Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Отырыс барысында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Президент баспана, мектеп, экономика мәселелерін көтерді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың бүгінгі тапсырмалары туралы баяндайды.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Отырыс барысында Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Президент баспана, мектеп, экономика мәселелерін көтерді. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың бүгінгі тапсырмалары туралы баяндайды.
"Бізге "семіз" цифрлар қажет емес"
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен әкімдердің сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстарын сынға алды.
Мысалы, былтыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңге болған. Жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллион теңге немесе қаржының 52 пайызы бөлінген. Экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған.
"Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап береді. Бұл орайда бізге "семіз" цифрлар қажет емес. Маңыздысы - дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын", - деді Президент.
Елдегі интернет сапасын сынға алды
Тоқаев Қазақстандағы байланыс пен интернет сапасын да сынға алды.
"Тағы бір мәселе - интернет жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңартылып отырады. Ал интернет жылдамдығы мен сапасы ресми мәлімдемеден нашар.
Үкіметке осы салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нақтылы параметрлердің мәлімделгендерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын", - деді Президент.
"Басшылардың бір көлігі үшін 6 миллион теңге шығындалады"
Мемлекет басшысы орган басшыларының автокөліктерін де сөз етті. Оның айтуынша, Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы шығындалады екен.
"Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы шығындалады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл тәжірибе біздің елде де, нақты айтқанда елорда әкімдігінде қолданылған. Мұндай әдіс "Самұрық-Қазына" қорында апробациядан сәтті өтті. Бұл қызметтік көліктердің санын едәуір қысқартуға және әкімшілік шығындарды 1,5 миллиард теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді. Үкіметке Президенттің Іс Басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың басшыларын қызметтік көліктермен қамтамасыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл жұмыс нақты қысқартуды қажет етеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Жайылымдарды ауыл тұрғындарына берген жөн"
Сонымен қатар Президент Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды. Осыған байланысты Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қарашаға дейін түзетулерді қабылдауды тапсырды.
Тоқаев жайылым мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады екен.
"Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баспана бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды
Президент экология мәселесін де ұмытпады. Ол экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек екенін айтты.
"Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған "Жасыл Қазақстан" Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру - маңызды міндеттердің бірі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақстандықтардың баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастамаға да тоқталды. Ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен бағалардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Президенттің пікірінше, мемлекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу жөнінде тапсырма берілді.
Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер көтерілді
Денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі де Президенттің ерекше бақылауында. Пандемия кезінде аталған жүйе күрделі сынақтан өтіп, саладағы барша олқылық айқын көрінгені атап өтілді. Өткен жылы 156 ана өлімі тіркеліп, өлім-жітім 2,8 есеге артқан.
"Үкіметке облыс әкімдіктерімен бірлесіп және кәсіби қауымдастық мүшелерін тарта отырып, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында инвентаризация жүргізуді тапсырамын. Бұл ретте, босандыру және жансақтау бөлімдеріне, олардың медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен, қажетті бұйымдармен қамтамасыз етілуіне басымдық беру керек. Бас Прокуратураға осы мәселе бойынша іріктелген тексеру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Оның қорытындысы бойынша кінәлі адамдарға қатысты шара қабылдау қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Ол үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырды.
Биыл 200 мектеп салу
"Бүгінде оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру - тәжірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары - 67 сағат. Ал Финиляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі - 39 сағат, АҚШ-та - 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық берген жөн", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулық әзірлеп, оны енгізу керек. Nur Otan партиясының сайлауалды тұжырымдамасында 2025 жылға дейін жаңа 800 мектеп салуға уәде берілген. Президент осы жұмысқа шұғыл кірісуді және биыл 200 жаңа мектеп салуды тапсырды.
Сондай-ақ, Тоқаев қазақстандық мектеп кітаптарының сапасы нашар екенін айтты. Мемлекет басшысы тарих бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын енгізуді тапсырды.