Бүгін - Жеңіс күні. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толды. Сұрапыл соғыс жылдарындағы Қазақстан мен Отан үшін от кешкен майдангерлер туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Бүгін - Жеңіс күні. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толды. Сұрапыл соғыс жылдарындағы Қазақстан мен Отан үшін от кешкен майдангерлер туралы Tengrinews.kz материалынан оқыңыз.
Ұлы Отан соғысы
1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия КСРО аумағындағы Брест қамалына шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталды.
Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылды. Оның 600 мыңнан астамы бұл майданнан оралған жоқ.
Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталды. Олар майдан даласында ерлікпен шайқасты.
Отан үшін от кешкендер
Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ал 110 қазақстандық Даңқ орденінің иегері болды.
Днепр үшін шайқаста 18 жастағы Жәнібек Елеусізов қазақтар арасындағы ең жас "Кеңес Одағының батыры" атанды.
Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Кеңес Одағы батырларының қатарында мерген Әлия Молдағұлова, пулеметші Мәншүк Мәметова, атты әскер Бақытжан Қаратаев, атқыштар Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Сергей Лутфиллин, Мин Сен Юр, артиллеристер Серікбай Мүткенов, Иван Новиков, ұшқыш Нүркен Әбдіров, минометші Қарсыбай Сыпатаев, сапер Петр Гончаров, жазушы, әдебиет зерттеушісі Мәлік Ғабдулин және тағы басқалары бар.
Сондай-ақ 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының Батыры атағы панфиловшы, полковник Бауыржан Момышұлына берілді.
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Рақымжан Қошқарбаев, капитан Борис Чупрета, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Е.Вицько, байланысшы К.М.Волочаев бар.
Сонымен қатар, Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені үшін "Жауынгерлік Қызыл ту" орденінің иегері атанды. 2001 жылы оған "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Партизан соғызы
Ұлы Отан соғысы жылдары 3 500 қазақстандық партизан отрядтары қатарында болды. Олар Украина мен Беларусь елдерінің батыс аудандарында, Молдавия мен Балтық жағалауларында фашистік Германияға қарсы соғысты.
Қасым Қайсенов, Сәтімбек Төлешов, Ғалым Омаров, Тоқтағали Жанкелдин, Әди Шәріпов, Ғалым Ахмедияров, Нұрым Сыдықов сынды батыр партизандармен қатар Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова есімді қазақ қыздары да жау әскеріне қарсы күресті.
Тарихшылардың мәліметіне сәйкес, Франция, Бельгия, Италия аумағындағы партизан құрылымдары қатарында 180 қазақстандық болған.
Шайқаста көрсеткен ерліктері үшін қазақстандық партизандар әртүрлі мемлекеттік марапаттарды иеленді. Ал А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Тыл еңбеккерлері
Қазақстан аумағында шайқас болған жоқ, бірақ республика майданның берік тылына айналды.
Тыл еңбеккерлері майданға 110 000-нан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға саны 500 000- нан асатын мал жіберді. Олар кеңес әскерінің азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрімен қамтамасыз етті.
Соғыс жылдары тылда еңбек еткен Ыбырай Жақаев, Шығынақ Берсиев, Б. Самжүрекова, Ким Ман Сам, В. П. Кривич, И. Я. Кудлай есімді жұмысшылардың ерлігі аңызға айналды.
Сондай-ақ сұрапыл соғыс жылдары Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 миллион 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 миллион дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді.
Соғыс кезіндегі өнеркәсіп
1941-1945 жылдары Сібір мен Қазақстан негізгі әскери-өнеркәсіп базасына айналды.
Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа уақыт ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын орналастырылып, қазақ жеріне 532 506 адам көшірілді.
Мысалы, Украинадан Қазақстанға Харьков электротехника, Подольск механика, Запорожье ферроқорытпа, Днепропетровск вагон жасау зауыты және тағы басқа маңызды кәсіпорындар көшірілді.
Қазақ жеріне көшірілген зауыт пен фабрикалар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.
1,5 жылдың ішінде елімізде 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші, Атыраудағы (Гурьев) мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.
1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола Магнитогорск темір жол желілерінің құрылысы аяқталды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстан жалпы одақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын өндірді.
Қорғаныс өнеркәсібіне қажет мыстың үштен бірі қазақ жерінде өндірілді. Сондықтан жауға атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстандағы Шымкент қорғасын зауытында құйылды.
Жалпы әскери өндіріс пен еңбек майданында 670 мыңнан астам қазақстандық еңбек етті.
Ер азаматтардың басым бөлігі соғыста болғандықтан, зауыттар мен фабрикаларда, егіс даласында әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Олар "Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!" деген ұранмен тер төкті.
Жеңіс күні
Ұлы отан соғысы 1945 жылы 8 мамырда түнгі сағат 22:43-те Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңес Одағы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания алдында фашистік Германия өзінің жеңілгені жөнінде актіге қол қойымен аяқталды. Мәскеу уақыты бойынша бұл сәт - 9 мамыр түнгі сағат 00:43 еді. Осылайша, уақыт айырмашылығына байланысты Еуропа Жеңіс күнін 8 мамырда, Кеңес Одағы 9 мамыр да атап өтетін болды.