24 июля 2020 | 15:45

Биыл мешітте Құрбан айт намазы оқылмайды - бас мүфти

Рахила Тлеуова Корреспондент
Фото: Тұрар Қазанғапов

Індетке байланысты карантин жарияланғандықтан, биыл Құрбан айт намазы мешіттерде оқылмайды. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Індетке байланысты карантин жарияланғандықтан, биыл Құрбан айт намазы мешіттерде оқылмайды. Бұл туралы бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы халыққа Құрбан айтқа қатысты ақпарат берді.

Реклама
Реклама

"Біз қазір сындарлы сәтте отырмыз. (...) Мінекей, алдымызда күллі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам - Құрбан айт келе жатыр. Айт қарсаңында баршаңызға Алланың амандығы мен жақсылығын тілеймін. Биыл құрбан айт мерекесі Ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Алайда, еліміздегі карантин мерзімі 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан республика бойынша мешіттер жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды", - деді ол ОКҚ онлайн-брифингінде.

Бас мүфти биыл қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алынғанын және qurban2020.kz сайты істеп тұрғанын атап өтті.

"Құрбан шалу ұлық ғибадат әрі жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу уәжіб екені белгілі. Осынау ұлық ғибадатты орындау мақсатында Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алдық. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын ашып, 24 шілдеден, яғни бүгіннен бастап 24 сағат бойы іске қосылады. 30 шілдеге дейін құрбандық шалуға онлайн тапсырыс қабылдайды. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады", - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе бірнеше елде қалыптасқан дәстүрге айналған.

"Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан және жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Алғаш рет іске қосылғалы тұрған бұл жүйенің кейбір кемшіліктері болуы мүмкін. Техникалық кемшіліктер орын алып жатса, халықты түсіністікпен қарауға шақырамыз", - деді ол.

Сондай-ақ бас мүфти құрбандыққа шалынған малдың еті қалай үлестірілетінін айтты.

"Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастархан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты, биылғы онлайн бойынша құрбандық шалынған кезде еттің үштен бірі шалған адамға берілмей, түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестірілетін болады", - деді ол.

Оның айтуынша, әр өңірде құрбан шалу орны ашылады.

Әр облыста белгілі орындарға құрбан шалу орны ашылып, жергілікті әкімдік пен санитар-дәрігер мамандардың рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындайды. (...) Осы тұста әр облыстың діни ахуалына жауап беретін мекемелерді біздің облыстық өкілдіктермен бірге жұмыс жасауға шақырамын. Осы мақсатта Діни басқармада және облыстық мешіттер жанынан ақпарат беру орталықтары құрылды. Онлайн құрбандық шалуға қатысты мәлімет алғысы келген кез-келген азамат осы орталықтарға хабарласуына болады", - деді бас мүфти.

Сонымен қатар, Наурызбай Қажы Тағанұлы "осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарды пендешілікке салынбауды" сұрады

"Пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырамын. Қасапшылар да өз қызметі үшін алатын ақысын қымбаттатпай, жанашырлықпен елге қызмет етеді деп үміттенеміз", - деді ол.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, ҚМДБ наиб имамы Ершат Оңғаровтың айтуынша, құрбан шалатын мал бір жастан асқан болу керек. Сондай-ақ әр өңірде құрбан шалынатын малдың бағасы әртүрлі.

"Бір қойдың бағасы әр өңірде әртүрлі. Мысалы, тоқтысы 40 мыңнан "(теңгеден - авт.)  басталса, қой 50 мыңнан жоғары болып тұр. Биылғы нарықтың бағасы соңғы жағдайларға байланысты өсіп отыр. Сондай-ақ ірі қара мал сайтта көрсетіледі. Бірден  автомат түрде шығады. Әр өңірде әртүрлі 300-350 сияқты. Түйе малы да көрсетіліп тұрады. Ауылдық жерде тұратын адамдар бұған мұқтаж емес. Өйткені өздерінің шаруашылық басында, аулаларында шала алады. Тек бір нәрсені айтқым келеді. Қой малы шариғатта бір жастан асқан болу керек құрбандыққа саналу үшін. Сондықтан биылғы төлдің бәрі құрбандыққа жарамайды. Яғни алты айдан асқан ірі тоқтылар ғана жарайды. Қозы, марқа қозылар биыл құрбандыққа жарамайтынын ескерте кеткім келеді", - деді ҚМДБ наиб имамы.

Айта кетейік, биыл Құрбан айттың бірінші күні 31 шілдеге сәйкес келіп тұр. Ал 30 шілде Арапа күні болады.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram