Шетелдіктер қазақтың бүркітін Америкаға апарып көрсетеміз, құс өнерімен таныстырамыз деп ұран тастады. Соған қазақтың киіз үйі мен қолөнерін апарып, көрме жасайық деген бастама көтерілді. Қазақ үйге мен жауапты болдым. Ұлттық мұрамызды паш етейік деп енді ұшқалы жатқанымызда елде теңге ауысып кетті. Бұл 1993 жылдың қарашасы еді. Мәскеуден қайта елге ұшуымызға тура келді. Киіз үйіміз кетіп қалды да, біз осылай жолда қалдық. Өзіміз фестивальға қатыса алмадық. Бұл тауарымыз үш ай өткенде ғана өз қолымызға тиді. Сөйтіп, 1994 жылдың басында президентіміз Америкаға баратын болып, мен жасаған киіз үй Вашингтондағы Ақ үйдің алдына тігілді. Алты ай тұрды сол жерде...
Шетелдіктер қазақтың бүркітін Америкаға апарып көрсетеміз, құс өнерімен таныстырамыз деп ұран тастады. Соған қазақтың киіз үйі мен қолөнерін апарып, көрме жасайық деген бастама көтерілді. Қазақ үйге мен жауапты болдым. Ұлттық мұрамызды паш етейік деп енді ұшқалы жатқанымызда елде теңге ауысып кетті. Бұл 1993 жылдың қарашасы еді. Мәскеуден қайта елге ұшуымызға тура келді. Киіз үйіміз кетіп қалды да, біз осылай жолда қалдық. Өзіміз фестивальға қатыса алмадық. Бұл тауарымыз үш ай өткенде ғана өз қолымызға тиді. Сөйтіп, 1994 жылдың басында президентіміз Америкаға баратын болып, мен жасаған киіз үй Вашингтондағы Ақ үйдің алдына тігілді. Алты ай тұрды сол жерде...
***
Мамандығы инженер-геолог, ал қазірде киіз үй жасаушы шебер, бизнесмен Мәлік Ғұсманов әңгімесін осыдан бастады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған тарихтағы екінші сапары еді. Сол сапардың нәтижесінде екі ел арасындағы Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойылған болатын. Өкінішке қарай, Ақ үй алдында тігілген киіз үйдің суреті кейіпкеріміздің өзінде сақталмапты. Шебердің ұлттық мұра, киіз үйдің бүгінгі ахуалы, ұлттық құндылықты бизнесте қалай дамытуға болатыны жайлы әңгімесін хатқа түсіріп, алдарыңызға қойдық.
Киіз үймен айналысып жүрген себебім - арғы атамыз Жүсіпәлі болыс болған екен. Сол кісі Романовтардың 300 жылдығына үлкен киіз үй сыйлаған. Санкт-Петербургке арнайы беріп жіберіпті. Біз сол, Жүсіпәлінің бес баласының бірінен тарағанбыз. Кәсіптің талайынан банкрот болып, қайтадан осы киіз үймен айналыса бастауым тегіннен емес. Атамыз Құспан шебер болған, тазы ұстаған. Аштық кезінде тазымен аң аулап, бір ауылды аман алып қалған екен. Яғни, бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ертедегі кәсібіміз. Ұлым да қазір бар шаруамның басым бөлігін өз қолына алды.
Геологтан қалай шеберге айналдым
Инженер-геолог болып жұмыс істегенде ел-елді араладық. Тастармен айналыстық. Тас қыштайтын және бұйымдар жасайтын цех аштық. "Өзім дегенде өгіздей қара күшім бар" дейді, сол кезде кәсіпкерлікпен айналысып, жан дүниемізге жақын нәрсемен айналыса бастадық. Ол кезде өндіріс жоқ, біздің айналысқанымыз сол тастардан керемет бұйым жасау болды. Осылай кәсіпті дөңгелетіп, дами бастадық. 4-5 жылдың ішінде жоғары дәрежеге жеттік.
1995 жылы елдегі кәсіпкердің барлығы шығынға ұшырап, банкрот болып жатты. Дағдарыс. Қазақстанда жұмыс жоқ, көлік жоқ, жағдай мүшкіл. Сонда АҚШ-қа барып, шетел көргенімнің бір пайдасы тиді. Онда жағатын отынды сыммен орап, кесіп-кесіп сатады екен. Бұл әдіспен бізде сексеуіл сатсақ қалай болар екен деп ойладым. Ойлағанымдай-ақ, іс оңға басты. Сексеуілді жүк көлігіне тиеп сатқаннан, майдалап кесіп, сыммен орап сатсаң көбірек пайда түседі екен. Көлікпен сатқандар 20 мың теңге пайда тапса, мен 40-50 мың ақша түсіріп отырдым. Үш айдың ішінде көлік міндім. Мейрамханаларға жеткізіп беруді бастадым.
Күндердің бірінде мейрамханаға отын апарсам, қазақ үйлер тұр екен. Сонда жүргендер маған "Қазақсың ғой, мына төрт-бес үйді жығып, басқа орынға салып берші" деп өтінді. Осы кезде бұрын геолог болып ел аралағанда тұратын палаткаларымыз еске түсті. Ол кезде бізге кейде киіз үй де беретін. Барлығымыз сонда киіз үйге таласатынбыз, себебі қазақ үй қыста жылы, жазда салқын, тамаша еді. Сол кезде құрып үйренгендіктен, мейрамханадағы киіз үйлерді жығып, басқа орынға қайта салып беру қиын бола қоймады. Көмекке дос жігіттерді шақырып, екі сағаттың ішінде жұмысты тындырып тастадық.
Киіз үй едені
Кейін мейрамхана иелері келіп таңданысын білдірген еді. Бұл 90-жылдар еді. Екі қол босап, миды жұмыс істететін заманда адамның демі ашылады екен, әркім өзінің жанына жақын, өзі қызығатын ісімен айналыса бастайды екен ғой. Бір бизнесмендер жаппай банк ашып, өсіммен қарызға ақша беріп жатса, біреулері арақ сатып кетті. Ал біз қолымыздан келер әрі жанымызға жақыны - қазақтың киіз үйін дайындайық деген шешімге тоқтадым.
Назарбаевқа да, Путинге де киіз үй сыйладым
Сол кезде арманымыз - бұрынғы ата-бабаларымыз жасаған ұлттық нақыштағы киіз үйді бүгінгі заманның талаптарына сай келетін, көзге де, жанға да жағымды болатын үй жасағымыз келді. Мен киіз үйді пайдалануға дайын, жиһазы толық, қажетті аспап-құралдарымен, кілемімен дайын тұрған күйінде дайындауды бастадым. Осындай сұхбаттардың бірінде өнімімізге бір кісі қызығып, арнайы жобалармен айналыса бастадық. Кейін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Ресейдің президенті Владимир Путинге киіз үй сыйладық.
Мәлік Құспанов ұлына уықты ию әдісін түсіндіріп жатыр
Уықтар қоймасы
Киіз үй қаңқасы
2006 жылы "Қазақтың үйі де, киімі де, тамағы да халал" деген ұранмен Малайзияның Куала-Лумпурында өткен фестивальге қатыстық. Шараға 87 елдің 500-ден аса фирмасы барып, өз өнімдерін таныстырды. "Бір қойдың етін берсек те, үшінші орын болса да алып қайтсақ" деп әзілдесіп отырғанымызда "Бас жүлде - Қазақстан!" дегенде аузымыз ашылып қалды. Ол шараға қазақтың нағыз екі киіз үйін алып барған едік. Іші-сыртын көмкеріп, әбден дайындықпен барған болатынбыз. Өзге елдің өнімдері қараусыз тұрғанда көрермендер біздің экспонаттарға келіп, кезекке тұрып жатты. Жеңіске жеткенімізге қуанғанымыз соншалық, бір киіз үйді Малайзия короліне, екіншісін сондағы елшімізге сыйлап кеттік. Түрлі шараларда Испан короліне де үй сыйлаған едім. Осылайша қазақтың үйін әлем жұртшылығына таныттық.
Киіз үйде у болмайды
Қазақтың киіз үйінде тері, ағаш, жүн, мақта ғана бар. Басқа ештеңесі жоқ. Бұрыш жоқ, ол болмаған соң ауа айналып тұрады. Өзіңіз білетіндей, бәле-жала аурудың бәрі бұрышқа жиналады. Жеңіл улы ауа түндіктен шығып кетеді де, ауыр у кереге астынан кетіп қалады. Қазақтың ою-өрнегінде барлығы да бар, табиғат та, жануарлар әлемі, ғарыш әлемі, пәлсапа тематикасы. Мәселен басқа елдің сызуында біреуінде өсімдік, бірінде жануарлар болса, қазақтың ою-өрнегінде бәрі де бар. Осыдан-ақ тектіліктің нышанын байқауға болады.
Киіз үй интерьері
Осындай керемет баспананы қалай әлемге дамытамыз? Оған насихат қажет. Ал насихат - елге таныту, тарату, осы жайлы айту. Бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына енген диаметрі 20 метр киіз үй моңғолдарға тиесілі. Мұндай алып киіз үй жасау қазақтың да қолынан келеді деп, енді біз одан да үлкен үй салып, рекордтар кітабына енгіміз келіп, осы мақсатта еңбектеніп жатырмыз. Амал не, "былай тартсаң арба сынады, олай тартсаң өгіз өледі", бәрі де ақшаға келіп тіреледі. Қазақтың мәдени мұрасы киіз үйді дамытамын деп келген ешбір қазақ жігітін көрмедім.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ
Шынын айтайын, киіз үйге, қазақтың ұлттық мұрасына қазаққа қарағанда шетелдіктердің қызығушылығы басым. Өз мәдени мұрасын, қолында не тұрғанын қазақ әлі танып білмей жатыр. Егер осы салада этноауылдар ашып, туризмді осы бағытта дамытатын болсақ, зор үлесімізді қосар едік.
Ою-өрнегі бар ілінетін суреттер
Киіз үй жасайтын зауыт ашылса, түрлі көлік сататын дилерлер секілді біз де киіз үй салонын ашып отырсақ, өзімізге пайдалы. 30 жылғы тәжірибеммен осы жолда еңбектенуге, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге даярмын. Бұл белгілі бір адамның емес, ұлттың, халықтың жобасы болар еді. Бұл іс оңға басып кетсе, әлемге қазақтың дүниетанымын, байлық мұрасын көрсететін нағыз шедеврлерді жасауға болады. Бұл мұра бүгін де, ертең де емес, 200 жылдан кейін қандай мұра боларын елестете беріңіз. Мәселен, Жәңгір ханның І Николайға сыйлаған киіз үйінің фрагменттері Майндағы Франкфуртте әлі күнге сақтаулы тұр.
Бізде тігіліп жүрген көп киіз үй қазақтыкі емес
Киіз үйді қазақтан басқаның барлығы дамытып жатыр. АҚШ-та да, Еуропада да, бар әлемде айналысып жатыр. Қазақтың нағыз киіз үйін жасамаса да, бұл кәсібімен олар қыруар ақша тауып жатыр. Қазақтар жалқау болып кетті ме екен... Шетелден келген қазақ бауырлар пысық көрінеді. Солар қазір талпыныс жасап, елімізде ұлттық мұраны насихаттау жұмысы жаңғырып келеді. Алайда осы салада жүргендердің біразы нағыз қазақтың киіз үйін сатып жүрген жоқ.
Неміс ғалымдары ертеден-ақ "По конструктивным особенностям казахской юрте нет аналогов" деп сипаттама берген. Біріншіден, моңғолдың киіз үйінде иін болмайды, тік таяқты қоя салады. Ал бізде жігіттің білек күшімен майлы ағашты иеді. Қырғыздың киіз үйінде иін кішкентай ғана болады.
Оны айтасыз, тіпті өз еліміздің өңірлерінде де киіз үй әр түрлі болып келеді. Мәселен, шығыс жақтыкі моңғолдың үйіне ұқсатып, жалпайта тігеді, ал Жетісудың үйлері жаңбыр көп жауатындықтан басы үшкір болып келген, көшіп-қонып жүргенге де ыңғайлы, ал берік тор көз үйлер батыста. Ұлттық мұрамызды дамытамыз десек, бұған тарихқа көз жүгіртіп, зерттеу жүргізіп, аса ыждаһатпен келуіміз керек.