ПОДЕЛИТЬСЯ
22 июня 2020 | 15:43
"Бұл - нағыз тозақ" - ауруханалардағы коронавирусқа байланысты жағдайы қандай?
Соңғы кездері елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жағдай күрделеніп барады. Науқастардың саны күрт ұлғайып, ауруханаларда орын азайған. Осыған байланысты Желіде түрлі видео тарады. Коронавирус тарауына байланысы еліміздегі ауруханалардың жағдайы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Соңғы кездері елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жағдай күрделеніп барады. Науқастардың саны күрт ұлғайып, ауруханаларда орын азайған. Осыған байланысты Желіде түрлі видео тарады. Коронавирус тарауына байланысы еліміздегі ауруханалардың жағдайы қандай? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі баяндайды.
Адамдарды дәліздерде орналастырылған
19 маусымда әлеуметтік желіде медициналық мекеменің толып кетуіне байланысты елордалық №1 көпсалалы қалалық аурухананың дәлізінде емделушілер жатыр деген хабарламалар пайда болды. Бұл мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі №1 көпсалалы қалалық ауруханада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылғандар саны күрт артқанын растады. Сондықтан науқастарды дәлізде уақытша жатқыза тұруға тура келген.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Kaz.Tengrinews (@kaz.tengrinews) 19 Июн 2020 в 5:26 PDT
"Бүгінде палаталарға 200-ден аса адам қабылданып, орналастырылды. Тұрғындардан қаладағы эпидемиологиялық жағдайға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауды сұраймыз. Дәрігерлер қажетті медициналық көмекті барлығына көрсетеді", - деді басқарма өкілі.
ШҚО - стационарлар 86 пайызға толы
Шығыс Қазақстан облысындағы стационарлар 86 пайызға толы. Науқастардың саны күн санап өсіп келеді. 22 маусымдағы мәлімет бойынша, облыс боййынша COVID-19 жұқтырған 463 адам анықталса, оның тек 155-і аурудан айығып шыққан, 1 адам қайтыс болған. Алайда коронавирусты анықтайтын тест жеткілікті.
"Егер эпидемиологиялық жағдай жақсармаса, ауруханадағы төсек-орын санын басқа стационарлардың есебімен көбейтуге тура келеді", - деді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан.
Ал науқастар саны 2 мыңға жуықтаған Қарағанды облысында аурухана орнына қонақ үйлерді де қолдана бастаған. Бүгінде облыста 907 төсек-орын болса, оның 672-сі бос емес. Облыстың Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта коронавирусқа қарсы күреске дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар жеткілікті. Ал жақында Қарағанды мемлекеттік техникалық унверситеті мен медицина университетінің жатақханасы жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде пайдаланыла бастаған екен. Жалпы Қарағандыда қосымша 5 мыңға жуық орын дайындалады деп жоспарланған.
Ал Алматыдағы стационарлар 95 пайызға толып тұр. Бұл туралы қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин 18 маусымда хабарлаған болатын. Оның айтуынша, соңғы екі аптада қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны екі есе ұлғайған.
"Коронавирустың тарауына байланысты жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 95 пайызға толып кетті. Бірақ қазір науқастар әлі де ауруханаларға жатқызылып жатыр. Олар аурудан айығып шыққандардың орнына келеді", - деді Бекшин.
Айта кетейік, Алматы елімізде COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша екінші орында. Қала бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 3422 адам анықталса, оның 2177-сі аурудан айыққан. Жалпы 20 адам қайтыс болған.
COVID-19 жұқтырған науқастарды қабылдамай жатқаны туралы видео тарады
21 маусымда әлеуметтік желіде Ақтөбе ауруханасында коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдамай жатқаны туралы видео тарады. Видео Instagram желісінде @ztb_kz парақшасында жарияланды.
Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от Сетевое издание «ZTB.KZ» (@ztb_kz) 19 Июн 2020 в 9:34 PDT
Жазба авторы аурухана төсегінде отырған адамдарды видеоға түсірген. Медицина қызметкерлері науқастарды қабылдамай жатқанын меңзеп, бастарын шайқайды.
"Бізге науқастарды кешкі сағат 17.00-ге дейін қабылдау туралы бұйрық берілді. Сағат 17.00-ден кейін науқастарды теміржол ауруханасына жатқызу керек еді. Оларды 17.00-ге дейін қабылдаған дәрігерлеріміз жаңадан келген науқастарды қарау үшін жоғарыға көтерілді. Алайда теміржол ауруханасы науқастарды қабылдаған жоқ. Оларда кадр мәселесі бар. Науқастардың саны 200-ден асып кетті", - дейді Ақтөбе медицина орталығының бас дәрігері Рүстем Исаев "Диапазон" басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, мұндай мәселе туындаған соң науқастарды Ақтөбе медицина орталығы қабылдай бастаған.
"Бізге "науқастарды қабылдаңдар" деген бұйрық түсті. Кеше мен осында болдым. Барлық науқасты қабылдап, оларға көмек көрсеттік. Ақтөбе медицина орталығы провизорлық госпиталь ретінде толық жұмыс істеп тұр, пневмониямен ауырғандарды қабылдап жатыр. Кеше (19 маусым) және бүгін ауруханаға 210 науқас түсті", - дейді бас дәрігер.
Рүстем Исаев жедел көмек қажет науқастарды жедел жәрдем ауруханаларына және медициналық орталықтарға жіберіп жатқанын атап өтті.
"Кейбір науқастарды ауруханадан шығарып, амбулаториялық емделуге жіберіп жатырмыз. Поликлиникаларда күндізгі стационарды аштық. Яғни жағдайы жақсарған науқастар поликлиникаларда ем қабылдай алады. Күндізгі стационарлар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Біз тәулік бойы еңбек етіп жатырмыз. Ауруханамыздағы 2-3 бөлім науқастарға толы. Онда 210 науқас жатыр. Ауру ешкімді аямайды", - деп түсіндірді Ақтөбе медицина орталығының бас дәрігері.
"Бұл - нағыз тозақ" - астаналық дәрігердің жанайқайы
Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасының бас инфекционисі Сәуле Атығаева "Хабар" телеарнасына қалалық жұқпалы аурулар орталығының жансақтау бөліміндегі жағдай туралы айтып берді.
"Егер 28 қаңтардан бастап санасақ, жұмыста жүргенімізге бес ай болды. Үйге мүлде бармаймыз. Алғашқы күннен бастап аурухана жартылай бос қалған күн жоқ. Бірақ соңғы аптада адамдардың да, жағдайы ауыр науқастардың да саны өсті.
Қазір стационарда жатқан 95 пайыз науқас - пневмония, тыныс алу жетіспеушілігі барлар - оттегін қажет ететіндер. Біздің жансақтау бөлімі толы", - дейді дәрігер.
Маман қазақстандықтарды жағдайға саналы түрде қарап, өзін және жақындарын сақтауға шақырды.
"28 жыл жұмыс істеп, мұндай сұмдықты бірінші рет көруім. (...) Сеніңіздер, бұл өте қиын. Бәріміздің қолымыздан антидеприсант түспейді. Басқаша болмайды. Осылай жүргенімізге төрт ай болды, бұл - нағыз тозақ. Шын мәнінде өте қиын", - дейді Сәуле Ағытаева.
Айта кетейік, 22 маусымдағы мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 3451 адам бар. Оның 2291-і аурудан айығып шыққан.
"Алматыдағы аурухана лықа толы"
20 маусымда редакциямыздың WhatsApp-нөміріне Алматыдағы аурухананың бірінде істейтін дәрігер "елдегі жағдай қиын екенін" және оған "дәрігер ретінде сенуін" сұрап, аудиохабарлама жіберді.
"Ауруханалар лықа толы. Жансақтау бөлімінде адам көп. Аппарат жетіспейді. Бұл шын. Жағдайы орташа ауыр науқастарды үйінен емдеп жатыр, оларды алып кетпейді. Ешкім сізге дәрі де бермейді. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, сақтанып жүріңіздер", - дейді дәрігер.
Аудионы расында алматылық ауруханалардың бірінде істейтін дәрігер жіберген болып шықты. Мекеме өкілдері бұған қатысты түсініктеме берді.
"Бұл аудионы дәрігер Жезқазғандағы туыстарына чат арқылы жіберген. Осылайша дәрігер отбасылық мерейтойға дайындалып жатқан туыстарын әлеуметтік қашықтықты сақтауға, сақтық шарасын ұмытпауды ескертпек болған. Дәрігер туыстарынан іс-шара өткізбеуін сұрап, карантин режимін сақтауды сұраған. Дәрігер айтқан ақпарат шындыққа жанаспайды, ол тек туыстарын көндіру үшін айтылған сөз", - дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданова.
Показать комментарии
Читайте также