РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
30 ноября 2020 | 10:00

"Басында сенбедік" - дипломаттар Моңғолияда 20 жыл құжатсыз жүрген отандасымыз туралы

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Анимация: pixabay.com

Моңғолияда 20 жыл құжатсыз жүрген қандасымыз Сәуле Сыздықова туралы жазғанбыз. Отандасымыз қазір туу туралы куәлік алу үшін Нұр-Сұлтанға келді. Өзге елден атажұртқа оралуына көмектесіп, бір жылдай жан-жаққа хат жазып, "үміт отын жаққан" Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігіне Tengrinews.kz тілшісі хабарласып, мән-жайды сұрады.


Моңғолияда 20 жыл құжатсыз жүрген қандасымыз Сәуле Сыздықова туралы жазғанбыз. Отандасымыз қазір туу туралы куәлік алу үшін Нұр-Сұлтанға келді. Өзге елден атажұртқа оралуына көмектесіп, бір жылдай жан-жаққа хат жазып, "үміт отын жаққан" Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігіне Tengrinews.kz тілшісі хабарласып, мән-жайды сұрады.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев алғашында қандасымыздың "әңгімесіне" сенбегенін айтты.

"Басында Сәуле өзінің ешқашан құжаты болмағанын, осында 20 жылдан аса тұрғанын айтқанда сенбедім. Себебі Кеңес Одағы кезінде туып-өскен адамдардың бәрінде туу туралы куәлігі болуы керек деп ойлаймын. Оның үстіне ол Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда тұрған. Тағы Моңғолияға келу үшін Қазақстан шекарасынан, Ресей және Моңғолия шекарасынан өту керек. Біреудің құжатымен өтті ме, әлде жалған құжатпен өтті ме деген ой болды. Осылайша Сәулемен танысып, Қазақстанда тұратын әпкесі Сәниямен сөйлескеннен кейін Сәулеге көмектесуге бел байладық. Ешқандай құжаты жоқ адамның Қазақстанда тұруы қиын, ал бөтен елде екі есе қиын деп ойлаймын. Сөйтіп консулдық бөлім елдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хат жазып, Моңғолия тарапына бірнеше рет хабарласып, әр қағаз біз үшін жеңіс болды", - деді елші.

Ал елшіліктегі консул Шынар Жұматаева "Сәуле Сыздықованың 2019 жылы келгені әлі күнге есінде" екенін айтты.

"Өз басынан өткен оқиғасын айтып, Қазақстан азаматы екенін анықтауға көмек сұрағаны осы күнге дейін көз алдымда. Басында мен де сенбедім. Қалай адам 20 жыл бойы құжатсыз өмір сүреді деген қаперіме де кіріп-шықпады, шынын айту керек. Мен үшін мүмкін емес сияқты болып көрінді. Содан соң тиісті сауалнаманы толтырғаннан кейін, Сәуленің айтуы бойынша елшіге жағдайды жеткіздім. Кейін көп ақылдастық. Барлық мәселені көріп, басынан өткен оқиғасын естігеннен кейін Жалғас Жұмаұлы (елші - еск.) "Шынар, қаншалықты мүмкін болса, соншалықты көмектесіп көрейік, тырысайық" деді. Сол елшінің шешімінің арқасында құжат жинау басталып кетті", - деді консул.

Жалғас Әділбаевтың айтуынша, елшілік қызметкерлері Сәуленің үйіне барып, күйеуінің туыстарымен танысқан. Моңғолияның көші-қон полициясы да түсіністік танытып, көмектескен.

"Баян Өлгей аймағына іссапармен барғанда үйін көрдік. Тұрмысымен таныстық. Қалай тұратынын көріп, жолдасының туыстарымен сөйлестік. Күйеуінің ағасымен әңгімелестік. Сол кісінің құжаты дұрыс болған соң Сәуленің күйеуі қайтыс болғанда балаларға қамқорлық заң жүзінде сол кісінің мойнында екен. Екіншіден, біз Сәуленің сөзіне сенгенімізбен, айналасындағы адамдардан, ресми органдардан сұрап-білуіміз керек. Сондықтан Моңғолияның Баян Өлгейдегі көші-қон полициясының басшысымен кездестік. Ол кісі көп көмектесті. Айта кету керек, моңғол тарапының көші-қон органдары қандастырамызға жақсы қолдау көрсетеді. Сөйтіп бір жылдан аса уақыттың ішінде қажет құжаттарды жинадық", - деді ол.

Шынар Жұматаева "әр құжатты іздеу қиынға соққанын" атап өтті.

"Қағаз жазбаған жеріміз жоқ, хабарласпаған адамымыз жоқ. Көші-қон саласындағы, басқа консулдармен осындай оқиға туралы ақылдастық. Әйтеуір 7 ай өткеннен кейін бір қағаз таптық. Сәуленің бұрын өмір сүрген Ақмола облысы Балталы деген съезде архивте жазба қалған екен. Сол жазбаның көшірмесін алғыздық. Моңғолия мемлекетінің көші-қон қызметіне осы елдің азаматтығын алған-алмағаны туралы сұрау салдық", - деді ол. 

Моңғолияның құзырлы органдары елде заңсыз жүргені үшін қылмыстық іс қозғау туралы мәселе де көтерген. Алайда дипломаттар оларға жағдайды түсіндіріп, өтініш айтқаннан кейін Сәуле Сыздықоваға тек айыппұл салынған.

"Моңғол тарапы бұл жағдайды естіген кезде жерінде басқа елдің азаматы 20 жыл заңсыз тұрып келген дегенге таңғалды. Бірақ басында қылмыстық іс қозғаймыз деген сөз болды. Көші-қон полициясының қызметкерлерімен, басшыларымен жеке сөйлесіп, "біз де адам баласымыз, осындай жағдай болған екен. Осы адамға көмектесіп, мейірімділік танытсаңыздар екен" деп өтініш білдірдік. Оларға үлкен рақмет. Өтінішімізді жерге қалдырмады. Сәулеге тек айыппұл салынды. Соның негізінде Сәуле Моңғолия азаматтығын қабылдамағаны жөнінде құжатын алдық. Бұл жерде елшіліктің ұжымы болып, Сәуленің Қазақстанға қайтуына кішкене болса да, көмегіміз тиді деген ойдамын", - деді Шынар Жұматаева.

Консулдың айтуынша, Моңғолияның көші-қон қызметінен алынған ресми ақпаратқа сәйкес, 1994 жылдан бүгінге дейін Моңғолиядан 60 мыңға жуық қандасымыз Қазақстанға көшіп барып, Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Моңғолияда әлі 120 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Соның енді 60 мыңы Қазақстанда болды дегеннің өзінде әрбір отбасының Қазақстанда туыстары бар. Баян Өлгей аймағы Қазақстанмен тығыз байланыста. 

Алайда Шынар Жұматаева ол жақта "құжаттарын реттей бермейтін, немқұрайды қарайтын қандастарымыз көп".

"Әрқайсының жеке басының мәселелері бар. Моңғолияда жүрген Қазақстан азаматы келгенде барлығының дерлік құжат мәселесі бар. Тек 4-5 адамның құжаты дұрыс болған шығар. Саусақпен санап бере аламын. Қалғандарының құжаты дұрыс емес. Біреуінің мерзімі өтіп кеткен, екіншісінің төлқұжатын жоғалтқанына 4-5 жыл өткен, үшіншісі Қазақстанға барып, Қазақстанда тұруға ықтиярхатын алып, қайтып Моңғолияға келіп, бұл жақтың төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен жағдайлар бар. Ол төлқұжатты ауыстырамын деп жүргенде ықтиярхаттың мерзімі өтіп кеткен. Қазақстаннан Моңғолияға келіп балалы болған отбасылар да бар. Өздері Қазақстан азаматы бола тұра, елшілікке келіп, балаларына туу туралы куәлік алудың орнына Моңғолияның туу туралы куәлігін алып, одан ол баланың құжатын азаматтыққа өткізу, біз осы Моңғолияда тұра береміз деген сияқты жағдай көп. Құжаттарын реттей бермейтін, немқұрайды қарайтын қандастарымыз көп. Бұл халықтың құқықтық тұрғыдан сауатының төмендігін көрсетеді деп ойлаймын", - деді ол. 

Дипломаттың сөзінше, Моңғолиядағы консулдық есепте Қазақстанның 90-ға жуық азаматы бар.

"Олардың құжатының мерзімін қарап, қадағалап отырамын. Әрдайым кеңес береміз, оны тыңдайтын адам да бар, мән бермейтін адам да бар. Сәуленің оқиғасын баяндап, хат жазғанда осы жақта өткізген әр күнін ой елегімнен өткізіп, тізбектеп жаздым. Әр мемлекеттік қызметкер өзінің жанының бір бөлшегін салады десем болады. Адамның басынан өткен жағдай терең түсінбей, ол хатты жазу оңай емес. Біреулер хат жаза саласың ғой деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Мұндай хат жазып, оған жауап алудың өзі өнер шығар. Сондықтан Сәуленің тағдыры басқа адамдарда қайталанбаса да тілеймін. 

Біз Сәулені елге жібердік, енді не болса о болсын деп қойған жоқпыз. Қазақстанда үкіметтік емес ұйымның басшысы Ольга Рыль деген азамат бар. Сол кісіге хабарласып, мән-жайды айтып, көмектесуін сұрап, өтініш білдірдім. Ол кісіге де рақмет. Сөзімді жерге қалдырмады. Қазақстанға кеткеніне 1 ай болып қалды. Енді құдай амандығын берсе, Сәуле Сыздықованың Қазақстан азаматы екені растайтын құжаты түгел болады деп үміттенемін", - деді Шынар Жұматаева.

Ал елші Жалғас Әділбаев қазақстандықтарға құжатқа мұқият болып, шетелге шыққанда әрдайым елшілікпен байланыста болуға кеңес берді.

"Айта кетуіміз керек, әркім өз құжатына мән беруі керек. Жеке куәлікке, төлқұжатқа қол жеткізе алмай жүргендер көп. Әсіресе, шетелде құжатсыз жүру оңай емес. Ол адамның көңіл-күйіне, тағдырына көп әсер етеді. Сәуле де содан қиындық көрді деп ойлаймын. Болашақта ол құжатына сақ болатынын айтты, сенеміз. Сәуленің тағдырына ұқсас азаматтар бар. Бұған дейін де біз екі адамды елге қайтардық. Сондықтан елші ретінде қазақстандықтарға әрбір қандасқа, Қазақстан азаматына көмектесуге дайынбыз. Құжатқа сақ болыңыз деп кеңес айтқым келеді. Дегенмен де қазақстандықтар әрдайым елшілікпен байланыста болуы керек", - деді дипломат.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети