Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев елімізде не жұмыс істемейтін, не оқымайтын 300 мың жас бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы вице-министр ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Жаңаөзен қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өзекті екенін, оның шешіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ол 2019 жылдың дерегі бойынша не жұмыс істемейтін, не оқымайтын 300 мың жас бар екенін атап өтті.
"Жұмыссыз жастар мәселесі Жаңаөзен қаласына ғана қатысты емес. Мұны тек мысал ретінде келтірдім. Елімізде не жұмыс істемейтін, не оқымайтын жалпы 300 мыңға жуық жас бар", - деді Ержан Жылқыбаев.
Осы орайда ол жұмыссыз жастардың қандай қалаларда көп екенін айтты.
"Жұмыссыз жастардың басым бөлігі ауылдардан қалаларға келіп жатыр. Басқа өңірлермен салыстырғанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыссыз жастардың саны басым", - деді вице-министр.
Сондай-ақ Ержан Жылқыбаев еліміз бойынша жұмыссыз жастардың әлеуметтік картасы жасалып жатқанын тілге тиек етті.
"Жаңаөзендегі сияқты жұмыссыз жастардың әлеуметтік картасын барлық облыста жасағымыз келіп отыр. Олар кімдер, отбасылық жағдайы қандай, білімі бар ма, жоқ па? Бұл мәліметтер базада болады", - деп түйіндеді сөзін вице-министр.