28 февраля 2020 | 12:31

"Жарқанат сорпасынан басталған", "Тұзды су емдейді" - Коронавирус туралы жалған ақпараттар

Таяуда әлемге танымал актер Джеки Чан коронавирус жұқтырды деген ақпарат тараған. Бірақ кейін актердің өзі оның тек қауесет екенін айтқан болатын. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты әлемде тараған фейк-жаңалықтарға шолу жасайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Таяуда әлемге танымал актер Джеки Чан коронавирус жұқтырды деген ақпарат тараған. Бірақ кейін актердің өзі оның тек қауесет екенін айтқан болатын. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты әлемде тараған фейк-жаңалықтарға шолу жасайды.

Джеки Чан коронавирус жұқтырды - фейк

Реклама
Реклама

Шетелдік БАҚ-тардың көбі Джеки Чан Гонконгте жабық кешке барған соң актердің және басқа да қонақтардың карантинге жатқызылғанын айтқан.

21 ақпанда Гонконг полициясы кеште болған 59 офицердің карантинде екенін растаған. Олар вирусты 48 жастағы әріптесінен жұқтырған, ол да сол кеште болған-мыс.

Кейін 8Days басылымы Джеки Чан вирус жұқтырды деген мәлімет шындыққа жанаспайтынын жазған. "Джеки Чан мен полиция комиссары бір кеште болған жоқ, олар екі түрлі кеште болды", - деп жазады БАҚ.

Артынша Джеки Чанның өзі дін аман екенін айтты.

"Қамқорлықтарыңыз үшін рақмет! Мен аман-есенмін. Өтінемін, уайымдамаңыздар, мен карантинде емеспін. Сіздер де аман-есенсіздер деген үміттемін!", - деп жазды актер Instagram желісіндегі парақшасында.

Тұзды су коронавирустан сақтайды - фейк

Коронавирус әлемге тарай бастағанда Weibo, Twitter мен Facebook әлеуметтік желілерінде тұзды сумен вирусты жеңуге болады деген ақпарат тараған. Олар жазбаларында қытайлық маман, Гуанжоу медициналық университетінің қызметкері Чжун Наньшаннің кеңесіне сілтеме береді.

Маман вирустың алдын алу тәсілдерінің бірі деп ауызды тұзды сумен шаюды айтқан. Бірақ желіде оның сөзі бұрмаланып, бұл тәсіл вирустан емделуге көмектеседі деп тараған.

Кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы физиологиялық ерітіндінің жаңа коронавирустан қорғайтынына ешқандай дәлел жоғын мәлімдеді", - деп жазды Fact Check service.

Чжун Наньшаннің өзі мұндай кеңес бермегенін, тек гигиена сақтаудың маңызын атап өтті.

"Бананнан жұғады", "Мәйіттерді өртеп жатыр". Коронавирус туралы Қазақстанда тараған фейктер

Коронавирустан емдейтін дәрі табылды - фейк

Ресейде коронавирустан емдейтін дәрі анықталды деген ақпарат тараған. Мұндай тақырыппен The Bell, "Дождь" және "Ведомости" секілді басылымдар ақпар берген. Олар ресейлік "Арбидол" дәрісі коронавирустан емдейді деп хабарлаған. Кейін бұл ақпаратты басқа да БАҚ өкілдері іліп әкеткен.

"Қытай денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде "Арбидолды" коронавирусқа қарсы дәрі деп мойындады", - деген ақпарат таратты олар.

Кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, қытайлық дәрігерлер де әлі коронавирусқа қарсы дәрі ойлап таппаған.

Қытайдағы мемлекеттік сайт 30 дәрінің коронавирусқа қарсы қолдану үшін сынақтан өтіп жатқанын ғана хабарлаған. Олардың қатарында расымен де "Арбидол" бар. Бірақ бұл "Арбидолдың" вирустан емдейтінін білдірмейді.

Дәрігерлер миллиондаған адам өлетінін хабарлады - фейк

Шри-Ланкада әлеуметтік желі қолданушылары тағы бір қауесет тарата бастаған. Олар коронавирустан миллиондаған адамның қайтыс болатынын айтып үрейлендірген. Сондай-ақ олар дәрігерлерге сілтеме жасап, 11 миллион тұрғыны бар Уханның басым бөлігі көз жұмады деп қауесет таратқан.

"Коронавирустан емделуге арналған дәрі-дәрмектің табылмауына байланысты дәрігерлер Ухан тұрғынының бәрі қайтыс болады деп болжап отыр", - деп жазған олар.

Қытай билігі де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мұндай болжамның жасалмағанын айтып отыр. Ал Сингапур инфекциялық аурулар ұлттық орталығының басшысы Шон Васу коронавирус жұқтырғандардың 20 пайызы ғана ауыр жағдайға тап болуы мүмкін екенін болжаған.

Бәрі жарқанат сорпасын ішкен қыздан басталды - фейк

Еуропада әлеуметтік желілерде коронавирус жарқанаттың сорпасын ішкен қыздан басталды деген қауесет тарады. Бұл жазбаларда мейрамханада жарқанат сорпасын ішіп отырған қытайлық қыздың видеосы қоса жүреді.

Видеода расымен де қытайлық бойжеткен сорпа ішіп, жарқанатты жей бастайды.

Вирус жануарлар арқылы пайда болуы мүмкін деген нұсқа шынымен де бар. Бірақ оның видеода көрсетілген қытайлық қыздан басталуы - жалған. Себебі видео коронавирустан бірнеше жыл бұрын шыққан.

Роликтің коронавирусқа қатысы жоғына тағы бір дәлел - видео Уханда, тіпті, Қытайда да түсірілмеген. Бұл - Палау республикасында түсірілген видео.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram