РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
25 декабря 2018 | 10:16

Жүрегін ауыстырған астаналық отадан кейін болған тылсым жайлы айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сурет Азат Көптілеуовтің жеке мұрағатынан Сурет Азат Көптілеуовтің жеке мұрағатынан

Қазақстанда тоғызыншы болып жүрегін ауыстырған 42 жастағы астаналық Азат Көптілеуов ота жасалғаннан кейінгі өмірі жайлы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Қазақстанда тоғызыншы болып жүрегін ауыстырған 42 жастағы астаналық Азат Көптілеуов ота жасалғаннан кейінгі өмірі жайлы әңгімелеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Азат Көптілеуов Қызылорда облысының Қазалы ауданынан. Құрылыс бригадасының дәнекерлеушісі мамандығын алған ол 2007 жылы Астанаға көшіп келген. Күндердің күнінде ауыр жұмыстан кейін жүрегі ауырып, елордадағы "Ана мен бала" орталығына барыпты. Сондағы ультрадыбыстық зерттеу қорытындысы бойынша жүрегі минутына 19 рет қана соғатыны анықталып, бұл жайтқа дәрігерлердің өзі таңғалған. Негізінен қалыпты жағдайда жүрек минутына 60-80 рет соғылуы тиіс екен.

"Сөйтіп, донор жүрек керек деп, кезекке тұрдық. Ал оған дейін отаға дайындай берді. 5 ай өткенде өзіммен құрдас қостанайлық әйел табылып, жүрегі салынатын болып шешілді, осылайша 2014 жылы Қазақстанда тоғызыншы рет жүрек ауыстыру операциясы маған жасалды", - деп әңгімеледі ер адам. 

Алғашында өзге адамның ағзасына бейімделу қиынға соққан екен. Тіпті донор келіншектің өміріндегі кейбір жайттарын көрмесе де, сезіп-біліп жүрдім дейді ол. 

"Ота жасалып, жүрек ауыстырғаннан кейін ұйқылы-ояу сөйлеппін. Алдыма жансақтау бөліміне келіп отырған әйелімнен "Төрт балам қайда?" деп сұраппын. Бірақ өзімнің балам жоқ. Кейін маған жүрегі салынған әйелдің төрт баласы бар екенін білдік. Меніңше, бұл ана жүрегінің балаларын іздеуі. Менің бар білетінім, ол әйел Қостанайдан, ұлты - орыс. Болды. Аты-жөнін, жалпы кім екенін айтпады", - дейді Азат Көптілеуов.

Сонымен қатар, ол жүрегі салынған әйелдің отбасымен араласып, хабарласып тұрғысы келгенін, бірақ дәрігерлердің бұған қарсы болғанын жеткізді.

"Қазақстанда әйелдің жүрегі салынған Жәнібек Оспанов деген кісі бар. Сол кісі донор әйелдің отбасымен әлі күнге араласып тұрады екен. Сол секілді мен де бөтен емес қой деп, қостанайлық донор әйелдің отбасымен сөйлесіп тұрғым келген. Бауыр болып, туыс болып кетерміз деп ойладым. Бірақ дәрігерлер бұған қарсы болды. Маған "жүрек берген отбасын көргенде өмір бойы қарыздар болып, сол қарызды қалай қайтарамын деген ойдан арыла алмай қаласыз, сондай психологиялық қиындыққа душар болып, ары қарай дами алмай қаласыз" деді. Уайым қатты болады екен", - дейді ол.

Мұнымен бірге, ол дәрігерлеріне алғыс айтты. "Махаббат Сансызбайқызына, Гүлжан Шалатайқызына, Юрий Пяға және тағы да басқа дәрігерлеріме алғыс білдіремін, жұмыстарына жеміс тілеймін. Көп-көп рақметімді айтамын", - деп алғысын айтты Азат Көптілеуов.

