Әлеуметтік желілерде хайп, фидбэк, фандом, коллаборация, месседж сияқты сөздер сәнді болып тұр. Алайда бұл жаңа сөздер мен олардың мән-мағынасын қазақ тілінің қайсыбір сөздігінен таба алмайсыз. Ғылыми түсінік берілмеген бұл іспетті сөздердің проблемасы қашан шешіледі және оның мағынасын қашан дұрыс түсініп, дұрыс жазатынымыз белгісіз.
Әлеуметтік желілерде хайп, фидбэк, фандом, коллаборация, месседж сияқты сөздер сәнді болып тұр. Алайда бұл жаңа сөздер мен олардың мән-мағынасын қазақ тілінің қайсыбір сөздігінен таба алмайсыз. Ғылыми түсінік берілмеген бұл іспетті сөздердің проблемасы қашан шешіледі және оның мағынасын қашан дұрыс түсініп, дұрыс жазатынымыз белгісіз.
Анар Фазылжан,Шайсұлтан Шаяхметов атындағы"Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының басшысы |
Филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанның айтуынша, бұл сөздер неологизм деп аталады.
"Тілге сөз өздігінен енбейді, өмірімізге келіп жатқан жаңа құбылысқа байланысты айналымға енеді. Мәселен, "ұялы телефон" деген сөздің өзі қазір ескілік болғанымен, сол құрылғы біздің өмірге алғаш кірген дәуірде жаңа сөз болып саналған. Оның "қалта телефоны", "қолтелефон" деген түрлі атаулары да болған. Тағы осындай сөздер ағылшын тілінен өзгеріссіз алынса, "селфилету", "банға жіберу", "лайк басу" сияқты сөздер қазақ тілінің емлесіне, жүйесіне, дыбысталуына икемделіп жатыр", - дейді тіл маманы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұндай жаңа сөздер ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау болып, жаңа сөздердің мән-мағынасын, дұрыс жазылуы мен айтылуын бекіту үшін көп зерттеу жұмыстары жүріп жатыр екен.
"Солардың бірі - Тіл білімі институтының докторанты Айжан Серікбаеваның қазір жазып жатқан еңбегі. Оның зерттеу тақырыбы - Виртуалды коммуникациядағы қазақ тілі". Ғалым еңбегінде қарастырып, таптастырады, сөздікке қайсысын алу керек, қайсысын әзірше алмай тұра тұру керек деген мәселелерді анықтайды. Сонымен бірге, биыл Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі жаңа орфографиялық және орфоэпиялық параллель сөздігін жасайды. Бұл сөздікте қазіргі қолданыстағы сөздер кирилл әліпбиімен беріледі, оның жанына жаңа емлемен жазылған латын әліпбиіндегі нұсқасы, сондай-ақ қалай оқылатыны транскрипция арқылы беріледі", - деп түсіндірді ғалым.
Филологтың айтуынша, осы сөздіктің құрамына әңгімеге арқау болып отырған неологизм сөздер енеді.
"Жаңа сөздер соңғы рет 2013 жылы шыққан "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне" енген. Онда сол алты жыл бұрынғы жаңа сөздердің барлығы болмаса да, біршамасы берілген еді. Ендігі міндет - бүгінге дейін енген жаңа сөздерді тіркеп, жаңа сөздік шығару. Онда мысалымен бірге беріледі", - дейді Анар Фазылжан.
Тіл маманы мұндай жаңа сөздерді ғылыми түрде бекітіп, сөздікке енгізуге алты жыл ұзақ емес пе деген сұраққа былай дейді:
"Елу жылда ел жаңа". Өмірімізге жылдам еніп жатқан жаңа сөздерге академиялық сипатта үлкен сөздік жасайтын уақыт жетті. Өйткені қазіргі техника заманында, жаһандану үрдісінде кез келген белсенді қауымдастықтың тілі өзгеріске ұшырап отырады. Бұрын арифметикалық прогресте өзгеріс жасалып отырса, қазір геометриялық прогресс жүруі тиіс. Сондықтан сөздіктер араға ұзақ жыл салмай, оқтын-оқтын шығып отыруы тиіс".
Жаңа кірме сөздер мен олардың мағынасына шолу жасасақ:
Фидбэк
Бұл сәнді сөз англо-саксонның "feedback" сөзінен алынған, қазақ тіліне аударғанда "кері байланыс", "қайтарым" деген ұғымды білдіреді. Feedback - тікелей аудармасы "кері тамақтандыру". Негізгі мағынасы - пікір, кері реакция немесе қайтара әрекет. Мәселен, көп сайтта фидбэк деп оқырмандармен кері байланысты айтады, олардың қандай да бір контентіне я тауарына баға мен пікірін білу барысында қолданылады.
Бұл сөзді әсіресе музыканттар жиі қолданады. Сала мамандары зорайтылған дыбыстың микрофон немесе аспап динамигіне әсерін фидбэк дейді. Қазақ тілінің сөздігінде жоқ болғандықтан, бұл сөздің жазылу нұсқасында "фидбэк" десек қателеспейміз.
Профит
Әсіресе бизнесте жиі қолданып жүрген бұл сөз ағылшын тілінен аударғанда "пайда", "табыс" деген мағынаны білдіреді. Интернетте бұл сөз көбіне мынадай әзіл мемдермен беріледі:
1) Әлдене жасау
2) тағы әлдене қосу
3) ...
4) Профит!
Бұл мем South Park сериалынан шыққан, мұнда Profit кальсон гномдарының бизнес-жоспарының қорытынды пункті болған.
Кэш
Cash - қолма-қол ақша, банкнота және тиындар формасында заңды түрде төлем жасау. Ал тағы бір мағынасы сатып алушының несие немесе бөліп төлеусіз бірден тауар ақысын төлеу.
Кешбэк
Cash back - тікелей аудармасы қолма-қол ақшаны қайтару, алайда бұл терминді интернет-сауда саласында, банк ісінде және ойын бизнесінде клиенттерду тарту мен адалдығымен жаулап алу мақсатында ұйымдастырылатын бонус бағдарламасы деп түсінген абзал. Интернет саудасында кешбэк уақыт өте қайтарылатын жеңілдік болса, банк саласында клиентті банк картасы арқылы сауда жасауға шақыратын бағдарлама.
Фандом немесе фэндом
Фандом - фэндом немесе фандом, ағылшын тілінен fandom - "фанаттар қауымдастығы" деген мағынаны білдіреді. Бұл негізінен қызығушылықтары ортақ адамдардың қандай да бір танымал адамдарға, шығармаларға, топтарға бірігіп серіктестік пен ықылас танытуын бейнелейтін жанкүйерлерден (фанаттардан) тұратын субкультура.
Фэндом термині бізге ағылшын тілінен келген. Бастапқыда бұл сөз "ғылыми фантастикамен әуестенетін адамдардың тобы" мағынасын білдіретін, бірақ кейіннен мағынасы бұдан да кеңейе түсті. Батыс фэндомдарындағы жағдайға ұқсас, алғашқы және ең ірі орыс фэндомдарының шығу тарихы фантастикамен байланысты.
Коллаборация
Коллаборация әдетте әріптестік сөзінің ұғымы, қандай да бір саладағы екі немесе одан да көп адамның, ұйымдардың ортақ жетістікке жетудегі біріккен қызметі я әрекеті. Оның барысында білім мен тәжірибе алмасу, келісімге келу жүреді.
Месседж
Бұл ағылшын тіліндегі медиа сөз, оның қазақ тіліндегі мағынасы "жеткізгің келген ой", "хабарлау". Яғни күнделікті қолданып жүрген мессенджерлеріміз месседж алмасу құралы.
Хайп
Ел алдында арзан атаққа құмарлықты хайп десек қате емес. Бұл жастардың ағылшын тіліндегі (hype) сөзін "атың шықпаса жер өрте" мағынасымен түсіндіруге болады. Бірақ хайп медиадағы шу мен қызу әңгіме.