Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл туралы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астанада өткен алқалы мәжілісте мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚМДБ баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл туралы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астанада өткен алқалы мәжілісте мәлімдеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚМДБ баспасөз қызметінің өкілдеріне сілтеме жасап.
ҚМДБ ғұламалар кеңесі бекіткен құжат "Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесі" деп аталады.
Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, бұл - еліміз бойынша типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртібін қалыптастыратын негізгі құжат. Ереже ҚР "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес әзірленген.
Сонымен, ереже бойынша, бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы 1000-5000 адам).
Құжатқа сәйкес, болашақта жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай жүргізілуі тиіс. Демек, Алла үйін тұрғызуға шешім қабылдаған адам ғимараттың көрікті болуына көңіл бөлуі шарт. Мешіт салуда заманауи озық үлгілерді, Исламның және жергілікті сәулет өнерін пайдалану міндетті. Мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы тиіс.
Сонымен қатар, ҚМДБ қабылдаған құжат бойынша, енді мешіт жергілікті жамағаттың санына лайықтап салынатын болады. Сондай-ақ, мешіт ауласына автотұрақ, саябақ және басқа да қажетті нысандар тұрғызылмақ. Мешіт құрылысына сапалы және ұзақ мерзімге жарайтын материалдарды пайдалану талап етіледі. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы құрылғылар да орнатылады.
Айта кетейік, 2018 жылы елімізде 38 мешіт пайдалануға берілді. Бүгінде республикада 2 626 мешіт бар.