10 июня 2021 | 11:28

Каспий теңізі Арал тағдырын қайталауы мүмкін бе? Эколог жауабы

Фото: lada.kz

Кейінгі бірнеше жылда Каспий теңізі тартылып барады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп бара жатқанын айтқан. Tengrinews.kz тілшісі бұл жағдайға қатысты экологтар пікірін білді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кейінгі бірнеше жылда Каспий теңізі тартылып барады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің су деңгейі төмендеп бара жатқанын айтқан. Tengrinews.kz тілшісі бұл жағдайға қатысты экологтар пікірін білді.

Мағзұм Мырзағалиев таяуда Каспий теңізіндегі проблеманы көтерген. Оның сөзінше, 2006 жылдан бері теңіз деңгейі төмендеп барады.

"2020 жылға қарай теңіз деңгейі 1 метрден аса төмендеп, Балтық жүйесі бойынша минус 28,23 метрге жетті. Каспий теңізінің тарихына қарағанда, теңіз деңгейінің минус 28,5 метр белгіге төмендеуі оның экожүйесіне қатерлі саналады", - деген еді Мырзағалиев ECOJER халықаралық конгресінде.

Реклама
Реклама

Министрдің сөзінше, бұл жайт Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жағалау белдеуінің өзгеруіне әсер еткен.

"Осы аралықта теңіздің су бетінің ауданы 22 мың шаршы шақырымнан астам қысқарды. Оның жартысы Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі", - деген Мағзұм Мырзағалиев.

Кейін Caspy Media YouTube-арнасында Ақтаудағы су арнасының 2004 және 2008 жылдар аралығындағы салыстырмалы суреттер топтамасы жарияланды. Кадрлардан осы уақыт ішінде Каспий теңізінің тартылғанын көруге болады. Су әдеттегі жағалау сызығынан, "Бриз" яхта клубынан, 4-шағынаудандағы еңістен, "Шағала" санаторийінен, 4-шағынаудандағы жартастан, 9-шағынаудандағы жағалаудан және 14-шағынаудандағы жағалаудан едәуір алыстап кеткен.

Тәжірибешіл экологтар кауымдастығының төрайымы Лаура Маликова Tengrinews.kz тілшісіне Каспий теңізінің су деңгейі неге төмендегенін айтты.

"Каспий теңізіне құятын Жайық өзеніндегі су мөлшері кейінгі үш жылда 2,5 есеге төмендеді. Оның себептерінің бірі - Ресей аумағындағы өңірлерде салынған көптеген су қоймасы. Сол жақта өзен суының бөлігі қалып қояды. Тағы бір себебі - Орынбор өңірінде Жайық өзенінің су деңгейі кейінгі 50 жылда ең төмен көрсеткішке жеткен. Оған климаттың өзгеруі себеп болып отыр. Осылардың әсерінен Қазақстан аумағында Каспий теңізінің солтүстік бөлігі тартылып барады", - деді Маликова.

Ол теңіз деңгейін қалпына келтіру үшін не істеу керегін айтты.

"Каспий теңізіндегі су мөлшері Жайық өзеніне тікелей байланысты. Әсіресе, Қазақстан аумағындағы бөлігі. Сондықтан Каспий теңізін қайта толтыру үшін, тартылуын тоқтату үшін, бірінші кезекте, Ресеймен келіссөз жүргізу керек. Су аз болған маусымдарда бізге көбірек су көлемін жіберу туралы келісімге келу қажет. Екіншіден, теңіздегі судың жоғары бөліктерін барынша азырақ пайдалану керек", - дейді эколог.

Желіде Каспий теңізі тартылып барады деген ақпарат шыққан соң, жұрт Арал теңізінің тағдырын қайталайды деп уайымдаған еді. Бірақ Лаура Маликова Каспий Арал тағдырын қайталайды деу әлі ерте екенін айтады.

"Арал теңізі сияқты тартылып қалу қаупі бар ма? Келіссөз дұрыс жүргізілсе, оның алдын алуға болады. Егер су қоймалары көбейіп, оған климат өзгеруі қосылса, Арал теңізінің жағдайын қайталауы мүмкін. Бұл жай ғана болжам. Бұл болжамның орындалу-орындалмауы екі ел арасындағы келіссөздерге әрі суды үнемді пайдалануға бағытталған шараларға байланысты", - деді Маликова.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram