РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
20 марта 2020 | 18:46

Елорда әкімі арнайы қор құрылғанын мәлімдеді

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов карантин кезінде тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету үшін арнайы қор құрылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімнің Facebook желісіндегі жеке парақшасына сілтеме жасап.


Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов карантин кезінде тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету үшін арнайы қор құрылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әкімнің Facebook желісіндегі жеке парақшасына сілтеме жасап.

Алдымен қала әкімі бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға үндеу жасағанын атап өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы тиісті деңгейде орындалып жатқанын жеткізді.

Осы орайда тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету үшін арнайы қор құрылғанын атап өтті.

"Үндеуде ұсынылғандай қаламызда арнайы қор аштық. Оған түскен қаржы мұқтаж азаматтарға, әлеуметтік осал топтарға беріледі. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтарды күні-түні емдеп үй бетін көрмей жүрген медициналық қызметкерлерге үстемақы ретінде беріледі", - деп жазды ол өз парақшасында.

Сондай-ақ Алтай Көлгінов қиын кезеңде халықты бірге болуға шақырды.

"Қазір бәріміздің мақсат-мүддеміз біреу ғана. Ол - тұтас ел екенімізді танытып, тосыннан келген сынақ кезінде жұдырықтай жұмылуымыз. Ол біздің қолымыздан келеді. Бірлігіміз бен сабырымыз сыналған талай қиыншылықты бірге жеңгенбіз. Оған кәрі тарих қаншама рет куә болған. Ол үшін шын мұқтаж азаматтарға осындайда қолдау қажет. Сондықтан арнайы қор ашылғанын хабарлап, іс басында жүрген қаламыздың кәсіпкерлерін осы сынақта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдауға шақырамын", - деп түйіндеді сөзін ол.

Осыған дейін алдағы екі аптада Нұр-Сұлтан халқын коронавирусқа тексеру басталатынын жазғанбыз. 

Сонымен қатар, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қауіпті індеттің алдын алу мақсатында елімізде қандай шектеулер енгізілгенін, маска тапшылығы қашан жойылатынын, мемлекет қанша кәсіпкерге қолдау көрсететінін айтқан.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус жұқтырған 7 науқастың 30 адаммен байланыста болғанын анықтаған.

Бүгін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 49 адамға жетті: Нұр-Сұлтанда – 25, Алматыда – 22, Қарағандыда – 2. 

Сондай-ақ, кеше Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 

Еске салайық, 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети