тағамға қатысты айтар болсақ, әрине, миллиондаған қаржыға бір торт жасау деген сияқты әрекеттерге баруға болмайды, алайда дастарханның молшылығына тыйым сала алмаймыз. Одан да тойда ішімдік ішуге тыйым салатын заң қабылдау керек. Тойға барып ішімдік ішіп, төбелесіп, адам өлтіріп алатындар бар. Сондықтан бұл мәселеге осы жағынан қараған дұрысырақ деп есептеймін", - дейді ол.

Осылайша, бас имам той үстінде ішімдік ішуге тыйым салатын заң шығаруды ұсынды. Ал бұл заңның жалпы құқықтық жағы қалай болар екен?

Заңгердің пікіріне қарағанда, мұндай заң демократиялық принциптерге шектеу болуы әбден мүмкін.

"Конституцияда Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, делінген. Сондықтан, ондай заң демократиялық принциптерге шектеу болуы мүмкін. Қазақ үшін той жасау - дәстүр. Жағдайы барлар ат шаптырып, тон жабады, мал береді. Тойға шақырылатын адам санына, тағамға, тойдың уақытына және тағы да басқа шектеулерді заңмен бекітіп тастайтын болсақ, ұлттық менталитетімізге нұқсан келмесіне кім кепіл?", - дейді заңгер Мырзабек Бекберді.

Заңгердің бұл орайда өз ұсынысы бар, ол тойға қатысты заң шығар болса арнаны халыққа емес салыққа бұру қажет деп есептейді.

"Одан да бірнеше мың долларға шетелдік әншілерді шақыруды доғарайық немесе олар сол тойдан тапқан табысының 10 пайызын салық ретінде төлесін және осыны заңмен талап етейік. Салық төлеу туралы заң шықса әнші, әртістердің ғана емес, еліміздің де қоржыны қаржымен молая түсер еді", - дейді ол.

Осылайша, заңгерден де бір ұсыныс түсті. Ал заң шығарушы органдағылар бұған не дейді? 

"Мұндай заңның бізге қажеті жоқ. Себебі, түрлі жағдай болады. Той жасауға әркімнің де құқығы бар. Біреуден біреу асып түскісі келеді және бұл жаман қасиет емес. Несие алса да қазақ халқы қуанышын көпшілікпен бөліскенді жақсы көреді, еліктейді. Еліктеушіліктің де жақсы жағы бар, ол жақсылыққа ұмтылу, алға басу. Той жасау да мәдениет, ол қоғамды тәрбиелейді. Әсіресе қазақ үшін тойдың орны бөлек. Тойдың да өзіндік құндылығы бар. Мысалы, елімізде жас жұбайлар дүркіретіп той жасамай балалар үйіне барып, дәм мен сыйлық таратқандар болды. Бұл жақсы үлгі. Осындай жайттарды көріп, қоғам өзіндігінен тәрбие алады, түзеледі. Оны заңмен бекіту міндетті емес", - дейді Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова.

Сарапшылар өз ойларын жеткізді. Ал, сіздің ойыңыз қандай? Ол жөнінде пікір жазып қалдырсаңыз болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда тойдың өтетін уақыты, шақырылатын адам мен кортеждегі көлік санының заңмен қысқартылатыны хабарланған болатын.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев жұртты үйлену тойын қарапайымдап етіп өткізуге шақырған еді. Тіпті аста-төк той жасау мен ақша шашуды сынап тастады. Мемлекет басшысының осы ескертуінен кейін жасалынып жатқан құжатта тойға шақырылатын қонақтар саны 150 адамнан аспауы керек деп көрсетілген. Дастархан мәзірі де соған қарай ықшамдалады. Сонда қазан-қазан палау да басылмайды.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram