РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
14 декабря 2020 | 12:15

"Қаралы хабар келген күн". Ләззат Асанованың анасымен сұхбат

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ләззат Асанованың анасы Алтынай Қауметқызы. Фото: Tengrinews.kz/Сымбат Сатыбалдина Ләззат Асанованың анасы Алтынай Қауметқызы. Фото: Tengrinews.kz/Сымбат Сатыбалдина

Алтынай Асанова - 1986 жылғы көтерілістің құрбаны Ләззат Асанованың анасы. Бүгінде ол Алматы қаласында тұрады, зейнеткер. Желтоқсан оқиғасына дейін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған. Кейіннен "Халық жауының анасы" деген айыптаумен жұмыс істей алмаған. Оның айтуынша, 1986 жылы Ләззаттың сүйегін алып келгеннен кейін де 1-2 жылдай мүлде жұмыс істей алмаған. Қайғылы оқиғадан кейін ақырындап есін жиғаннан соң кітапхана саласында істеген. Бар болмысы, бар тірлігі сол ғана. Tengrinews.kz тілшісі Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасымен сөйлесіп, қайсар қыздың балалық шағы, арманы мен әлі күнге дейінгі жұмбақ өлімі туралы сөйлесті.


Алтынай Асанова - 1986 жылғы көтерілістің құрбаны Ләззат Асанованың анасы. Бүгінде ол Алматы қаласында тұрады, зейнеткер. Желтоқсан оқиғасына дейін мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған. Кейіннен "Халық жауының анасы" деген айыптаумен жұмыс істей алмаған. Оның айтуынша, 1986 жылы Ләззаттың сүйегін алып келгеннен кейін де 1-2 жылдай мүлде жұмыс істей алмаған. Қайғылы оқиғадан кейін ақырындап есін жиғаннан соң кітапхана саласында істеген. Бар болмысы, бар тірлігі сол ғана. Tengrinews.kz тілшісі Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанованың анасымен сөйлесіп, қайсар қыздың балалық шағы, арманы мен әлі күнге дейінгі жұмбақ өлімі туралы сөйлесті.

Ләззат Асанова үйінде жалғыз бала еді. Әке-шешесінің тұңғышы. Әкесі өмірден ерте өткен екен. Анасының сөзінше, ол бала күнінен өнерге жақын болған.

"Мектепте бірінші сыныптан бастап өте жақсы оқыды. Өнерге жақын болды. Себебі әкесі өнерлі адам еді. Ләззат та өнер жолын қуды. Кішкентайынан үйірмелерге қатысып, қазақтың ұлттық аспаптарында, домбырада жақсы ойнайтын. Үлгілі, тәрбиелі, текті бала болып өсті. Өнер жолын таңдағысы келетінін айтты. Алматыны аңсап тұрды. Осылайша 8-сыныптан кейін өзім жетектеп алып келіп, оқуға түсуіне себепші болдым.

Ләззат би үйірмесінде. (Сол жақтан бірінші). Фото: Tengrinews.kz

Бала кезінен арманы өнер жолы болды. Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищенің қобыз тобына түсті. Бір жарым жылдай ғана оқыды. Өнерге арналып туған бала сияқты еді. Өкінішке қарай, ұзаққа бара алмады. Желтоқсан оқиғасының нәубетіне жолығып, өмірден жұмбақ күйде өтіп кетті.

Музыкаға жақын болды. Аман болса ары қарай жалғастырып, дамытар еді ғой. Мінезі алтын болатын. Адамгершілігі, біреуге жаны ашып тұратыны, айтып жүрсін деген шығар-ай. Үнемі біреуге көмектескісі келетін. Жаны ашып, ешкімге жамандық ойламаушы еді. Ләззатқа жамандық ойлаған адамның көп болып кеткені өкінішті", - дейді анасы.

Ләззат домбыра үйірмесінде. (Төменгі қатарда сол жақтан екінші) Фото: Tengrinews.kz

Ләззат туған жері Ақжазық ауылына соңғы рет 1986 жылдың 7 қарашасында келген.

"Сол қараша айынан кейін көрмедім. Көп нәрсені ұмытып қалдым, енді ғана еміс-еміс есіме түсіп жатады", - деп еске алды Алтынай Асанова.

Ләззаттың анасына жіберген соңғы хатынан қалған бөлігі. Фото: Tengrinews.kz

Алтынай Асанова қаралы хабар келген күнді көзіне жас алып еске алды. Ләззаттың мерт болғаны туралы суыт хабар 1986 жылдың 25 желтоқсанында келген.

"Қаралы хабар келген күн өмір бақи есімнен кетпейді. Қателеспесем 25 желтоқсанда түскі шайымды ішіп, өзімнен өзім сыртқа шықтым. Далада қызыл жағалы адамдар толып тұр. Оның алдында ауылдағы адамдарға неше түрлі ескерту айтылып, шығу-кіру шектелгендіктен қорқып жүргенбіз. Ләззаттан ондай хабар келеді деп ойламадым. Сыртта толып тұрған кісілер "Кір үйге" деді. Сол кезде жерді басып, үйге қалай кіргенімді білмеймін. Ол сәт әлі көз алдымнан кетпейді. Кіріп, табалдырыққа сүйеніп тұра қалғанымда ақсақал кісі ауыр хабарды жеткізді. Менен "Алматыда оқитын қыз бар ма еді?" деп сұрады. Мен "Бар" деген едім, "Сол бала қайтыс болды" деді", - дейді анасы.


Фото: Tengrinews.kz

Сол кезде партия ұйымдастырушысы (парторг) екі телеграмма алып келген.

"Ол кезде парторг, сельсовет дегендер болатын. Парторг екі телеграмма ұстап тұрды: бірінде "Ләззаттың жағдайы нашар, келіңіздер" деген хабар, екіншісінде "Келмей-ақ қойыңыздар, алып бара жатырмыз" деген хабарлама жазылып тұрды. Есіркеп, көңіл айтқан ешкімді байқамадым. Тек орныңнан тұра алмайтындай ауыр, зілді хабар келді", - дейді Алтынай Асанова.

"Ләззаттың тағдыры шытырманға айналды"

Алтынай Қауметқызының сөзінше, сол күні Ләзаттың денесін ашып көруге қарсы шыққан адамдар болған.

"Ләззаттың сүйегін кешкі уақытта алып келді. Біраз адам келді. "Біз тазалап алып келдік, жер қойнына тапсырамыз, ашуға да болмайды" деген сөздер айтылды. Бірақ қалай ашпайсың? Біз оны көруіміз керек. Бесінші қабаттан ұшып, мерт болған екен, өзі кінәлі екен. "Егер терезеден секіріп мерт болса, мен барар едім ғой, баламды жөнге салар едім ғой" десем, "Біз өлген адамды құрметтейміз, сіз олай айтпаңыз" деді. 

Бірақ бой бермей, мәйітті аштырдық. Кешкі сағат он бір, он екі болды, қақаған суық, аядай ғана екі бөлмелі пәтерде болатынбыз. Бәрі тарап кеткеннен кейін ұйықтамай, баламды таңға дейін күзеттім, бас-аяғын көрдім. Әдемі қызым әдемі болып жатыр. Тек басынан жарақат алған - ойылып кеткен", - деп еске алды Алтынай Асанова.

Ләззат бесінші сыныпта. (Сол жақтан төртінші) Фото: Tengrinews.kz

Ертеңінен сағат он бірге жетпей жерлеу рәсімі басталған. Ол сәтті суретке түсіруге рұқсат берілмеген.

"Тек "сабыр" тіледі де "Осы сәтті тек көзіңе түсіріп ал" деді. Ең соңғы рет жаулығын жапқаным көз алдымда. Егер суретші болсам бейнелеп берер едім. Ол сәтті ұмытпадым. Ондай жағдай ешқашан ұмытылмайды екен", - дейді анасы.


Ләззат 4 жаста. Анасымен. Фото: Tengrinews.kz

Сөйтіп бес жылдан кейін, 1991 жылдары ғана желтоқсан құрбандарының тағдыры ашыла бастаған.  

"Ләззат ұшып өлді" деді. Бірақ ұшып, мерт болған баланың басы ғана ойылуына қатысты көңілімде әлі сол бір күмән жатыр. Кейіннен 18 жыл өткеннен кейін "Ана тілі" газетінде "Ләззат көтеріліске қатысқан жоқ" деген мақала шықты. Сол кезде соттасуға дейін бардым. Ең соңында Ләззатпен бірге оқыған курстастары шындығын айтып, жеңіске жеттік.

Сөйтіп артынша Рамазан деген курстасынан "Қалай болды? Сен көрдің бе? Шындығыңды енді айтсаң" деп өтініп сұрадым. "Ұшып өлді. Қатысқанымыз да рас. Барғанымыз да рас. Бірақ Ләззатты үш-төрт күндей жоғалтып алдым, оны көре алмадым. Сосын келіп, "Маған жала жауып жатыр. Барған 4-5 адамның тізімін берсең, біз сені еркіңе жібереміз" деп мені қинады. Бірақ мен айтпадым" деді" деп шындықты айтты Рамазан. Сөйтіп кішкене де болсын жеңілдеп қалдым. Жарайды, ұшса ұшып өлген шығар. Бірақ Ләззат - желтоқсанның құрбаны. Жаланың бәрін көтере алмай кетті ме? Оған не көрсетпеді? Оны мен білмеймін ғой. Неге ол 3-4 күн жоқ болып кетеді? Азапқа қор болған бала мүмкін өз-өзіне қол жұмсаған да шығар. Бұл үлкен құпия. Басында "ұшып өлуі мүмкін бе? Неліктен басы ғана жарылады?" деп ойладым. Бесінші қабаттан секірген баланың бір жері сынып, не көгерер еді ғой. Осының бәрі әлі күнге дейін мен үшін үлкен құпия", - дейді Алтынай Асанова.

Ләззат Асанованың студент кезінде ұстаған портфелі. Фото: Tengrinews.kz

1986 жылғы көтерілістен кейін Ләззатты ақтап алуға анасы бар күшін жинап, тайсалмай, барлығына өзі жүгірген. Ол кездері Алтынай Асанова туралы түрлі мақала жазылып, шабуыл жасалған екен.

"Тәуелсіздіктің 10 жылдығында біздің ауылдан шыққан Ербол Сыпатаев "ақталды" дегеннен кейін, әкім шақырып алып, ізденуіме үлкен үлес қосты. Сол кісінің айтқан сөздерінен кейін мен Алматыға келіп, ізденіп, біраз адамдар арқылы 6-7 ай дегенде Ләззатымды ақтап алдым. Одан кейін де Ләззатқа біраз шабуыл жасалды. Мен ол кезде де тайсалмай, соттасып, жеңіп шықтым. Ләззаттың тағдыры шытырманға айналды. Басынан аяғына дейін өзім жүгірдім. Ләззатымның менен басқа ешкімі жоқ. Өзі үшін, аналық парызым үшін жүгірдім. Іздеушісі де, қорғаушысы да өзім болдым.

Арасында ол туралы тіс жармауым үшін, жолымды кесіп, мен туралы неше түрлі мақала да жазылып, маған да шабуыл жасалды. Бірақ мен Ләззатымды ақтаудан бұрын жоқтаудан шаршамадым", - дейді Алтынай Қауметқызы.

Ләззат 1-сыныпта. ("Ана тілі" плакатын ұстап тұр). Фото: Tengrinews.kz

1990-жылдары да Алтынай Асанованың өзіне көп кедергі жасалған. Тергеп-тексерулер мен бақылау күшейген.

"Үнемі сұраққа алып отыратын. Біз тұрған Ақжазық ауылы Жаркенттен 18 шақырым жерде. Мені үйден әлдекімдер алып кететін. Кейіннен ойлап отырсам тергеушілер екен. Сұраққа алу жиі болып тұрды. Қайда шықсам да, жұмыстан кешіксем де жазалаған кездер болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған жайлар көп болды. Жақындарымыз, туыстарымыз бен достарымыз теріс айналып кетті. Арасында көзі ашық бірер адам ғана есімді жиюға көмектесіп, ақылшы болды. Кейін 1991 жылдардан кейін ғана іздей бастады. Мен Ләззаттың анасы ретінде өз орнымды біліп отырамын. Кездесуге шақырып, еске алып жатса міндетті түрде баруға тырысамын. Әкім қабылдап, көмек беру жоқ. 1997 жылдары үй берілді. Сонымен болды", - дейді ол.

Алтынай Асанова 2013 жылы тұла бойы тұңғышы Ләззат туралы жазылған мақалалар мен естеліктерді жинап, кітап ретінде шығарған. Алайда ол ешқандай сатылымға қойылмаған. Тек өзі үшін жинастырып қойған.

"Соның бәрін жоғалтып алмайын, көзімнің тірісінде жинақтап қояйын деген оймен шығардым. Барлығын өзім жинап шықтым. Аналық парызым деген оймен Ләззатымның алды-арты таза болсын деп жинастырдым", - дейді Алтынай Асанова.


Фото: Tengrinews.kz

Анасы мен қызының арасындағы махаббат ерекше болған.  

"Ләззат мені қатты жақсы көрді. Мен оны қатты жақсы көрдім. Екеумізді құдай бір-бірімізге сондай жақын етіп қойды. Ауылға келгенде сабағы туралы әңгімелейтін. Оған ауыр жұмыс істетпей, домбырасын шерткізіп отыратынмын. Өнер жолын таңдауына қарсы болсам, оны Алматыға жетектеп әкелмес едім ғой. Қарғадай баламды алып келгеніме өкінемін...", - деді Алтынай Асанова.  

Суреттер: Tengrinews.kz / Алтынай Асанованың жеке архивінен

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети