27 мая 2019 | 17:11

Чекте тауар бірнеше рет жазылып кетсе не істеу керек

Күнделікті өмірде дүкендер мен супермаркеттерден азық-түлік сатып алған кезде көбіміз чекті тексеріп қарамаймыз. Кейбіреулер тіпті оның қажеті жоқ деп санайды. Алайда тауарды кассадан өткізгенде бірнеше рет басылып немесе чекте мүлде артық тауар көрсетілуі мүмкін. Оны көпшілік байқамай қалып жатады. Солардың бірі - алматылық Назым. Назым Tengrinews.kz тілшісіне осы оқиғасы жайлы толығырақ айтып берді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ

Күнделікті өмірде дүкендер мен супермаркеттерден азық-түлік сатып алған кезде көбіміз чекті тексеріп қарамаймыз. Кейбіреулер тіпті оның қажеті жоқ деп санайды. Алайда тауарды кассадан өткізгенде бірнеше рет басылып немесе чекте мүлде артық тауар көрсетілуі мүмкін. Оны көпшілік байқамай қалып жатады. Солардың бірі - алматылық Назым. Назым Tengrinews.kz тілшісіне осы оқиғасы жайлы толығырақ айтып берді. 

Ол таяуда Алматыдағы танымал супермаркеттердің бірінен азық-түлік сатып алған. Айтуынша, әдетте дүкенге жолдасы баратын. Бірақ бұл жолы Назым балаларымен бірге өзі шыққан.

Реклама
Реклама

з басым ешқашан чектерді тексермейтінмін, оған сеніммен қарайтынмын және чекті тексерудің қажеті жоқ деп санайтынмын. Содан балаларға тәтті-пәтті іздеп жүріп, екі дана сырок алдым. Кассаға бардық, барлық тауарды ұрды. Бірақ бір қарасам, мен алған сыроктарды жазбапты. Мен адал сатып алушы ретінде ол тауардың кассадан өтпегенін айттым. Ол болса "жоқ, мен тауарды ұрдым" деді, сосын мен тағы айттым, сол кезде ол сол тауарды алып, "өткізілгенін" айтып, кассадан өткізді. Мен үндемедім. Картамен төледім. Сосын ең қызығы - ол менен "чек керек пе, жоқ па" деп екі рет сұрады. Содан кассирдің екі рет осы сұрақты қойғаны есімде қалып қойды", - дейді Назым.

Осыдан кейін ол 2-3 күн өте чекті тексеруді жөн көріпті. Сөйтсе онда екі тауар артық көрсетілген.

"Екі тауарға артық ақша төлеген болып шықтым. Келесі күні дүкен әкімшілігіне бардым, қызметкерлер  барлық камераны қарап, тексеріп шықты. Камерадан менің расында екі  сырок алғаным расталды. Артынша ақшамды бірден қайтарып берді", - деп баяндады әңгімесін алматылық.

Айтуынша, осы жағдайдан кейін дүкен әкімшілігі ол кассирге қатысты шара қолданылатынын және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтқан.

Сатушы қандай жазаға тартылуы мүмкін?

Ал заң тұрғысынан қарастыратын болсақ, мұндай жағдайда қателік жасаған дүкен қызметкері заңнама бойынша жазалануы тиіс екен. Заңгер Нариман Сүлейменовтің айтуынша, сатушы келтірілген залал мөлшерінде және ол қателікті қанша рет жіберуіне байланысты 3 жылға дейін сол қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылуы мүмкін.

"ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 190-бабына ("Тұтынушыларды алдау") сәйкес, дүкен қызметкері клиенттерді алдағаны үшін немесе кездейсоқ жаңылысып кеткені үшін жауапкершілікке тартылады.  Сатушының статусына немесе тұтынушыға келтірілген залал мөшлеріне байланысты (жеке тұлға, шағын немесе орта бизнес өкілі), сондай-ақ, заң бұзушылықтың соңғы бір жылда қайталануына байланысты 10 - 200 АЕК аралығында айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, сатушы лицензиясынан айырылып, үш жылға дейін сол қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылуы мүмкін", - дейді Нариман Сүлейменов.

Айта кетейік, осы бапқа қатысты бір айлық есептік көрсеткіштен асатын сома - елеулі мөлшердегі залал, кемінде үш айлық есептік көрсеткіш сомасы ірі мөлшердегі залал деп танылады.

Дәлелдер қажет

Заңгер Чекте артық тауар немесе сіз мүлде алмаған тауар түрі көрсетілсе, оның ақшасын өтеуге болатынын айтады.

"Әрине, болады. Дегенімен кассирге тауар үшін артық төленген ақшаны және кассалық чекте жалған көрсетілген мәліметті растау үшін бірінші кезекте дәлелдер қажет. Бірақ чекте қате кеткенін тек бірнеше күннен кейін байқаған жағдайда ол ереже бұзушылықты дәлелдеп, сатушыны азаматтық-құқықтық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту қиынға соғады. Кейбір жағдайда ол істер сотқа дейін жетеді", - дейді Нариман Сүлейменов.

Дүкенде камера болмаса...

Заңгердің айтуынша, дүкенде камера орнатылмаған болса, ол тауардың расында алынбағанын куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады. 

"Бірнеше куәгердің көмегімен дәлелдеуге болады. Бірақ бұл қиынға соғады. Екіншіден, ол куәгерлерді тапқан күннің өзінде олар сіз нақты сатып алған тауардың номенклатурасын немесе санын есте сақтамауы мүмкін. Сондықтан бұл нұсқа да сіз чекте артық көрсетілген тауардың ақшасын қайтарып бере алады дегенге кепіл болмайды. Сондықтан кассада тұрғанда чекті қарап шығу қажет", - деп кеңес берді заңгер.

Осы ретте маман әрдайым чекті қарап, онда қате анықталған жағдайда қызметкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін бірден полиция шақыруға кеңес береді. 

Оқи отырыңыз:

Чек сақталмаған жағдайда тауарды қайтарудың жолдары

Қолхатсыз берген қарызды қалай қайтаруға болады


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram