Еліміздің азаматтарынан ай сайынғы жалақысынан зейнетақы аударымына деп 10 пайыз, ал жеке табыс салығына деп тағы 10 пайыз мөлшері алынады. Неліктен осы екі алымды қосып, 20 пайыз алынады деп жаза салуға болмайды? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына экономист Арман Байғанов жауап беріп, оның қалай есептелетінін түсіндірді.
Еліміздің азаматтарынан ай сайынғы жалақысынан зейнетақы аударымына деп 10 пайыз, ал жеке табыс салығына деп тағы 10 пайыз мөлшері алынады. Неліктен осы екі алымды қосып, 20 пайыз алынады деп жаза салуға болмайды? Tengrinews.kz тілшісінің бұл сұрағына экономист Арман Байғанов жауап беріп, оның қалай есептелетінін түсіндірді.
Міндетті зейнетақы жарнасы
"Зейнетақымен қамтамасыз ету заңына сәйкес жалдамалы еңбек шартымен жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жалақысынан 10 пайызы ұсталады. Жұмыс беруші бұл ақшаны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуы тиіс. Бұл орындалмаса салық комитетінің өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сүйене отырып айыппұл салуы мүмкін. Сондай-ақ кез келген жеке тұлға өзінің зейнетақыдағы қорындағы аударымдарын жеткіліксіз деп санаса, онда ол қосымша аударым жасай алады", - дейді экономист маман.
Маманның сөзінше, салымшылардың жинағы "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында" шоғырланады. Қордағы ақша пайда табу мақсатында айналымға түседі. Яғни қордағы қаржының кірісін арттыру үшін олар әртүрлі қаржылық құралдарға инвестицияланады. Егер де әртүрлі себептерге байланысты инвестицияға құйылған қаражат шығынға ұшыраған жағдайда олар мемлекет есебінен қайта қаржыландырылады.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" мамандарының сөзінше, 2018 жылдан бастап зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі. Яғни "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына" жалақыдан аударылатын жарналардың нақты енгізілген мөлшерінің (инфляцияға қарамастан) сақталуына мемлекет кепіл береді. Қордағы зейнетақы жинақтары салымшының меншігі болып қалады және мұраға қалады. Зейнетақы қорындағы жинақ ақша ешқашан инфляцияның құрбаны болмайды.
Жеке табыс салығы
Маманның айтуынша, міндетті зейнетақы жарнасы шегерілгеннен кейін айлығыңыздан 10 пайыз жеке табыс салығы (ЖТС) алынады.
"Бұл сома тікелей республикалық бюджетке түседі. Ал бюджет сәйкесінше еліміздің табысын құрайды. Жиналған қаражат кейіннен әртүрлі бағдарламаларға жұмсалады. Оның ішіне зейнетақы, шәкіртақы, жол құрылысы, денсаулық сақтау ұйымдары мен мектептер, бюджет қызметкерлерінің жалақысы бар", - дейді экономист.
Айта кетейік, 2019 жылдың басынан егер де жалақы мөлшері 25 АЕК-тен аспаса (2019 жылы, 63 125 теңге) онда жеке табыс салығына (ЖТС) 10 пайыз емес, тек 1 пайыз алынады.
Бұл бастаманы 2018 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Президенттің бес әлеуметтік бастамасында" көтерген.
"Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек", - деген еді Елбасы.
Қолға түсетін жалақы сомасы қалай есептеледі
Жоғарыда аталған есептеудің формуласын қарастырайық. Мысалы: жалақының мөлшері - 90 000 теңге.
90 000 * 10% = 9000 теңге (міндетті зейнетақы жарнасы)
Осыдан кейін, заң бойынша қалған сомадан ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) алынады. Себебі оған салық салынбайды. ЕТЖ 2019 жылы - 42 500 теңге.
81 000 - 42 500 = 38 500 теңге
Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) алынғаннан кейін, қалған соманың 10 пайызы жеке табыс салығына (ЖТС) аударылады.
38 500 *10% = 3 850 теңге жеке табыс салығы (ЖТС)
Еңбекақы = 90000 – 9000 – 3 850 = 77 150 теңге.
Нәтижесінде қолға түсетіні – 77 150 теңге – бұл 90 000 теңгедегі еңбекақыдағы таза табыс.
Оқи отырыңыз:
Еңбек демалысына төленетін ақшаны қалай есептейді
Еңбекке жарамсыздық парағы: Төлемді қалай есептейді