Азат жайлы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы шағын ролик дайындаған екен:

Азат Көптілеуовтің оқиғасы жайлы Еуразия Бірінші арнасы сюжет түсірген болатын. Телеарна мәліметінше, жүрек трансплантациясына мұқтаж елімізде 150 адам бар екен. Ал 2 мыңнан астам адам бүйрек, 450-і бауыр, 10-ы басқа да органдарын ауыстыру үшін кезекте тұр. Алайда, олардың бәріне бірдей донор табыла бермейді. Басты себеп, сау адамдардың көбі өзгеге ағзасын беруге келіспейді. Ал, марқұмдардың жақындарының көбі оның органын алуға үзілді-кесілді қарсы. Салдарынынан трансплантация жыл сайын азаюда. Мәселен, 2016 жылы 305 адамның ағзасы аусытырылса, былтыр бұл көрсеткіш 295, ал биыл тіпті 190-ға түсіп кеткен. Сондықтан, қауіпті аурулардан қайтыс болғандардың органдарын пайдалану мәселесі көтеріліп жатыр екен. Ол үшін заңға өзгертулер енгізу қажет.

"Зақымдалған ағзаларды донорлыққа қолдану туралы заң жобасына өзгерістер енгізілуде. Бұл жерде вирустық Б немесе С гепатитіне шалдыққандардың органдарын пайдалану керек пе, жоқ па деген сұрақ туындауда. Дәл қазір біздің заңымыз оларды қолдануға тыйым салады. Ал әлемдік тәжірибеде оң көрсеткішті "Б немесе С гепатитіне шалдыққандардың ағзалары пайдаланыла береді. Тек мұндай дертке шалдыққан ағзаны осы аурудан жапа шеккендерге ғана қолданады" - дейді А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының трансплантолог-хирургі Жасұлан Баймаханов.

Заңға өзгеріс енгізуге себеп жоқ емес. Өйткені, біздің елде сары ауру, туберкулез, мерез сияқты жұқпалы дерттермен ауыратындардың ағзаларын донорлыққа алу заңмен шектелген. Дәрігерлер, мұндай тыйымды алып тастасақ, халықтың өмір жасын ұзартуға сеп болар еді дейді. 

"Бұл жағдайларда жалпы кодекс нақты жауап бермейді. Егер адам қайтып кетсе, өліп қалса, дүние салса бұл жағдайларда кодекс тікелей айтпайды. Келісім керек болмаса, донор бола алады, трансполонтологияға жағдайы бар деп айтылмайды. Бұл жағдайды медициналық консилиум шешеді", - дейді заңгер Айсана Сман. Былтыр қайтыс болған 24 адамның ағзасы донорлыққа пайдаланылыпты. Бірақ, кейбірі дауға ұласты. Мәселен, Ақтөбеде шу шығып, марқұм Серікболсын Көшербайдың туған-туыстары сотқа арыз түсірген болатын. Өйткені дәрігерлер марқұмның бүйрегін туыстарының рұқсатынсыз алып, пайдаланған екен. Дегенмен, істі тергеген полицейлер бәрі заң аясында болды деп, мәселені жапқан еді. Бұл іске Денсаулық сақтау министрі де араласып, пікір білдірген еді.

Елжан Біртанов өмірден озған адамның ішкі органдарын туыстарының рұқсатынсыз алу дұрыс, бұған заң рұқсат береді деп кесіп айтқан болатын.

"Адам көзі тірісінде ағзасын алуға келіспейтінін ресми, жазбаша түрде қалдырмаса онда келісімін берді деп топшыланады. Сондықтан, туған-туыстарының келісімінсіз мүшесін алуға рұқсат етілді деген сөз. Адам өмірін сақтауға бағытталған норманы өз басым құптаймын", - дейді ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Ал биыл 9 мәйіттің ағзасы өзге адамдарға салынып, олардың өмірін сақтап қалған. Қайтыс болған 42 адамнан түрлі ауру табылғандықтан, органдары донорлыққа алынбаған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети