РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
27 сентября 2021 | 09:56

Германияның медицина докторы QazVac пен Қазақстан медицинасын бағалады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дорейд Кастрати, "Берингер Ингельхайм" компаниясының бөлім басшысы Дорейд Кастрати, "Берингер Ингельхайм" компаниясының бөлім басшысы

Дорейд Кастрати әйгілі Гейдельберг университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, бірден Байер трансұлттық корпорациясынан шақырту алған. 2013-2016 жылдары Швейцария елінде Эболаға қарсы вакцина шығару процесіне жетекшілік етіп, сол кезеңдегі індет кеңінен таралмауына сеп болды. Дорейд Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, коронавирусқа қарсы екпе және отандық QazVac вакцинасы туралы айтып берді. 


Дорейд Кастрати әйгілі Гейдельберг университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, бірден Байер трансұлттық корпорациясынан шақырту алған. 2013-2016 жылдары Швейцария елінде Эболаға қарсы вакцина шығару процесіне жетекшілік етіп, сол кезеңдегі індет кеңінен таралмауына сеп болды. Дорейд Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, коронавирусқа қарсы екпе және отандық QazVac вакцинасы туралы айтып берді. 

Кейіпкеріміз 1978 жылы Германияның Дармштадт қаласында дүниеге келген. Ұлты - неміс. Бүгінде Берингер Ингельхайм халықаралық фармацевтика компаниясында ғаламдық ғылыми зерттеулер бөлімінің бастығы боп жұмыс істейді. 

"Амалын таппай, қатерлі дерттен жаны қиналған адамдарды көрсем, жүрегім ауырады. Өмірімнің жартысынан көбін фармацевтика саласына арнағаным да сол себепті болса керек. Оқу орнын аяқтамастан шағын зерттеу лабораториясына жұмысқа тұрып, алдыма анық мақсат қойдым. Соңғы 20 жыл ішінде қатардағы сарапшылықтан алып корпорацияның басшылық қызметіне дейін көтерілдім. Мансап қумағаным анық, әйтпесе жеке бизнес бастауға бұрын-ақ жетіліп қойған едім", - дейді ол. 

Маманның айтуынша, өкінішке қарай, медицина әр елде әркелкі деңгейде екені жасырын емес.

"Шығыс Африкада тұмау мен асқазан жарасын ажырата алмай, В12 дәруменін ем деп жазып берген дәрігерлерді де көрдік қой. Десе де, мақтаулы Оңтүстік Корея, АҚШ, Германияның өзінде де күніне бірталай адам ақ халаттылардың кәсіби білігі төмендігінен көз жұмып жатады. Қысқа қайырғанда, 55-тен астам мемлекетте болып, 55 түрлі медицина сапасын аңғардым", - деді неміс докторы. 

Дорейд Кастрати Қазақстан медицинасынан да хабардар болып шықты. 

"Егер қателеспесем, Қазақстанға 2010 жылы келдім. Ең бірінші еске оралып отырғаны - Алматының тар әрі ескі жедел жәрдем қызметінің көліктері. Арада 10 жыл өтті, бәлкім, қазір жағдай өзгерген болар. Әрине, бұл майда-шүйде іс болып көрінуі мүмкін, бірақ ауыр жағдайдағы пациентке жан-жақты медицина құрылғыларымен жабдықталған кең көлік қажет.

Сондай-ақ, бінеше медицина профессорымен және эндокринолог маманымен тілдескенім бар. Олар елдегі медицинаның жай-күйі турасында баяндап берген. Менің ойымша, Қазақстан халқы өз дәрігерлеріне толықтай сене алады. Елдеріңіздегі медицина деңгейі орташадан жоғары дер едім", - деп бағалады ол.

Дорейд Кастрати жұмыс істейтін мекеме әлемдік жетекші фармацевтикалық компаниялардың ТОП-20 қатарына кіреді

Сонымен қатар, неміс маманы қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ойын білдірді.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаға сенім статусын әлі бермегенін білеміз. Алайда бұл QazVac-тың КВИ алдында дәрменсіз, адам өміріне қауіп төндіретін екпе екенін білдірмейді. Осы тұста ДДСҰ Қытайда шығарылған Ad5-EBOV Эболаға қарсы вакцинасын мезгілінен кеш мойындағанын еске салғым келеді. Ал шын мәнінде сол екпенің көмегімен жалпыәлемдік індет ауыздықталды ғой. Қазір ДДСҰ Emergency Use Listing / Prequalification талдауынсыз ешқандай вакцинаға рекомендация бермейді, себебі олар 8 миллиард адамның алдында жауапты. Оларға да түсіністікпен қарауға болады. Мен жасаған талдау бойынша, QazVac 65 жасқа дейінгі адамдарға 83-84 пайыз тиімді болып шықты. Неге 60 жасқа дейін деген сұрақ туындауы мүмкін. COVID-19 қозған кезеңде эксперименттер мен инновациялық жобалардың басым бөлігі осы жас аралығын қамтымады. Сол себептермен 65 жастан асқан адамдарға арнайы жетілдірілген вакцина дайындалуы керек деп санаймын", - деді Дорейд Кастрати. 

Неміс маманы ең тиімді вакцинаны атады.

"Pfizer және Moderna екпелері тиімділік жағынан 95 пайыз көрсеткішке ие болып отыр. Мен үшін цифрлардың өзі менен бұрын жауап беріп қойған сияқты", - деп қысқа қайырды ол. 

Дорейд Кастрати екпенің теріс әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, екпеден кейін адам ағзасына ешқандай да зақым келмейді.

"Вакцинадан кейін қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік едәуір артады. Жер бетінің 80 пайызы екпе салдырғаннан кейін КВИ-мен қош айтыса беруге болады. Көп адам вакцинаға қарсы шығып, өздігінен емделгенді қалайды. Бұл түсініктен арылу керек. Екпеден кейін адам ағзасына ешқандай да зақым келмейді. Вакцинаның негізгі мақсаты - патогенге иммунитет қалыптастыру, қалғаны - бос сандырақ", - дейді маман.

Айта кетейік, Boehringer Ingelheim - 1885 жылы Альберт Берингер негізін қалаған отбасылық фармацевтикалық компания, Компанияның штаб-пәтері Ингельхайм қаласында (Германия) орналасқан. "Берингер Ингельхайм" әлемдік жетекші фармацевтикалық компаниялардың ТОП-20 қатарына кіреді. Бүкіл әлем бойынша орналасқан компанияның 142 өкілдігінде 47 400-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Жұмыстың негізгі бағыты - респираторлық, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, Паркинсон ауруын, АИТВ, тромбоэмболияны, цереброваскулярлық ауруды, қант диабеті мен гепатитті емдеуге арналған дәрілік препараттарды шығару. Өзінің құрылған сәтінен бастап "Берингер Ингельхайм" адамдар мен жануарларға арналған инновациялық дәрілік препараттарды әзірлеумен, зерттеумен және өндірумен айналысады. Компания - Еуропалық фармацевтикалық өнеркәсіп және қауымдастықтар Федерациясының (EFPIA) толық мүшесі.

Автор: Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер: спикердің жеке мұрағатынан

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети