30 января 2020 | 12:51

"Бананнан жұғады", "Мәйіттерді өртеп жатыр". Коронавирус туралы Қазақстанда тараған фейктер

Қытайдың Ухан қаласында шыққан коронавирус туралы қауесет әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатыр. Желіде дерт туралы алып-қашпа әңгіме көп айтылып жүр. Мысалы, қауіпті індет Қазақстанда да тіркелген немесе ол елде банан арқылы тарап жатыр деген секілді қауесеттер бар. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты фейк-ақпараттарды жинап шықты.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қытайдың Ухан қаласында шыққан коронавирус туралы қауесет әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатыр. Желіде дерт туралы алып-қашпа әңгіме көп айтылып жүр. Мысалы, қауіпті індет Қазақстанда да тіркелген немесе ол елде банан арқылы тарап жатыр деген секілді қауесеттер бар. Tengrinews.kz тілшісі коронавирусқа қатысты фейк-ақпараттарды жинап шықты.

"Қапшағайда екі адам коронавирус жұқтырған" - фейк

Реклама
Реклама

29 қаңтарда Whatsapp мессенджерінде белгісіз біреулер Қапшағай ауруханасына коронавирус жұқтырды деген күдікпен екі адам түскені жайлы ақпарат таратқан.

Тексеріс кезінде оның өтірік екені анықталды. 

"Жедел іздеу іс-шарасы барысында екі күдікті ұстап, Қапшағай қалалық полиция бөліміне жеткізілді. Екеуі де жергілікті аураханада жедел жәрдем жүргізушісі болып жұмыс істейді. Екі ересек адамның өтірік ақпарат таратуына не себеп болғаны тергеу барысында тіркеледі", - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінде. 

"Қазақстанда коронавирус тіркелді" - фейк

Соңғы күндері желіде еліміздің кей аймақтарында науқастардан коронавирус табылғаны туралы қауесет тараған. Кеше Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бұл қауесеттерді жоққа шығарды.

"Қызылордадағы қауесет бойынша. Науқас ауруханаға дене қызуы және бас аурымен түсті. Белгілі болғаны, ол жуынған соң вагонда ашық терезе астында ұйықтап қалған. Жақында Хайнань аралынан келген соң бөлек боксқа жатқызылды. Қазіргі уақытта науқас жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйесі ауруларына шағымданбайды. Қызуы жоқ, қажетті диагностиканың бәрі жасалды", - деді Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ал Жамбыл облысында коронавирус жұқтырды деп таралған екі науқасқа қатысты бас санитар дәрігер мынадай пікір білдірді: "ЖРВИ диагнозы қойылды, жағдайлары қанағаттанарлық, дене қызуы қалыпты". 

Коронавирус табылды деген қауесет Алматы облысында да тарады. Бірақ Бекшин бұл қауесетті де жоққа шығарды.

"Алматы облысы бойынша, тұрғындардың жағдайы қалыпты. Панфилов аудандық ауруханасында тексеруден өтті. Қазір оларды ауруханадан шығару мәселесі шешіліп жатыр", - деді ол.

Желіде "Короновирус Алматыға келді" деген мәтінмен видео тараған. Бірақ Алматы облыстық әкімдігі видеодағы оқиғаның Талдықорған инфекциялық ауруханасында болғанын және оның оқу-жаттығу екенін мәлімдеген. 

"Көкшетауда Қытайдан келген отбасы коронавирус жұқтырған" - фейк

28 қаңтарда Көкшетауда бес адамнан тұратын бір отбасы аурухананың инфекциялық бөліміне түскен болатын. Отбасы жақында Қытайдан ұшып келген. Сондықтан мессенджерлерде олардың сол жақтан вирус жұқтырып келгені туралы мәлімет тараған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарды.

"Облыстық көпсалалы балалар ауруханасына түскен науқастардан А типтегі тұмау анықталды. Короновирус инфекциясы расталған жоқ. Оны Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жасаған сараптамалар нәтиже көрсетті", - деді ведомство өкілдері.

"Қауіпті індеттен барлық базар жабылды". Қытайдағы қазақ елдегі жағдайды айтып берді

"Алматы дәріханаларында маска тапшы" - фейк 

Желіде Алматы дәріханаларында медициналық маска тапшы деген алып-қашпа әңгіме тараған. Бірақ артынша Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі бұл қауесетті жоққа шығарды.

Ведомство қалада маскалар саны жеткілікті екенін, күн сайын қоймаға жаңалары келетінін мәлімдеген болатын.

"Қалада маска жетіспейді деп, дүрлікпеуді сұраймыз", - деген еді ҚР фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының директоры Марина Дурманова.

Кейін Министрлік шұғыл түрде 3 миллионнан аса түрлі медициналық маска сатып алғаны хабарланған.

"Коронавирус банан арқылы тарап жатыр" - фейк

Әлеуметтік желі мен WhatsApp мессенджерінде банан коронавирус жұқтырады деген мәлімет тараған. Автор елдің оңтүстігінен әкелінген жемістердің қауіпті екенін айтады. Мұны денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.

"Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде Қазақстанның оңтүстігінен жеткізілген банандардың вирус жұқтырғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Авторлары бұл жемісті жегенде сақ болу керек екенін айтқан. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Қазақстада банан жеп, вирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ", - дейді комитеттің баспасөз қызметі Ержан Байтанаев.

"Жарқанат сорпасы немесе жылан". Мамандар коронавирустың неден жұғатынын атады

"Коронавирустан қаза тапқандардың денесін өртеп жатыр" - фейк

Желіде коронавирустан қаза тапқандардың денесін пеште өртеп жатыр деген ақпарат тараған еді.  Бірақ денсаулық сақтау министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды.

"Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде коронавирус жұқтырғандар саны миллионға жеткені, сондай-ақ қаза тапқандар мыңнан асқаны, олардың денесін жаппай пеште өртеп жатқаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды", - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеген.

AliExpress, банан және алкоголь: Коронавирус туралы кең таралған фейк жаңалықтар

Еске салайық, Қытай билігі 2019 жылы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухан қаласында белгісіз вирустың тарай бастағанын хабарлаған. Мамандар Ухан қаласындағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеп, вирустың қайнаркөзі сол базарда сатылған жабайы жануарлар болғанын анықтаған.

30 қаңтардағы жағдай бойынша, Қытайда коронавирустан қаза тапқандардың саны 170-ке, ал вирус жұқтырғандардың саны әлем бойынша 7711-ге жеткені хабарланған.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram