Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын жеткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын жеткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Берік Уәли Мемлекет басшысының коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңесте айтқан сынын Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Президент коронавирусқа байланысты құрылған сайтта тұрғындар көп шағын түсететінін және оның үштен біріне ғана жауап қайтарылғанын атап өткен.
"www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда", - деген Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керегін тапсырған.
"Телеарналардан, тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет", - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстардың маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды.
Еске салайық, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізетінін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды" деген айыптауға жауап берді.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!