ПОДЕЛИТЬСЯ
05 января 2022 | 16:16
Қазақстан қалаларындағы митинг: Желіде қандай жалған ақпараттар тарады?
Қазақстан қалаларындағы митинг кезінде Желіде түрлі фейк ақпарат тарады. Оның көбін тиісті органдар жоққа шығарды. Tengrinews.kz тілшісі митинг кезінде Желіде тараған фейктерді жинады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстан қалаларындағы митинг кезінде Желіде түрлі фейк ақпарат тарады. Оның көбін тиісті органдар жоққа шығарды. Tengrinews.kz тілшісі митинг кезінде Желіде тараған фейктерді жинады.
"Ақтау қаласы ПД бастығы өз еркімен қызметінен кетті" - фейк
Желіде тараған бір хабарламада "Ақтауда ПД басшысы өр еркімен қызметінен кететіні" айтылады.
"Ақтауда ДВД-ның (Полиция департаменті - еск.) бастығы халқыма қарсы оқ атпаймын деп өз еркімен жұмыстан кетіпті. Мықты жігіт екен кім болса да", - делінген хабарламада.
Тағы бір хабарламада Маңғыстау облысы ПД басшысы отставкаға кеткені айтылады.
ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"4 қаңтарда WhatsApp мессенджерінде "Қазақпыз" чатында жалған ақпараттар жарияланды. Аудио авторының айтуынша, митингіге қатысушыларға қарсы күш қолдану туралы нұсқауға байланысты Маңғыстау облысы ПД бастығы отставкаға кеткен. Сондай-ақ, ол өрт сөндіруші болып істейтін көршісінің наразылық білдірушілерге мұзды су шашудан бас тартқанын айтты. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді ІІМ өкілі.
"Ақтөбеде полицей халық жағына шықты" - фейк
Осыған ұқсас хабарлама Ақтөбеде де тарады. Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде "халық жағына өткен алғашқы полицей" туралы пост жарияланды.
ІІМ бұл ақпаратты да жоққа шығарды.
"Ішкі істер органдарының қызметкерлері ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік желі парақшасында тараған бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және бұл фейк", - делінген министрлік хабарламасында.
"Шерушілер брондалған көліктерге шабуыл жасады"
Telegram-арналарда Қазақстанда наразылық білдірушілер бронтранспортерлерге жанатын қоспасы бар бөтелкелер лақтырғаны туралы хабарламасы бар видео тарады.
Бір хабарламада "Шерушілер Алматыға кірген брондалған көліктерге шабуыл жасады" десе, тағы бірінде "Нұр-Сұлтанда Қарулы күш өкілдеріне Молотов коктейлі лақтырғандар" туралы айтылады.
Осындай атаумен тараған видеолардың Қазақстанға еш қатысы жоқ.
Бұл кадрлар 2014 жылы ақпанда Киевте түсірілген. Видео сол жылы YouTube хостингіне жүктелген. "Майданда бірден екі БТР өртенді" деп аталады.
Бұл видео сол жылы Майдан туралы жазылған материалдарда шыққан.
"Алматыда жасақ халық жағына өтті"
Telegram мессенджерінде Алматыда жедел әрекет ету жасағы наразылық білдірушілер жағына шыққаны туралы видео тарады.
Ішкі істер министрлігінің хабарына қарағанда, мұндай хабарламалар жалған.
"Ішкі істер органдарының қызметкерлері, ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Әлеуметтік желі парақшасында тараған бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және фейк. Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ел заңнамасымен жауапкершілік қарастырылған", - деді ведомстводағылар.
"Маңғыстау облысына әскерилер кіргізілді"
Кеше Telegram мессенджерінде Маңғыстау облысына оқ-дәрілермен әскери қызметшілер жіберілгені туралы видео тарады.
Бұл ақпаратты ҚР Ішкі істер министрлігі жоққа шығарды.
"Бұл чатта жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салады", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ақпараттар StopFake сайтынан алынды
Показать комментарии
Читайте также