Бүгін Иранда Парсы тілі күні атап өтіліп жатыр. Жалпы, қазақ тіліне парсыдан алынған кірме сөздер өте көп. Осы орайда ирантанушы, доцент Төрәлі Қыдыр Тengrinews.kz тілшісіне парсы сөздерінің қазақ тіліне қай кезеңде ене бастағаны, қазір парсының қай сөздерін қолданып жүргеніміз жайлы айтып берді.
Бүгін Иранда Парсы тілі күні атап өтіліп жатыр. Жалпы, қазақ тіліне парсыдан алынған кірме сөздер өте көп. Осы орайда ирантанушы, доцент Төрәлі Қыдыр Тengrinews.kz тілшісіне парсы сөздерінің қазақ тіліне қай кезеңде ене бастағаны, қазір парсының қай сөздерін қолданып жүргеніміз жайлы айтып берді.
Оның мәлімдеуінше, парсы тілінен қазақшаға енген кірме сөздердің нақты саны жоқ. Бірақ кей деректер бойынша, кірме сөздер саны 3 000 мен 5 000-ның арасында.
"Қазақ тіліне парсы сөздері Ислам дінінен кейін кіре бастады. Қарахан билігінің тұсында бір діннің аясында ұйысқаннан кейін араб пен парсы сөздері көптеп кірген. Араб тілінің өзі бізге тікелей емес, парсы тілі арқылы енген. Себебі, араб тілі - Ислам дінінің тілі. Ал дін бізге ирандықтар арқылы келген", - дейді ол.
Ирантанушының айтуынша, Ислам дінінің алғашқы жылдарында түркі тілі жойылып кетудің аз-ақ алдында болған. Ал Яссауи, Қашқари секілді сол кездің ғұламалары түркі тілінің жойылып бара жатқаны жайлы жазған.
"Кейін орта ғасырда ғылымның тілі араб, әдебиет тілі парсы болып кетті. Қолына қалам ұстаған зиялылардың бәрі осы тілдерде жаза бастады. Сөйтіп, сол тілдерден кірме сөздер қарахандықтар тұсында басталды. Алтын орда тұсында сол сөздер өз кемеліне келді. Қазақ хандығы тұсында да ол кеңінен айтыла бастады, көбіне ресми және әдебиетте қолданылды. Орта ғасырда біздің тілімізді шағатай тілі деп атады ғой. Ал XX ғасырдың басында түрікшілдердің келуімен қазақ тіліндегі араб-парсы сөздер қысқартылған. Ал жазба ескерткіштерден Абай дәуіріне дейін қазақ шағатай тілінде жазған. Соны оқып отырсаңыз, оның 50-60 пайызы араб-парсы тілдерінен енген", - дейді Төрәлі Қыдыр.
Оның айтуынша, бізде араб пен парсы тілдері қатар айтылып жүргенімен, екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайды.
"Араб тілі семит-хамитке жатады, ал парсы үндіеуропалық тілдер тобына кіреді. Бірақ екеуін қосып айтатын себебі - олар араб графикасында жазылады. Жалпы, араб тілі парсы тіліне қатты әсер еткен. Парсы сөздерінің 30-дан аса пайызы арабтардан енген. Негізі, парсы еуропалық тіл болғандықтан, ол арабқа қарағанда ағылшын мен орыс тіліне жақындау. Тек Ислам дінімен бірге арабтың тілі де парсыларға еніп кеткен. Тіпті, IX ғасырда араб тілі парсы тілін жұтып жібере жаздаған. Екеуі де Ислам мәдениетінің ошағы саналады. Сондықтан бізде араб-парсы деп қатар айтылады", - деп түсіндірді ол.
Парсы тілінен енген сөздерді қазақ халқы көбіне ағарту саласында қолданған. Ал қазір ағарту саласындағы тілдер ағылшын терминдеріне қарай ауысып жатыр. Ағарту саласымен қатар, күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылып жүрген көп сөзіміз де парсыдан енген.
Филологтың айтуынша, ХХ ғасырдың басына дейін қазақ тілінде ағарту саласындағы терминдер араб-парсы терминологиясы негізінде қалыптасқан. ХХ ғасырдан бастап тәуелсіздік алғанымызға дейін терминологиямыз орыс тілі арқылы жасалды. Ал қазір терминдер ағылшынның кірме сөздері арқасында қалыптасып жатыр.
Түркінің басқа ұлттарына қарағанда қазақ халқы кірме сөздерге қатысты өз ерекшелігін сақтап қалған.
"Біз араб-парсыдан енген сөздерді өзіміздің сингорманизм заңымызға сай бейімдеп алғанбыз. Ал түркінің басқа халқы парсы тілінде қалай айтылса, өздері де солай айтып кетті. Бізде көп жерге "хана" деп жалғанып жатады ғой, мысалы, асхана, дәріхана деп. Осы "хана" сөзі парсыдан енген. Бұл сөз оларда үй дегенді білдіреді. Біз қатты құрметтейтін "нан" сөзі де парсы тілінен енген. Сондай-ақ пір, намаз, наурыз секілді сөздер де парсы тілінен алынған. Ал "апта" сөзі парсының "хафт" (жеті) сөзінен енген. Қазақша апта аттары да - парсы тілінен келген кірме сөздер. Қазақтың көп есімі де парсы тілінен алынған. Мысалы, Гүлжан, Гүлназ, Раушан, Мұрат секілді. Жалпы, жан деген сөзбен бітетін есімдердің көбі парсыдан алынған", - дейді Төрәлі Қыдыр.
Оқи отырыңыз:
Нұр-сұлтандық, нұрсұлтандық әлде астаналық - Тіл маманы түсіндіреді
"Рахмет" немесе "Рақмет" - Қазақ сөздері бірізге қашан түседі