Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жолаушылар төтенше жағдай кезінде әуе қызметін пайдалану үшін арнайы ережені сақтау керегін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жолаушылар төтенше жағдай кезінде әуе қызметін пайдалану үшін арнайы ережені сақтау керегін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе байланысына тоқталайын. Бірінші кезекте күніне 4 рейс жасау жоспарланып отыр. Оның ішінде 2 рейс Air Astana, 1 рейс FlyArystan, 1 рейс SCAT компанияларына тиесілі. Олар билет құнын карантинге дейінгі деңгейде ұстауға міндетті. Ал жағдай түзелген соң рейс санын және ұшақ сыйымдылығын арттыру мәселесі қарастырылады", - деді ол "Хабар 24" телеарнасында өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, әуе тасымалы бас санитар дәрігер бекіткен санитарлық талап арқылы жүзеге асырылады. Жолаушылар бұл талапты сақтауы керек.
"Ұшу үшін жолаушыда COVID-19 вирусының белгісі жоқ екенін растайтын анықтама болуы керек. Анықтаманың жарау мерзімі пысықталып жатыр. Жеке қорғаныш құралдарын қолдану керек. Бетперде, медициналық қолғап. Қызуын өлшетіп, тиісті арақашықтықты сақтау керек. Әуежайда және ұшақта дезинфекция жасалады", - деді министр.
Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай режимі ұзаратынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 2835-ке жетті. 720 науқас жазылды, 25 адам қайтыс болды.