05 мая 2020 | 13:12

"Жылағым келеді" - Мақтаарал ауданына ерікті болып барған қыз

1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының жарылған бөгетінен аққан су Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 10 ауылын басып тастады. Бүгінде жүздеген мың адам сол аймақтардан эвакуацияланған. Оқиға орнында түрлі қызметкерлермен қатар, еріктілер де жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі - Әсемгүл Уәлихан. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Мақтаарал ауданындағы жағдай туралы баяндап берді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының жарылған бөгетінен аққан су Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 10 ауылын басып тастады. Бүгінде жүздеген мың адам сол аймақтардан эвакуацияланған. Оқиға орнында түрлі қызметкерлермен қатар, еріктілер де жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі - Әсемгүл Уәлихан. Ол Tengrinews.kz тілшісіне Мақтаарал ауданындағы жағдай туралы баяндап берді.

26 жастағы Әсемгүл Уәлихан бала кезінен бері Жетісай ауданында тұрады. Бұл - Мақтааралмен көршілер жатқан аудан. Оның айтуынша, Мақтаарал мен Жетісай аудандары бұрыннан бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.

Реклама
Реклама

"Негізінде бізге Өзбекстан билігі 1 мамырда дамбыны жаптық, ешқандай қауіп-қатер жоқ деген. Алайда сол түні дамбыдан су қатты ағыспен Жеңіс ауылына жетті. Ол жерге топан су жақын маңда орналасқан ауылдарға келді. Жаңа тұрмыс ауылының тас жолымен көліктер жүре алмай қалды. Мырзакентте дабыл қағылды, халықты Атакент пен Жетісай ауданына көшіре бастады. Өзбекстан қайтадан дамбы тұрғыздық деген, су азаяды деді. Біздегілер артық суды Қоғалы елді мекені арқылы Айдаркөлге құюды көздеді. Ауылға топан суды өткізбеуге кірісті. Алайда топан судың ағысы қатты болды. Тұрғындар өз отбасын жақын маңға көшірді. Ал қалғандары дамбыларды жасады. Қазір бәрі қолдан келгенше дамбылар жасап жатыр", - дейді Әсемгүл.

Оның сөзінше, кейін Мақтаарал ауданының Өргебас ауылын су басқан.

"Халық сасқалақтап, құжаттарын алды да, ауылдан қашты. Баспаналардың бәрі судың астында қалып, халықтың жылдар бойы паналаған үйлері, мал шаруашылығы мен егіндері көкке ұшты. Қазір осы жағдайды ойлап, отбасымызбен ұйықтай алмай жүрміз. Түнімен ұйықтамай, су тасқынымен күрескен күндеріміз болды", - дейді ол.

Бүгінде Әсемгүл Уәлихан су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін ерікті болып жүр.

"Қазіргі уақытта Жетісай ауданының тұрғындары қолдан келгенше - ақшалай да, еңбек күшімен бірлесіп көмектесіп жатырмыз. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсеткім келді. Баспанасынан айырылған отбасыларды, кішкентай балаларды көрген кезде жылағым келеді", - дейді ол.

Әсемгүлдің сөзінше, ауылдар әлі көшіп жатыр екен. Қазір барлық жерде әскерилер мен дәрігерлер  жүр. Халықтың шуы басылып, еріктілер дәрі-дәрмектер мен тағамдарды жеткізіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр екен.  Арыс қаласынан гуманитарлық көмек келген, ал кеше Шымкент қаласынан арнайы еріктілер тобы келіпті.

"Мақтаарал мен Жетісай аудандары бұрыннан бірлесіп келеміз, ал мына жағдай бүкіл Қазақстанның қалалары мен ауыл-аймақтарының қарым-қатынасын нығайтты. Жекеге келіп жатқан хаттар соның куәсі", - дейді Әсемгүл.

Ол елдің әр аймағынан халық қандай көмек керек екенін сұрап, қолдау көрсетіп жатқандар көп екенін айтады. Бірақ қазір халықтың арасында іріткі салып жүргендер де бар екен, сол үшін сыйлы азаматтар барынша сабырлыққа шақырып жатыр.

"Материалдық шығын болғанымен, аймақта адам шығыны жоқ, соған тәубе дедік. Таяуда Өзбекстаннан өлген жылқымен ағып келген бір азаматты құтқарып алды", - дейді Әсемгүл Уәлихан.

Әсемгүл желіде тарап жатқан түрлі видеоларға қатысты да пікірін айтты.

"Қазір аймақтағы оқиғаға қатысты түрлі видео тарап жатыр. Бұл халықтың талқысына түскені дұрыс шығар. Таяуда Өргебас ауылында түсірілген бір видео көрдім. Бір кісі суда тұрып, бірен-саран көрпесі мен итін қазанның ішіне салып қойған. Видео авторы күшіктердің суға батқанын айтады. Су деңгейі үйлердің терезелеріне жетіп тұр. Бұл осындай бір ғана оқиға. Видеоға түспей қалған жайт өте көп", - дейді ол.

Оның айтуынша, билік қазір зардап шеккендерге көмектесіп жатыр екен.

"Әскери адамдар келді дегенде қуандық. Қоғалы ауылында дамбылар жасағанын естідік, көрдік. Шынымды айтсам, өзіміз әлі толық түсінген жоқпыз. Бірақ әлі көмек бәріне жете қойған жоқ. Халық бір-біріне WhatsApp арқылы көмек сұрап жатыр, Instagram-да да сол", - дейді ол.

Оның сөзінше, зардап шеккендерге көмектесу мақсатында түрлі қор ашылған. Кей кафелер таңнан жұмысқа қосылып, сондағы адамдарға тамақ берген. Ал бір кәсіпкерлер киім-кешек жеткізіп жатыр екен.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram