ПОДЕЛИТЬСЯ
04 июня 2019 | 12:47
Бензин құю кезіндегі алаяқтықтан қалай сақтануға болады
Қазақстандық жүргізушілердің қайсы болсын жанармай құю бекетіндегі алаяқтықпен кездескен шығар. Желілерде де бензиннің орнына "ауа" құйып жатқан немесе аппаратта шот жүріп жатқанымен, расында бензин құйылмай жатқаны түсірілген талай атышулы видеолар таралған. Осындай алаяқтарға тап болғандардың бірі - алматылық Орынбасар. Ол 15 литр бензин құймақшы болған екен. Алайда оған 11 литр бензин ғана құйылған болып шықты.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстандық жүргізушілердің қайсы болсын жанармай құю бекетіндегі алаяқтықпен кездескен шығар. Желілерде де бензиннің орнына "ауа" құйып жатқан немесе аппаратта шот жүріп жатқанымен, расында бензин құйылмай жатқаны түсірілген талай атышулы видеолар таралған. Осындай алаяқтарға тап болғандардың бірі - алматылық Орынбасар. Ол 15 литр бензин құймақшы болған екен. Алайда оған 11 литр бензин ғана құйылған болып шықты.
Орынбасардың айтуынша, ол таяуда жанармай құю бекетіне барып, 15 литр бензин құймақ болған. Өзімен бірге екі канистрі болған екен, біреуі - 10 литр, екіншісі - 5 литр. 15 литрге тапсырыс беріп, екі канистр де толады деп ойлаған ол ақырында екінші канистрдің мүлде толмай қалғанын айтады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ақшаны қайтарып алуға бола ма? Алаяқтарды қалай анықтауға болады? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне ОСА бірлестігінің басшысы Руслан Лазута айтып берді.
Канистр
Руслан Лазута бензин сыйымдылығы көрінетін канистрлерді таңдауға кеңес береді. Алайда олай болмаған жағдайда, маманның айтуынша, өз бетінше тексеріп көруге болады.
"Сыйымдылығы көрсетілетін, яғни қанша литр бензин құюға болатыны белгіленген канистрлерді қолданған жөн. Бұл жағдайда үйге келіп, нақты қанша литр құйылғанын есептеп білуге болады. Әрине, бұл ыңғайлы әдіс емес. Дегенмен алаяқтарды анықтаудың бірден-бір жолы осы. Себебі бакта ештеңе көрінбейді, онда қанша литр құйылып жатқанын көзбен есептеу де мүмкін емес. Тағы бір ескеретін жайт, түбіртекті үнемі сақтап жүру қажет.
Маманның айтуынша, бензин жеткіліксіз мөлшерде құйылса немесе сапасыз болса, олар бірінші кезекте түбіртекті талап етеді.
Түбіртек
Руслан Лазута бензин құюдағы алаяқтықты дәлелдеудің екінші бір жолы түбіртек екенін айтады. Айтуынша, түбіртек - сіздің дәл сол уақытта, дәл сол бекетте жанармай құйғаныңызды дәлелдейтін жалғыз құжат.
"Бензин сапасына және бағасына сәйкес келмесе немесе бензин құйылған соң көлікте қандай да бір ақау пайда болса міндетті түрде оның барлығын фото, видеоға түсіру қажет. Мысалы, қозғалтқыш істен шықса немесе нашар жұмыс істеп, шу шыға бастаса видеоға түсіріп, түбіртекпен бірге сол бекетке бару қажет. Мұнда ең бастысы - барлығын уақтылы видеоға түсіріп алу", - дейді ол.
Осы материалдар болған жағдайда бекет басшылығына сотқа дейінгі шағым түсіруге болады дейді.
Қалай өтемақы өндіруге болады?
Бірінші кезекте, маманның айтуынша, соңғы рет жанармайды қай бекетте құйғанын ұмытпауы тиіс. Сондай-ақ, Руслан Лазута белгілі бір жанармай құю бекетінің қызметін ғана қолдануға кеңес береді.
"Қандай да бір заңбұзушылық жағдайы анықталса, барлық құжатты (түбіртек, фото, видео) жинап, полицияға шағымдану керек. Қылмыстық іс аясында (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, "Алаяқтық") ғана өтемақы өндіріп алуға болады. Не болмаса, азаматтық-құқықтық қатынастар негізінде талап етуге болады. Жанармай бекеттерінде алаяқтық болған жағдайда моральдық өтемақы өндіру мүмкіндігі бар. Ең бастысы - жүргізушілер ерінбеуі тиіс", - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабы ("Тұтынушыларды алдау") бойынша, қызмет көрсетушілерді жазаға тартуға болатыны айтылады.
Маман алаяқтық көбіне бакты толықтай толтырғанда жасалады екен. Ал егер тек 10 немесе 20 литрге толтырсаң, алдану қаупі төменірек дейді.
Показать комментарии
Читайте также