РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
09 сентября 2020 | 11:21

"Білім министрлігіне жасалған шабуыл". Психолог пен заңгер ZOOM-дағы порно туралы

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: elements.envato.com Фото: elements.envato.com

4 қыркүйекте Нұр-Сұлтан тұрғыны ZOOM-да математика сабағында бесінші сынып оқушыларына порнография көрсетілгеніне шағым түсіргені хабарланды


4 қыркүйекте Нұр-Сұлтан тұрғыны ZOOM-да математика сабағында бесінші сынып оқушыларына порнография көрсетілгеніне шағым түсіргені хабарланды

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы бұл оқиға 3 қыркүйекте болғанын растады.

"Бесінші сынып оқушыларын Zoom платформасында математика пәні өтіп жатқан кезде оқу процесіне бөгде адамдар араласқан. Олар балаларға ұятсыз слайдтар көрсетіп, балағат сөздер айтқан. Ата-аналардан және мұғалімнен хабарлама алғаннан кейін мектеп әкімшілігі олармен онлайн-кеңес өткізді. Оқушылармен чат және платформаларда жұмыс істеу кезінде этиканы сақтау туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді", - деді басқармадағылар.

Кейін бұл мәселе туралы Алматы тұрғыны Татьяна Голубева жазды. Ол бірнеше күннен бері Zoom сабағында порнографиялық видеолар салынғанын, боқауыз айтылғанына шағымданып, бұған кім жауап беретінін сұрады.

Білім және ғылым министрлігі онлайн сабақта көрсетілген порнографиялық видео үшін үзілген сабақ туралы деректі Ішкі істер министрлігіне жолдады. 

Tengrinews.kz тілшісі жағдайға байланысты заңгер мен психологтың пікірін сұрады.

Кінәлілер қандай жауапқа тартылуы мүмкін?

Маңғыстаулық заңгер Нұрлан Махмұт Қазақстанда порнографияға байланысты заңбұзушылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту көзделгенін айтты.

"Осындай әрекеттер болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына шағымдану арқылы кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуға болады. Бұл жерде сабаққа араласу кезінде қандай жағдайлар болғанын саралап, барлық құжат жинақталғаннан кейін құқық қорғау органдары кінәлі адамдардың әрекеттерін тиісті дәрежелей алады. Нақты оқиғаларды қарастыратын болсақ, негізі ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабына сәйкес, "Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату" үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, егер сабаққа заңсыз араласу барысында ауыр зардаптарға әкелмеген әрекеттер болса ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бабына сәйкес "Ұсақ бұзақылық" үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған", - деді заңгер.

Маман мұндай жағдайда кінәлі адамды жауапқа тарту қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, тек ата-ана мен мұғалім балаға алдын ала түсіндіріп, сақтық шаралары туралы ескерткені жөн.

"Кінәлі адамдарды жауапқа тартудың қиындығы, ол - әлемнің әрбір түкпірінен кіру мүмкіндігі. Осындай оқиғалардың алдын алу бағытында мектеп әкімшіліктері ата-аналармен бірігіп, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сабаққа жіберілген сілтелемелердің басқа жаққа жіберілмеуін, сонымен қатар пайдаланып отырған тиісті бағдарламалардағы басқа адамдардың заңсыз кірмеуіне шектеу қою мүмкіндіктерін үйретуі қажет деп есептеймін", - деді Нұрлан Махмұт.

Ал психолог Нұрсұлу Сейдақованың айтуынша, бұл әдейі жасалған болуы мүмкін. Яғни Білім және ғылым министрлігіне немесе министрге жасалған қастандық, Zoom платформасының конкуренттері, я болмаса қашықтан оқуға қарсы ата-аналар жасаған болуы әбден мүмкін деп есептейді.

"Білім министрлігіне жасалған шабуыл"

"Бұл жасалып отырған шабуыл болуы да мүмкін. Білім және ғылым министрлігінің жұмысына, я жас министр Асхат Аймағамбетовтің жұмысына жасалып отырған шабуыл болуы мүмкін. Бұл - енді өз пікірім. Zoom-ның бәсекелестері, не қашықтан оқуға қарсы ата-аналардың жасап отырған іс-әрекеті болуы мүмкін деп отырмын. Мен өзім жоғары оқу орнында сабақ беремін. Zoom-ға құпиясөзсіз не кодсыз, аккаунтын білмей, сілтемесіз кіру мүмкін емес. Бәрі алдын ала беріледі. Екіншіден, жыныстық тәрбиені білім жүйесіне енгізетін уақыттың келгенін білдіреді", - деді маман.

Қазақстандық белсенді Павел Александров балалар арасында Telegram желісінде арнайы канал барын және онда 3 мыңға жуық бала отырғанын айтты. Каналға балалар сабақты "өткізбеу" немесе мұғалімге "кедергі" жасау үшін Zoom-дағы сабақтың сілтемесін, кодын салады. Содан кейін өзгелер кіріп, кедергі жасайды.

 

"Жыныстық тәрбиені пән ретінде енгізетін уақыт келді"

Психолог Нұрсұлу Сейдақова мұндай жағдай болмауы үшін "жоғары сынып оқушылары үшін жыныс мүшелерінің анатомиясы, репродукциялық денсаулық туралы сабақ өту керегін" атап өтті. 

"Біраз уақыт бұрын жыныстық тәрбие деген сабақты пән ретінде енгіземіз дегендер болды. Бірақ сол кезде қанша адам кәдімгідей қарсы шықты. Тура бір балаға секспен қалай айналысуды үйрететіндей. Ұят болады деді. Ұят деген жаман емес, бірақ заман ағымы мен талабына сай жүруіміз керек. Сондықтан жыныстық тәрбие балаға физиология сабағы сияқты теориялық пән ретінде болсын енгізілуі тиіс. Жоғары сынып оқушылары үшін жыныс мүшелерінің анатомиясы, репродукциялық денсаулық туралы сабақ өту керек. Сонда ерте жүктілік, педофилия сияқты проблемалардың алдын алуға болады", - деді ол.

"Порнографиялық видеодан бала шок алмайды"

"8-сыныптың баласы бәрін біледі. Ол былай тұрсын, кейбір 5-сыныптың баласына боқауыз сөйлеу ұят емес болып қалған. Себебі аулада балалар сөйлескен кезде әрбір екі-үш сөзден кейін боқауыз естиміз. Кейбір ата-ананың өзіне тәрбие керек деген сөз. Сондықтан 8-сыныптың баласы мұны көріп шок алды деп айта алмаймын. 5-сынып балаларының ішінде аңқау, жуасы шок алуы мүмкін", - деді ол.

"Ата-аналардың дүрбелеңі"

Маманның айтуынша, бұл жағдайда ата-аналар дүрбелеңге салып, мәселені ушықтырып көрсеткен.

"Психолог Зигмунд Фрейд еңбектерінде бала горшокқа отырғаннан кейінгі сексуалдық дамуы туралы айтады. Жас ерекшелік психологиясы бойынша баланың эмоционалдық, физиологиялық, сексологиялық және биологиялық даму кезеңдері болады. Бұл табиғаттың заңдылығы. Белгілі жасқа барғанда ғашық болады да эмоционал тұрғыда дамиды.

Ал мына оқиғадағы шудың шығуы - ата-аналардың дүрбелеңі. Бұл жерде көп ата-ана өзі қашықтан оқуға қарсы, мұғалімдердің қадірін түсініп, баласын оқытудан безіп отыр. Сондықтан мұны дау-дамайға айналдырып, асыра сілтеп отыр. Көп ата-ана балаларын кішкентай көреді, өскенін мойындамайды. Ал шын мәнінде бала не болып жатқанын біліп тұр", - деді ол.

"Өзіне зәбір көрсетілсе, жарақат алады, басқа жағдайда - травма алмайды"

"Яғни, сабақ барысында порнографиялық видео қосылып кеткенмен бала одан травма алмайды. Егер де өзіне қатысты сексуалдық зәбір болса, онда бала травма алады. Оны теледидардан, интернеттен көруден травма алмайды. Балалар оны көріп жүрген болуы да мүмкін. Ата-аналар оны білмейді ғой. 

Ресейлік бір танымал сексолог әлеуметтік желіде "неше жастан бастап порнографиялық фильмдер көрдіңіз" деген сауалнама жасаған. Алғаш рет қайдан көрдіңіз, неше жаста жыныстық қатынас туралы білдіңіз деген сияқты тағы бірқатар осындай сұрақтарға жауап алынған. Барлық жауапты ерінбей оқып шыққанымда жағамды ұстадым. Адамдар өте ерте жастан бастап порнографиялық фильмдерді көрген. Ол туралы бала күннен біледі екен. Яғни бұл жерде ата-аналардың паникаға бой алдыруы, баласының өскенін мойындамай, дүрбелеңге салынуы. Тағы айтамын бала ешқандай травма алмайды", - деді ол.

"Баламен ашық сөйлесу керек"

Психолог баламен жыныстық қатынас туралы бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін 6-7-сыныптан бастап сөйлескен жөн екенін айтты.

"Жыныстық тәрбие берілуі керек. Ата-анасы, мұғалімі, жақыны бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін 6-7-сыныптан бастап сөйлескен жөн. Мынадай мысал айтайын, 2-3 жастағы бала өзінің ұл-қыз екенін ажырата бермеуі мүмкін. Ондай түсінік болмайды, балалар ондай жаста өзі туралы үшінші жақта сөйлейді, тұлғалық не жыныстық түсінік әлі туындамайды. Ата-аналар баласына қай жыныстан екенін түсіндіруі керек. Сенің денеңдегі ең құнды органдар деп оларды өз атауымен атап, жынысты ұл-қызға бөлуді түсіндіріп, баламен сөйлесу керек. Егер жыныстық анатомия үйретілсе, онда бала үлкен ер адамның қасына жоламау, өз денесін меншігіндей қорғау дегендерді ұғып, сеніп қалмай педофилдың құрбаны болмас еді. Яғни педофилияның алдын алатын едік, жыныстық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алу, жүктіліктен қорғану туралы айтылса, тастанды балалар болмайтын еді", - деді Нұрсұлу Сейдақова.

Баланы 3 жастан кейін бөлек бөлмеге жатқызу керек.

"Ата-анасының жыныстық қатынасын көріп қалған бала оны әкесінің анасына жасаған зорлығы деп агрессия ретінде қабылдайды. Бірақ уақыт келе ол ешқандай травма қалдырмайды. Егер де бала педофилизмге ұрынса, онда оған түрлі "психологиялық терапия" арқылы көмек көрсетілуі керек", - деді ол.

Сондай-ақ психолог балаға сеніп, ішіндегісін ашық айтқызып үйрету керегін атап өтті.

"Балалар не екенін біледі. Тек ата-аналар дүрбелеңге салған соң үндемей отыр. Мәселе ата-анада болып тұр. Себебі бұл туралы баламен сөйлеспейді. Ашық айтпайды. Баламен сөйлесу керек. Көп қыз бала мұны лас нәрсе ретінде қабылдайды. Бірақ оның табиғи құбылыс екенін дұрыстап түсіндіру керек. Негатив қабылдамау керек. Егер адамның басында осындай сенім қалыптасса, жақсы емес... Қазір бәрі өзгерді. Кез келген баланың қолында смартфон. Ата-анасы айтпаса басқа жақтан көріп алады да, дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сондықтан баламен ашық сөйлесіп, сенім орнату керек", - деді маман.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети