18 июня 2020 | 16:10

Бурабайды Канаданың тәжірибесіне сүйене отырып қорғау ұсынылды

Даурен Ерболат Журналист
Фото: Тұрар Қазанғапов

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Бурабайдағы қоқыс мәселесін көтеріп, бұл мәселені Канаданың тәжірибесіне сүйене отырып шешуді ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Бурабайдағы қоқыс мәселесін көтеріп, бұл мәселені Канаданың тәжірибесіне сүйене отырып шешуді ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында ол үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Реклама
Реклама

"Қазақстанда көрікті жер көп... Бурабайдың бір өзі Швейцариядан несі кем? Осы Бурабайдың жалпы ұлттық курорт атанғанына биыл 100 жыл толады. Алайда біз осы Бурабайға барғанда не көреміз? Қаптаған қоқыс, шашылған заттар, пластикалық бөтелке, умаждалған пакет. Көлдің суы лас. Қандай керемет демалыс аймағы? Бірақ қадірін неге білмейміз? Қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік", - деді депутат.

Оның айтуынша, Бурабайда демалушылар тастаған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар туралы әлеуметтік желіде таралған бейнероликтен көруге болады.

"Жалпы тек қана Бурабай емес, Қазақстанның кез келген өңіріне барсаңыз, не көп, қоқыс көп? Тастайтын да өзіміз, ластайтын да өзіміз... Ұлттық санамызды өзгертейік. Жаппай тазалық мәдениетін қалыптастырайық. Даламыз да, қаламыз да таза болсын", - деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ, депутат елімізде бұл мәселе бойынша заң аясында тиісті жұмыстар істелмей отырғанын атап өтті.

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, қолданыстағы заңналамаларда жеке тұлғалар мен заңды ұйымдардың қоршаған ортаға қатысты құқықтары мен міндеттері белгіленген. Мемлекеттік бақылау тетіктері қарастырылған. Қазіргі қалыптасып отырған жағдай мұның бәрінің тиімділігінің төмен екенін көрсетеді. Сондықтан халықаралық тұрғыда Канаданың тәжірибесін басшылыққа алу керек", - дейді ол.

Нұртөре Жүсіптің пікірінше, тазалық мәселесін ұлттық құндылықтар қатарына шығару керек.

"Мемлекеттік тұрғыдан шұғыл түрде тазалықты сақтау, бақылау, реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі білініп отыр. Сіз осы мәселені қарап, үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы өз құзыреттері шеңберінде іс шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз. Сондықтан қоршаған ортаға қатысты мемлекеттік саясаттың толық іске асырылуын қамтамасыз ету туралы орталық және жергілікті атқару органдарына арнайы тапсырма берсеңіз деген ұсынысымыз бар", - дейді сенатор.

Депутат барлық мәселені мемлекетке, үкіметке артып қоймау керегін айтты. Осы орайда ол "Туған жерді таза ұстау" атты жалпыұлттық акцияны ұйымдастыру бастамасын көтерді.

"Туған жерімізді таза ұстау туралы Қазақстан үкіметі егер арнайы шара қабылдаса, біз соны қолдасақ дейміз. Тек қана демалыс аймақтарында емес, жалпы тұтас республика бойынша "Туған жерді таза ұстау" деген жалпыұлттық акцияны ұйымдастыруымыз керек. Бұл тұрақты түрде жүретін шара болу қажет. Науқан болып қалып қоймауы керек. Отырған жерімізді, елімізді таза ұстайықшы! Мұндай акцияны барлық Қазақстанның азаматы қолдайды деп сенеміз", - деп түйіндеді сөзін Нұртөре Жүсіп.

Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Бурабайдағы қоқыс мәселесі қызу талқыланған болатын.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram