Биыл 24 тамызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданында Мемлекет басшысының қатысуымен "Ұлытау-2019" халықаралық туристік форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы айтты. Бұл мәселені Президент 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да көтерген болатын. Tengrinews.kz тілшісі тарих ғылымдарының кандидаты Факия Шамшиденовадан Алтын Орда тарихы туралы сұрап көрді.
Биыл 24 тамызда Қарағанды облысы Ұлытау ауданында Мемлекет басшысының қатысуымен "Ұлытау-2019" халықаралық туристік форумы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы айтты. Бұл мәселені Президент 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да көтерген болатын. Tengrinews.kz тілшісі тарих ғылымдарының кандидаты Факия Шамшиденовадан Алтын Орда тарихы туралы сұрап көрді.
Факия Шамшиденованың айтуынша, Алтын Орда - Жошы ұлысы ХІІІ ғасырдың 40 жылдары Бату хан құрған мемлекет. Оның құрамына Батыс Сібір, Солтүстік Хорезм, Еділ Бұлгариясы, Солтүстік
Кавказ, Қырым, Дешті Қыпшақ жерлері кірді. Солтүстіктен оңтүстікке дейін Алтын Орда Кама өзенінен бастап, Дербент қаласына дейін созылып жатты. Жошы ханның баласы Батудың кезінде ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекеттің астанасы Сарайшық қаласы болған (қазіргі Атырау облысының жерінде).
"Сарайшықта орда хандары Токта, Әз Жәнібек, кейіннен қазақ хандары Жәнібек пен Қасым жерленген. Қала ХІІІ ғасырда сауда-экономикалық орталығы ретінде қалыптасты", - дейді тарихшы маман.
750 жыл бұрын, яғни 1269 жылы қазіргі Қырғызстан аумағындағы Талас жерінде құрылтай өтіп, Моңғол империясы құлады. Үгедей, Шағатай және Жошы ұлыстарының өкілдері жиналып, Моңғол империясынан бөлініп, өз алдына дербес Алтын Орда мемлекеті болып шыға келді.
Алтын Орда хандығы. Фото: Qazaqstan tarihy
Алтын Орда Моңғол империясының батыс бөлігінде орнаған. XIII - XIV ғасырларда хандықтың күш-қуаты толысып, өркендеген кезде мемлекет жерінің аумағы 10 миллион шаршы шақырымнан асқан. Хандықтың аумағы қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан.
Халқы кімдерден құралған?
Факия Шамшиденованың сөзінше, Алтын Орда халқының басым бөлігі түркі тайпалары (негізінен қыпшақтар) болған.
"Орта ғасырлық деректерде оларды "татарлар" деп атады. Алтын Орданың батыс қанатында ХІІІ-ХІV ғасырдың екінші жартысында түркі тайпалары біртұтас этникалық қауымдастық болса, шығыс қанатында тайпалық құрылым сақталды. Билік басында хан тұрды. Одан кейін беклербек - жоғарғы әскери және көшпелі ақсүйектердің басшысы болды. Билеуші элита Жошы ұрпақтарынан құралды. Қалалар мен отырықшы халықты баскактар қадағалады", - дейді тарихшы.
Хандық халқы этникалық жағынан біркелкі болмаған. Отырықшы аймақтарда - Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрса, далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей тағы да басқа тайпалар мекендеген. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар аз болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кеткен.
Жошы ұлысы. © Qazaqstan tarihy
Хандық халқы алғашқы кезеңде қыпшақ, моңғол тілінде сөйлесе, кейіннен ескі татар тілінде қарым-қатынас құрған.
Алтын Орда атауының мағынасы
Алтын деген атау Моңғолия тарихы бойынша төрт шартараптың түсінен келген деген болжам бар. Яғни солтүстіктің түсі - қара, шығыс - көк, оңтүстік - қызыл, батыс - ақ, ал сары түс - орталықтың түсі.
Басқа бір болжам бойынша, Алтын Орда атауы орыс тіліндегі "Золотая Орда" атауынан шыққан. Бату ханның болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті үйлерден тіккізген қаласының атынан шыққан. Қала Еділ өзенінің жағасында орналасқан. Ал Моңғол тілінде "Алтын Орда" деген сөз тіркесі алтын түсті орданы не патша сарайын білдіреді екен.
Тарихшы Жақсылық Сәбитов "Қазақстан тарихы" порталына берген сұхбатында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген атаулар - ешқандай да мемлекеттің аттары емес екенін айтқан.
"Ол Жошы ұлысын басқарған хандардың әр кездегі резиденцияларының түсі, атауы. Хан егер астанада болса, дипломаттарды, әмір-кінәздерді алтын киіз үйде қабылдаған. Сол резиденциясын "Алтын Орда" дескен. Ал жазғы жайлауда болса, ақ шатырда қарсы алған. Ханның бұл ставкасы "Ақ Орда" аталған", - дейді тарихшы.
Факия Шамшиденованың айтуынша, Жошы ұлысындағы хан жарлықтары - тарихи-құқықтық дерек.
"Мысалы, Өзбек ханның Азовтың венециялық көпестеріне берген жарлығы (1332), Жәнібекті жарлығы (1342), Ахматтың ұлы князь ІІІ Иванға жарлығы (1476), Тоқтамыстың Литва ұлы князы Ягайлоға жарлығы (1392-1393). Бұлардың мазмұнына қарасақ, Жошы ұлысында құқықтық институттың қалыптасқанын, салық, сот жүйесінің, ішкі және сыртқы сауда қатынастарының дамығанын байқаймыз. Жарлықтар жылнамалық деректерді толықтырады және құқықтық қатынастарды салыстыруға мүмкіндік береді", - дейді Шамшиденова.
Сонымен қатар тарихшы Алтын орда - Жошы ұлысы толық біздің Орда деп айтуға деректер бар екенін атап өтті.
"Туристік кластерді дамытуда Қазақстан жеріндегі Жошы ұлысына қараған жерлерді тарихи туризмге сай жандандыру қажет деп санаймын", - дейді тарихшы Факия Шамшиденова.
Алтын Орданың ыдырауы
Алтын Орда хандығында берік мемлекеттік бірлестік болған жоқ. Оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі, экономикасы төмен болған.
Ішкі-сыртқы байланыстар феодалдық қатынастар дамыған сайын шиеленісе түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына талас басталып, феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. 1357 -1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты.
ХIV ғасырдың аяқ кезінде Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. Алтын Орда тарихында "дүрбелең кезең" басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетті. Сөйтіп ішкі және сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреген.