Тәжірибелі инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева елімізде СOVID-19 вирусын жұқтырған егде жастағы науқастар өлімнен қалай аман қалғанын, оларға медициналық көмек қалай көрсетілгенін айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тәжірибелі инфекционист-дәрігер Динагүл Баешева елімізде СOVID-19 вирусын жұқтырған егде жастағы науқастар өлімнен қалай аман қалғанын, оларға медициналық көмек қалай көрсетілгенін айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алдымен дәрігер елімізге коронавирус инфекциясының жеңіл түрі келмегенін атап өтті.
"Қазақстанға вирустың жеңіл түрі келді" деп ойламаймын. Менің ойымша, бұл үкіметтің коронавирусқа қарсы шараларды уақытында қабылдауымен байланысты. Біз дер кезінде вирусты тауып, диагнозды ерте қойып, науқастарды оқшауладық", - деді ол денсаулық сақтау министрлігінің Facebook желісіндегі парақшасында таралған брифингте.
"Өмірін аман сақтап қалдық"
Осы орайда Динагүл Баешева індет жұқтырып, ауруханаға жатқызылған егде жастағы қазақстандықтардың жағдайына тоқталды.
"Коронавирус жұқтырған егде жастағы науқастарды тексерген кезде денсаулық көрсеткіштері өзгерген болды. "Жағдайы жаман емес" деген науқастың денсаулық көрсеткішін алайықшы. Қаны лимфофилия, бауырының көрсеткіштері өзгерген. Олардың денсаулығына мән бермесек, жағдайы 2-3 күннен соң нашарлап кетер еді. Медициналық көмектің уақытында көрсетілуі нәтижесінде олардың өмірін аман сақтап қалдық", - деді тәжірибелі маман.
"Өлім кетуі мүмкін"
Сондай-ақ, ол егде жастағы науқастардың өміріне қауіп төнгенін жасырған жоқ.
"Оларды "ентікпеңіз басылады, күте тұрыңыз" деп 6-7 күн үйде ұстасақ, кейін бұл азаматтарды жасанды тыныс алу аппаратынан қосқан күннің өзінде олар өліп кетуі мүмкін еді. Себебі, бірінші аптада адам ағзасында вирус көбейе бастайды. Осы уақытта ауруға қарсы дәрілерді қолдансақ, емдеу процесі сапалы болады. Егер вирус өкпені және басқа ағзаны зақымдаса, емдеу процесі айтарлықтай нәтижелі болмас еді", - деді Динагүл Баешева.
СOVID-19 вирусының ерекшелігі
Оның айтуынша, коронавирус жұқтырған науқастан аурудың белгілерін 14 күннен соң ғана байқалады. Бұл - осы вирусқа тән белгінінің бірі екен.
"Инфекционист дәрігер ретінде мені аурудың инкубациялық мерзімі таңғалдырды. Ол 14 күнге созылады. Жоғарғы тыныс жолдарын зақымдап, ауруды қоздыратын 300-ден астам вирустың түрі бар. Оның ішінде коронавирус індетінің инкубациялық мерзімі ұзаққа созылады. Ғалымдар бұл вирусты "химера" деп атайды. Неге? Себебі, бұл вирус адамның жоғарғы тыныс жолдарын, өкпесін зақымдап қана қоймай, қан тамырларының жұмысына кері әсерін тигізеді", - деді дәрігер.
"Коронавирус балалар үшін де қауіпті"
Динагүл Баешева СOVID-19 вирусы балалар үшін де қауіпті екенін айтты.
"Осыған дейін біз "коронавирус балалар үшін қауіпті емес" деп келдік. Алайда АҚШ, Франция, Италия ғалымдары бұл вирус "Кавасаки синдромын" қоздыратынын айтып отыр. Бұл - қан тамырларын зақымдайтын ауру", - деп түйіндеді сөзін тәжірибелі маман.
Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 5 571-ге жетті. 2 408 науқас айықса, 32 адам аурудан көз жұмды.