РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
25 декабря 2020 | 16:02

Қазақстанда Жаңа жылда қандай шектеулер болады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Биыл қазақстандықтар Жаңа жылды әдеттегідей қарсы ала алмайды. Оған коронавирус пен соған байланысты карантиндік шектеулер себеп. Еліміздің әр өңірінде түрлі шектеу енгізілген. Tengrinews.kz тілшісі жаңажылдық мерекеге байланысты елдегі шектеулер туралы баяндайды.


Биыл қазақстандықтар Жаңа жылды әдеттегідей қарсы ала алмайды. Оған коронавирус пен соған байланысты карантиндік шектеулер себеп. Еліміздің әр өңірінде түрлі шектеу енгізілген. Tengrinews.kz тілшісі жаңажылдық мерекеге байланысты елдегі шектеулер туралы баяндайды.

Кеше Алматы қаласы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойған, ол ертеңнен бастап күшіне енеді. Жаңа жылда үйге Аяз ата мен Ақшақар шақыруға болмайды.  

"25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін барлық ұйым мен мекемеде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ агенттік аниматорларының жұмысына, яғни үйге Аяз ата, Ақшақар және басқа да жаңажылдық кейіпкерлерді шақыруға тыйым салынады", - делінген қаулыда.


Фото: Tengrinews.kz

Ал Нұр-Сұлтанда үйге Аяз ата мен Ақшақар шақыруға тыйым салынбаған. Бірақ өңірдің бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева үйге аниматорлар шақыру қауіпті екенін айтып, оларға жүгінбеуге кеңес берген.

Ал тыйымдарға келер болсақ, елордада да мерекелік ертеңгілік пен корпоративтер ұйымдастыруға болмайды. Жаңа жыл уақытында әр отбасыға барлық санитарлық норманы сақтап, от-шашу атуға рұқсат берілген.

26 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда кинотеатрлар ашылады, кафе, мейрамханалардың жұмысы 24:00-ге дейін ұзартылған. Бүгіннен бастап аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын супермеркеттер тәулік бойы ашық болады. Демалыс және мереке күндері қоғамдық көліктер 06:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.


Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Шымкентте карантиндік шектеулер 11 қаңтарға дейін жасалды. Мұнда да жаңажылдық жиындарға тыйым салынған. Аула мен саябақтарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. 

Шығыс Қазақстан облысында Жаңа жылды мейрамханада қарсы алуға болады. Тек үстелде отырып, басқалармен қашықтықты сақтау керек. Әр үстелдің арасы 2 метр болуы қажет. Бір үстелде 4-6 адам отыруына рұқсат берілген, корпоратив өткізуге, мерекелік конкурстар мен би билеуге болмайды.

Бұл өңірде де үйге қонақ, Аяз ата мен Ақшақар секілді аниматорлар шақыруға тыйым салынған. Жаңа жыл қарсаңында аймақта кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілді.


Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазір елімізде Атырау облысы ғана - "қызыл аймақта". Бұл өңірде алдағы мереке күндеріне байланысты нақты шектеулер әзірше жоқ. Басқа аймақтар сияқты мұнда да мерекелік іс-шаралар мен корпоратив ұйымдастыруға болмайды. Ойын-сауық нысандары, мейрамханалар жұмысына, мереке ұйымдастыру қызметтеріне тыйым салынған. 

Маңғыстау облысында Атыраумен шекаралас жатқан ауылдарда санитарлық блокбекеттер қойылған. Мұнда тек маңызды тауар тасымалдайтындар ғана өте алады. 

Өңірде базарлар 18:00-ге дейін, кинотеатрлар 20:00-ге дейін, сауда үйлері мен супермаркеттер 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Отбасылық кездесулер, ертеңгіліктер мен корпоративтер өткізуге болмайды.  


Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Қостанай облысында да жаңа жылдық корпоративтер мен бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Дүкендер мен супермаркеттер 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал қоғамдық көліктер демалыс пен мереке күндері тоқтатылады. 

Батыс Қазақстан облысында да жағдай осыған ұқсас, жаңажылдық іс-шараларға тыйым салынған. Кинотеатрлар, ойын-сауық нысандары тоқтатылған. Тамақтану орындары 23:00-ге дейін жұмыс істейді.  

Ал Ақтөбеде супермеркеттер мен азық-түлік дүкендерінен барлық шектеу алынды. Енді олар өздеріне ыңғайлы уақыт бойынша жұмыс істей алады. Бұл мереке күндері азық-түлік алатын халық бір уақытта шоғырланбауы үшін жасалған. Мереке күндері сауда үйлері 17:00-ге дейін жұмыс істейді.

Үйге Аяз ата мен Ақшақар шақыруға тыйым салынды. Сондай-ақ, қалада ашық мұз айдындарының жұмысына рұқсат берілген. 

Қызылорда облысында да мерекелік жиындар, отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Сондай-ақ, таяуда қала әкімдігі мерекелік от-шашу болмайтынын хабарлады. 

Жамбыл облысы бас санитар дәрігерінің кейінгі қаулысы 27 қазанда шыққан. Өңірде адам көп жиналатын іс-шараларға тыйым салынған. Мереке күндері жабық базарлар мен сауда үйлері жұмысын уақытша тоқтатады. Ойын-сауық орталықтары да жабық болады. 

Ақмола облысында да осыған ұқсас шектеулер бар. Мерекелік іс-шараларға тыйым салынған. Азық-түліктік емес дүкендер мен сауда үйлері 20:30-ға дейін жұмыс істейді. Жаңа жылға байланысты нақты шектеулер әзірше хабарланбады. 


Фото pixabay.com

Алматы облысы бас санитар дәрігерінің кейінгі қаулысы бойынша, мереке күндері аумағы екі мың метрден үлкен сауда үйлері, мейрамханалар жабық болады. Жабық базарлардың да жұмысы тоқтайды. Ал жұмыс күндері сауда үйлері 21:00-ге дейін, барлық базар 17:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Таяуда Солтүстік Қазақстан облысы "сары аймаққа" өтіп, карантин шектеулері жеңілдеген. Петропавл маңындағы блокбекеттер алынды. Сауда үйлері мен азық-түлік сатпайтын дүкендер жексенбіден басқа күндері 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Супермаркеттер мен азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты 24:00-ге ұзартылды. 


Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қарағанды облысында да карантин жеңілдеген болатын. 12 желтоқсаннан бастап сауда үйлері, жабық базарлар мереке күндері де ашық болады, бірақ тек 17:00-ге дейін. Ал ойын-сауық орталықтарына тыйым салынған, мерекелік іс-шаралар да өткізуге болмайды. 

Қарашаның соңында Түркістан облысында карантин қатаңдатылған. Ұжымдық және отбасылық мерекелерді өткізуге әлі де тыйым салынады. Кафелер тек жұмыс күндері ашық болады. Ал ашық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері 17:00-ге дейін жұмыс істейді.

15 желтоқсанда Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің қаулысы шыққан. Ашық және жабық жерлерде отбасылық, ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Сауда үйлері жексенбіден басқа күндері 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Жабық базарлар дүйсенбіден сенбіге дейін 20:00-ге дейін ашық болады. Гүл сататын дүкендер жұмысына да рұқсат берілген. 

Айта кетейік, таяуда Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарды Жаңа жылда сақ болуға шақырған.

"АҚШ-та Алғыс айту күнінен кейін коронавирус жұқтырғандар саны артқаны байқалды. Сондықтан, мен өз азаматтарымызды саяхаттаудан, үлкен ұжыммен мерекелік іс-шара, корпоратив өткізуден аулақ болуға шақырамын. Қаулыға сәйкес, қазіргі кезде елімізде іс-шараларға тыйым салынған", - деген еді Ерлан Қиясов онлайн-брифингте.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети