РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
18 июня 2019 | 09:26

Чернобыль апаты: Оқиға орнына өрт сөндірушілерді бастап барған Қазақстан тумасы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Америкалық HBO арнасы түсірген "Чернобыль" сериалының шығуымен елдің назары XX ғасырдағы адамзат тарихында болған ең кеселді апатқа ауды. Сериал әлем бойынша рейтингте киносүйер қауымның бағалауында рекорд жаңартып, кейін Украинаға ағылып жатқан туристің саны артқан. Кинолента апат салдарын жою жолында күрескен батырлардың рухына арналған. 


Америкалық HBO арнасы түсірген "Чернобыль" сериалының шығуымен елдің назары XX ғасырдағы адамзат тарихында болған ең кеселді апатқа ауды. Сериал әлем бойынша рейтингте киносүйер қауымның бағалауында рекорд жаңартып, кейін Украинаға ағылып жатқан туристің саны артқан. Кинолента апат салдарын жою жолында күрескен батырлардың рухына арналған. 

1986 жылы Чернобыль апаты кезінде оқиға орнына бірінші болып жеткендер - өртсөндірушілер. Біреу білсе, біреу білмес, оларды бастап барған дәл осы жерлесіміз - Леонид Телятников. Tengrinews.kz тілшісі алапат апатты жою жолында күрескен ержүрек өртсөндіруші жайлы баяндайды.


Леонид Петрович Телятников. 1980-жылдардың соңы

Леонид Петрович Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Введенка ауылында 1951 жылы 25 қаңтарда дүниеге келген. 1968 жылы ол Свердлов өрт-техникалық училищесіне оқуға түседі. 1971 жылы облысқа оралып, Рудный қаласындағы Мемлекеттік өрт қадағалау аға инспекторы болып еңбек жолын бастаған. Ал 1975 жылы КСРО ІІМ Мәскеу инженерлік-техникалық жоғары қызметіне оқуға түседі. 1979 жылдың тамыз айынан бастап Қостанай КІІБ Мемлекеттік қадағалау бөлімшесінің бастығы, содан соң Қостанай қалалық №69 әскериленген өрт сөндіру бөлімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Телятников 1982 жылдың тамыз айында Киев облысына кетіп, сонда бір жылдан кейін Чернобыль АЭС күзету бойынша 2-ӨӨСБ бастығы лауазымына тағайындалған.

Чернобыль АЭС төртінші энергоблогында шыққын өртті сөндіру үшін мықты өрт сөндіру жасағы тартылған. Бұл 1986 жылдың 26 сәуірі еді. Бұл кезді батырдың өзі туған Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жазған естелікте былай баяндалады:

"Чернобыль атом электр станциясының төртінші энергоблогында апат әсерінен өрт шыққан. Түнгі сағат 1-ден 23 минут кеткен кез болатын. Бұл кезде әр минут, әр секунд маңызды еді. Майор Телятников жағдайдың қаншалықты ауыр екенін бірден аңғарады. Лауазымы мен атағы жоғары болғандықтан ол аса қауіпті аймақтан халықты алып кету жауапкершілігі өз мойнында екенін сезінеді. Бірнеше күрделі өртті сөндірген сарбаз тілсіз жау одан әрі өршігенде жағдайдың қаншалықты ауырлайтынын бірден түсінді.  Бірнеше мың халықтың тағдыры шешілер сәтте өрт сөндірушілер тек алға қадам басты. Майор Телятников шешуші әрекеттерді өзі жасады. Бірнеше рет 71,5 метр биіктіктегі станцияның биік шыңына көтеріліп, аппараттық блогымен өрттің негізгі ошағын сөндірді. Алғаш рет от шыққанда Чернобыльден табылып, тілсіз жауға қайыспай қарсы тұрғандар қатары 28 адам болатын. Жасақты біздің жерлесіміз Леонид Петрович басқарды".

Бір айта кетерлігі, апат болған уақытта ол демалыста болған, бірақ оқиға туралы ести сала өрт орнына келіп, басшылықты өз қолына алған. Телятников Чернобыль АЭС апатын жою барысында ерлік, батылдық және байсалдық танытты. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында өрт нәтижелі оқшауланып, жалын АЭС өзге энергоблоктарына шарпыған жоқ. Өрт сөндіру кезінде Телятниковтың бөлімшесі станцияда үш сағат бойы тілсіз жаумен алысқан, ол ауыр деңгейде сәулеге шалдыққан.

Тағы бір мәлімет бойынша, Майор Телятниковтың жетекшілігімен оқиға орнына барған 40-қа жуық өрт сөндірушінің алтауы радиациялық күйіктен және қатты сәулелену салдарынан бірнеше апта ішінде қаза тапқан.


Телятниковтың Қостанай облысына сапарынан. Фото: "Қостанай облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ" ММ баспасөз қызметі

1986 жылы 25 қыркүйекте осы танытқан ерлігі үшін ішкі істер майоры Леонид Телятниковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, сондай-ақ ол Ленин ордені және "Алтын жұлдыз" медалімен марапатталды.

Осы жылдың күзінен бастап Киевте тұрғылықты өмір сүреді. Радиациядан қатты уланған ол көп жыл Мәскеуде емделген. Ал денсаулығын жақсартқан соң Киев облысы ӨКБ өрт сынау зертханасында, содан соң Украина ІІМ ӨКТБ жұмыс істеген, кызмет өткеруін ол бас басқармасы бастығының орынбасары лауазымында аяқтады. 2000 жылдан бастап ол Украинаның Киев қалалық ерікті өрт сөндіру ұйымының төрағасы болды.


Апат салдарын жоюшыларға берілген медальдар. Альфа, бета және гамма сәулелер адам қанының бойымен өткен көрінісі

Батыр 2004 жылы 2 жетоқсанда Киев қаласында қатерлі ісіктен қайтыс болып, сондағы Байково зиратында жерленген. Оның артында әйелі мен екі ұлы қалды. Ұлдарының бірі өрт сөндіру училищесін бітірген. 

Бүгінде Киевтегі Чернобыль батырлары аллеясында оның бюсті орнатылған. Ал ол жұмыс істеген ғимаратта мемориал тақтасы ілінген. 


Фото авторы Игорь Сердюков

Батырдың жатқан Киевтегі Байково зиратында оған ескерткіш қойылған. 

Ал елімізде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Чернобыль АЭС апатын жоюшы жауынгерлерге арналған ескерткіштер бар. 


Алматыда 2016 жылы орнатылған ескерткіш. © SkyscraperCity

Астанадағы ескерткіш

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети