Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер коронавирус және карантинге қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның ішінде жалғандары да бар. Мысалы, алдымен Алматы мен Нұр-Сұлтанның жабылатыны, кейін бұл қалаларда кинотеатрлар ашылатыны туралы ақпарат тараған. Олар фейк болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі елде коронавирус пен карантинге қатысты тараған жалған ақпараттар туралы баяндайды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер коронавирус және карантинге қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Оның ішінде жалғандары да бар. Мысалы, алдымен Алматы мен Нұр-Сұлтанның жабылатыны, кейін бұл қалаларда кинотеатрлар ашылатыны туралы ақпарат тараған. Олар фейк болып шықты. Tengrinews.kz тілшісі елде коронавирус пен карантинге қатысты тараған жалған ақпараттар туралы баяндайды.
"Алматыда блокбекеттер қайта қойылып жатыр"
Бір апта бұрын әлеуметтік желіде Алматыда қайтадан блокбекеттер қойылады деген ақпарат тараған. Дәлірек айтқанда, ролик авторы Райымбек даңғылынан Фабричний ауылына қарай бағытта блокбекеттер қойылған айтып, оны видеоға түсірген. Кадрлардан автокөлік кептелісі пайда болғанын көруге болады. Видео артындағы ер адам даусы Алматы қаласы мен облысының шекарасына блокбекеттер қойылғанын айтады.
Сонымен қатар, осыған ұқсас ақпаратпен аудиожазба да тараған.
"Ташкент тас жолынан жоғары, Фабричний ауылына бара жатқан бағытта көпір бар, сонда пост қойылған. Біз Ұзынағашқа қарай бара жатқанбыз, екі жақта блокбекеттер бар. Қаскелең, Ұзынағаш, Шамалған. Неге қойғанын білмеймін, айтпайды. Әскерилер жүр, УАЗ тұр", - делінген хабарламада.
Tengrinews.kz редакциясы бұл хабарлама бойынша Алматы және Алматы облысының әкімдіктерінен пікір сұраған. Олар таратылған ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
Алматы полиция департаменті де бұл есепке түсініктеме берді.
"Біз бұл ақпаратты растамаймыз, облыс полициясы бүгінде еш жерге блокбекет орнатпады. Видео ескі шығар. Не болмаса, жолда басқа бір жағдай болуы мүмкін", - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
"Алматыда кинотеатрлар ашылады"
Әлеуметтік желіде Алматыдағы карантин талаптары бойынша тағы бір ақпарат тараған. Бұл жолы ақпаратта 15 маусымда Алматыдағы кинотеатрлар ашылады делінген.
Фото ticketon.kz сайтынан
Бірақ бұл да шындыққа жанаспайтын болып шықты. Алматы мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деді.
"Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны туралы ресми түрде хабарлаймыз", - деді Бекшин.
Оған қаладағы эпидемилогиялық жағдайдың жақсармағаны себеп болған.
"Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус инфекциясының тіркелу динамикасының төмендемеуіне байланысты Алматы қаласында кинотеатрлардың жұмысын қалпына келтіру туралы мәселе қарастырылған жоқ", - деді ол.
"Барахолка" жабылады
WhatsApp топтарында 9 маусымда барахолканың жабылатыны туралы хабарламалар тараған еді. Хабарламада азық-түлік емес тауар сататын дүкендер мен базарлардың жабылатыны айтылған. Алайда қалалық әкімдіктің өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарды.
Бұл туралы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин айтты.
"Біз бұл мәліметті растамаймыз. Карантин кезінде қызмет түрлерін жандандыру немесе тоқтату туралы шешімнің барлығын бас санитар дәрігер қабылдайтыны белгілі. Бірақ 1 маусымнан бастап коронавирус инфекциясының алдын алу, оны анықтау және емдеу тәртібі өзгерді. Біз, Алматы әкімдігінің өкілдері, барахолканы жабу мәселесін талқылап немесе оған қатысты шешім шығара алмаймыз. Бірақ барлығы қызметкерлер мен келушілердің санитарлық қауіпсіздігі үшін карантин ережелерін сақтауы керек", - деді Оразалин.
Алматыдағы барахолка жұмысын 1 маусымда бастаған болатын.
Фото: Әлихан Сариев
"Алматы мен Нұр-Сұлтан қайта жабылады"
WhatsApp мессенджерінде Алматы мен Нұр-Сұлтанға кіріп-шығуға тыйым салынды деген хабарлама тарады.
"19.06.20, 00.00, Нұр-Сұлтанда, Алматыда карантин енгізіледі. Азаматтар мен көліктердің кіріп-шығуына тыйым салынады. Қайда қалатыныңызға байланысты алдын ала шешім қабылдаңыз" - делінген желідегі хабарламада.
Елорда әкімдігінің қызметкерлері ақпараттың фейк екенін мәлімдеді.
"Мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат - "19 маусымнан бастап елордаға кіріп-шығуға тыйым салынады" деген жалған. Тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз. Ең алдымен бұл - қала әкімшілігінің сайты. Бұдан бөлек, санитарлық нормаларды: маска тағу, қолды антисептикпен сүрту, қашықтық сақтауды орындау керек.
Санитарлық нормалар бұзылған жағдайда қала бұрынғы қатал карантин режиміне оралуға мәжбүр болады: блокбекет қойылады, қоғамдық көлік тоқтайды, көптеген кәсіпорын тағы жабылады. Қаланың бұрынғы өміріне - ТЖ режиміне дейінгі жағдайына қайта келуі әрқайсымызға байланысты", - деп мәлімдеді елорданың баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігіндегілер де тараған ақпараттың жалғанын екенін айтты.