Коронавирус жұқтырған балаларда жаңа ауру түрі тіркелді. Оның белгілері ауырып шыққаннан кейін 3-5 апта өткен соң пайда болады. Бұл туралы "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ басқармасының төрайымы, дәрігер Риза Боранбаева айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Коронавирус жұқтырған балаларда жаңа ауру түрі тіркелді. Оның белгілері ауырып шыққаннан кейін 3-5 апта өткен соң пайда болады. Бұл туралы "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" АҚ басқармасының төрайымы, дәрігер Риза Боранбаева айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2020 жылғы сәуір және мамыр айында COVID-19 жұқтырғандар саны көп болған елдерде коронавирус жұқтырған балалардың арасында жаңа ауру - педиатриялық мульти қабыну синдромы (ПМВС) тіркеле бастады. Бұл уақытша COVID-19 деп ассоцияланып келді. ПМВС - бұл коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауырып, жазылғаннан кейін қабынумен байланысты иммундық құбылыс. Бұл патология балалар COVID-19 жұқтырып шыққаннан кейін 3-5 апта өткен соң байқалады. Бұған пациенттердің қанынан табылған антиденелер дәлел болды", - деді Риза Боранбаева ОКҚ өткен онлайн-брифингте.
Сондай-ақ маман кавасаки синдромының нақты белгілерін айтты.
"ПМВС-тің екінші атауы кавасаки синдромы деп жүрміз, себебі клиникалық белгілері кавасаки ауруына ұқсас. Бірақ нақты айырмашылықтары да бар. Кавасаки ауруы көбіне кішкентай балаларда, 2 жасқа дейін болады. ПМВС жасөспірімдер мен жастардың арасында да тіркеліп жатыр. Оны ерте анықтап, тез терапия басталса, науқас оңай жазылады. Кавасакидің мұндай синдромының клиникалық белгілері: 24 сағат бойы жоғары температура, екі немесе одан да көп орган жүйесінің зақымдануы. Бұған қабынуды растайтын лабораториялық және эпедимологиялық деректер дәлел болады. ПМВС күдік болған кезде баланы міндетті түрде көпбейінді ауруханаға жатқызу керек. Ол жерде толық диагностика мен ем қабылдайды. (...) Бүгінде республикамызда кавасакиге ұқсас синдром 16 балада анықталды. 8 бала емделіп шықты. Қалған балалар емделіп жатыр", - деді дәрігер.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов қазақстандықтардан кавасаки синдромына байланысты алаңдамауды сұрады.
"Біздің қазақстандық тұрғындар, аналар үшін ең маңызды ақпарат - кавасаки синдромы жаппай тарайтын ауру деп алаңдамау керек. Өте сирек кездесетін ауру. Сондықтан алаңдамауды сұраймыз. Оның ішінде балалар арасында CОVID-19 жұқтырғандар көп емес", - деді Бағдат Қожахметов.
Еске салайық, әлеуметтік желіде "күзде коронавирустан балалар өлуі мүмкін" деген ақпарат тарап, ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова оған қатысты пікір білдірген болатын.
Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 104 718-ге жетті. 92 598 науқас жазылды, 1 523 адам қайтыс болды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!